Брусиловский биік бағалаған Би-ағаң

Қазақ музыка өнерінде еуро­палық бағыттағы шы­ғар­машылық мектептің қал­ыптасуына үлкен үлес­ қос­қан тұлға, кәсіби музыкант, композитор Евгений Брусиловскийді таныстырып жатудың өзі артық бо­лар.

Саналы ғұмыр­ында 9 опера, сонша симфония, 2 балет, оркестрге арнал­ған дү­н­иелерін, әндері мен романстарын қосқан­да жиыны 500-ге тарта ту­­ын­ды қал­дыр­ған ол – қа­з­ақтың алғашқы гим­н­інің авторларының бірі. Екі жүз елуден астам қазақ­тың ән-күйін жазып алған этнограф-музыкант ретіндегі еңбегі өз алдына.

Қазақтың алғашқы операсы «Қыз Жі­бекті» жазған автордың көрнекті жазушы, драматург Бейімбет Майлиннің «Жалбырын» да сахнада тірілтті емес пе?! Ал «Жал­­быр» 1936 жылы өткен  қазақ әдеб­и­е­ті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігінде қойылған екі операның бірі болғаны бүгінде көп айтыла бермейді. Компози­тор­дың аз уақытта көп іс тындырғанына кез­ін­де «халықтар көсемі» Сталиннің өзі назар аударған екен. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. 

Заманының ең жоғарғы атақтары КСРО Мемлекеттік сыйлығы  (1948 жылы) мен Қазақстан Мемлекеттік сый­лы­ғына (1967 жылы) ие болып, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерін кеудесіне таққан даңғайыр – қа­зақ­тың танымал тұлғалары туралы да тамаша естеліктер қалдырды.  Оның бұл жазбалары ұлт мәдениетінің жаңаша қалыптасу кезеңінің шежіресі іспетті. Қазақ оқыр­ман­дарының қолына «Дүйім дүлділдер» деген атпен тиген («Өлке» баспасы, 2021 жылы аударған Сапар Байжанов) бұл кітаптан Темірбек Жүргенов, ағайынды Ахмет, Құдайберген Жұбановтар, Затаевич, Иса Байзақов, Жамбыл Жабаев, Дина Нүрпейісова, Қамбар Медетов, Жаппас Қаламбаев, Махамбет Бөкей­ханов, Мұқан Төлебаев, театрдың тұң­ғыш­тары Жұмат Шанин, Манарбек, Құрманбек, Қаныбек, Елубай, Шара, Күләш пен жазушылар Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов тағы басқа тұлғалар жайлы құнды деректерді кездес­тіреміз. Естелік авторы Би-ағаң туралы да арнайы тоқталып өтеді. Енді сол Евгений Гри­горьевичтің сөзінен үзінді келтірсек...

«...Майлиннің сырт пішінін суреттеу қиын. Оның өзгелер секілді аса көрнекті дейтіндей ештеңесі жоқ. Бойы ортадан сәл жоғарылау. Азын-аулақ қорасан дағы­ның ізі бар шұбарлау жүзінде сергек қа­рай­тын жарқын жанары, бітімі сұлу дейтіндей емес, тәмпіштеу мұрыны бар-ау. Сәл ғана ширатылып тұратын қара күрең шаштары басын түгелдей айқара көміп тұрғандай. Әңгімелесіп отырған сәттер­інде Бейімбет шашының шиыршықталған ұшын ширата бұрап отыруды ұнататын. Ол тумысынан прозашы еді, бірақ та қатал тағдыр оның дарынын еркін ашуына мұрсат бермей кетті...

Оның «Шұға» атты повесі театрымыз­дағы «Шұға» қойылымына нұсқа болды», – дей­­ді Ленинградтан Алматыға жолдамамен келген композитор қазақ жазу­шы­сы­ның асқан қабілетін аса жоғары бағалап. («Дүйім дүлділдер» 135 бет). «Шұға» сп­ек­­­так­лі туралы сөз сәл кейінірек, естелікті жалғастырайық. 

«Ендігі жерде ол «Жалбыр» повесі бо­йын­ша жасалған басқа пьесасын ұсынып көрді. 

Бұл қазақтардың 1916 жылғы көтері­лісін бастаушылардың бірі Жалбыр жай­ын­дағы хикая болатын. Жалбыр шынында да өмір сүрген, тарихи тұлға деген пікір болды. Бұл әлеуметтік мазмұны өзекті пьеса болатын. Мұнда қазақ шаруа­лары­ның байларға қарсы стихиялы күресі, орыс самодержавиесінің отаршылдық ез­гісі, жас жүректердің трагедиялы махаббаты және Жалбыр атты ұстаның қаһар­мандық өмірі көрсетілген»,– дейді Брус­иловский. Бұдан бірі қаламгер, бірі сазгер интеллигенция өкілдерінің бір-бірін биік ру­хани деңгейде танып, түсініскенін көр­еміз. 

Осы жерден естеліктің тізгінін ірке тұр­ып, «Жалбыр» жайына тоқталсақ. «Жал­быр» пьесасы – Бейімбет Майлиннің көзі тірісінде жарық көрген ең соңғы кітабы болуы мүмкін. Филология ғылым­дарының докторы, бейімбеттанушы Серік­­қали Байменше өндiрiске тапсыр­ылған және басуға қол қойылған мерзiмiне қарап, осылай деп меңзейді. «Бейімбет мұралары» атты мақаласында ғалым көп­теген деректер келтіреді. «...Бейімбет бы­лай дейді: «Мен пьесада 1916 жылдың таптық көтерiлiсiнiң сырын ашуға тырыс­тым, езiлген, қанауда келген кедей, батыр­ақ көпшiлiгiнiң қол ұстасып патшалыққа, патшаға арқа сүйеген бай-болыстарға қар­сы шын ашынып, майданға түскенiн сурет­темек болдым. Жалбыр дейтiн кiсi бұрынғы Қостанай уезi Дамбар болысын­дағы кедей едi. 1916 жылғы көтерiлiсте осы кiсi бастап атқа мiндi. Қостанай уезiнiң бiрнеше болыстары бiрiгiп, Торғай уезiндегi Амангелдi көтерiлiсiне атсалыспақшы болды. Бастап атқа мiнгенде бүкiл Торғай өлкесiне атышулы алаяқ, Романовтың 300 жылдық тойына Қостанай уезiнен өкiл боп барған, шен алған Сайым Қадыров дей­тiн болысты өлтiрдi. «Жал­­быр» пьесасына негiз боп алынған оқиға мiне осы едi. Музыка театрына арнап жазған пьеса бол­ғандықтан бұл сияқты тарихи нәрсенi толық ұйыстырып беру оңай жұмыс болмады. Бұған бiр жағы театрдың жастығы, режиссерлердің тәжiрибе­сiздiгi болды. Пьеса көлемiн театрдың бойына шағын­дап қайта iстеуге тура келдi».

Анығында, тарихта бол­ған Жалбыр Құдайбергенов есiмiн әдебиетке Бейiмбет Майлин алып келдi. Жиырмасыншы жыл­дары жазушы шығармашылығында Мыр­қымбай қандай орын алса, отызыншы жылдары Жалбыр есiмi сондай биiк­ке көтер­iлдi», – деп пайымдайды бел­гілі бейімбеттанушы жоғарыда аталған зерт­теуінде. 

 «Бұл секілді кең құлашты қиын тақырыпты меңгеруге біздің жас теа­тр­ымыздың қауқары жете қоймаған еді. Біздің театрымызға лирика­лық тақыр­ып­тар оңай көрінетін» – деп сабақтайды Брусиловский. Одан әрі х­алықтық революцияшыл әндерді табу­дың сәті түсе қоймағанын, сол себепті спектакльге арқау етіп нағыз патриоттық ән «Елім-айды» алғанын жазады. Сәті түскенде Ахмет Жұбанов та кенеттен ықыласы ауып, И.Шаймерденовтен жазып алған Иманжүсіптің «Сарыарқа», Мәдидің «Қаракесегін» бере қояды. Әдетте, Ахмет Қуанұлы өзі жазып алған дүние­­лерге өте мәттақам, сараң болса керек. «Сары­арқа» Жалбырдың мінезіне дөп үйлесіп кетеді де, басты рөлдегі Құр­ман­бек Жандарбеков жігерлі әнді кел­іс­тіре орындайды. Ал «Қаракесекті» композитор порт­феліне салып, бола­шақ­қа «тұздық» қыл­ып сақтап қояды.  

Брусиловский операда «Жалбыр­дың» өзекті әні ретінде Ақан серінің «Құла­герін» пайдаланады. «Бұл ашумен буыр­қанған кектің әні, қысқа ғана, бірақ өте әсерлі ән», – дейді естелік авторы. Спек­такльді даярлау кезінде қызықты оқиғалар да аз болмайды. Бас режиссер Жұмат Шаниннің жүйкесін жұқартқан жайттар көп кездесіпті. «Жалбыр» әжеп­тәуір жақ­сы өтеді. Сыншылар қауымы спектакльге жылы пікірлерін жаудырады. 

Аз ұжым, көп еңбекпен жасалған ең­бек жемісін береді. Мәскеудегі Қазақ әде­биеті мен өнерінің бірінші онкүндігінде оң бағасын алады. «Қыз Жібек» пен «Жалбырды» кеңес астанасының көрермендері жақсы қабылдайды. Негізгі оқиғасы Қос­танай жерінде өтіп, осы топырақта туған қаламгердің қолымен жазылған «Жалбыр­дың» қазақ мәдениеті тарихында алар ор­ны осындай! Сөз орайы келгенде Жалбыр сынды жүздеген, мыңдаған батырдың отаршылдыққа, озбырлыққа қарсы күр­есі­нің қырағы да қатал саясаттың қыс­па­ғымен «Кеңес үкіметін орнату үшін болған төңкеріс» деп жазылғанын айту парыз. Шын мәнінде, 1916 жылғы қазақ даласында болған қарулы қақтығыстардың бәрі жүздеген жылдар бойы қылсағақтан буындырып келген империяның бұғауын үзуге талпынған бұлқыныс, ұлттың оянуы еді ғой. 

«Алтын шыққан жерді белден қаз» де­гендей, «Жалбырдан» басталған сөзді «Шұғамен» жалғай кетелік. Брусиловский Би-ағаның бұл шедеврін де назардан тыс қалдырмапты. 

«Қазақтың музыкалық театрында Жұмат Шанин қойған екінші қойылым Бейімбет Майлиннің «Шұға» атты музыкалы пьесасы болды. Бұл спектакльдің ­де музыкасын И.Коцык жазып, оған С.Ша­бельский белсене көмек көрсетті. Мұнда әртүрлі халықтың музыкасы мен стиль­дерінің қойыртпағы бола қойған жоқ. Қазақ әндері жақсы іріктеп алынып, спек­такльдің музыкалық тұрғыда біртұтас арнасын құрап тұрды. Ондағы әндерді солистердің өздері таңдады да, клавирі мен партитурасын С.Шабельский әзір­леді, ал И.Коцык олардың арасындағы дән­е­кер ұйымдастырушы буын болды, әлбетте мұның да мәні осал емес-ті. 

Бұл пьесада Күләштің драмалық дарыны ашыла түсті. Ол драма театрында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлін ойнаған кезінде де өзінің талантымен аудиторияны дүр сілкіндіріп жүретін, ал музыкалық театрда бұл оның тұңғыш трагедиялы рөлі еді. Бүкіл соңғы актіде Шұға өмірмен қоштаса, ажал құр­сауында жатып, халықтың қайғылы әні «Бурылтайды» сыңсып айтумен болды. Зал іші күңірене күйзеліп, қоса еңірегендей күй кешті. Шыдай алмай, сықсыңдап жыла­­ған қайсыбір әйелдерді залдан сүйе­мел­дей жетелеп, сыртқа шығарып та жат­ты. 

Әйгілі «Ағаш аяқ» әнін құйқылжыта орын­дайтын қас шебер Балабек шалдың баласы, өзі де бақсыдан еш айнымайтын Бісміллә Балабеков өзім аузында арпал­ысқан Шұғаға зікір салып, сиқыр күшімен емдеу рәсімін келістіріп ойнады. 

Егер «Айман-Шолпанда» әрқилы музыка әшекей-өрнек сынды ойнақы қыз­мет атқарса, «Шұғадағы» әуез бен саз кей­іп­­керлердің психологиялық жай-күйін ай­қара ашып берді. Шанин өзінің бұл спектаклін мақтан тұтуына әбден құқы бар еді. Театр шығармашылық тұрғыда өрлеу кезеңін бастан кешті» – делінген Жұмат Шанин жайлы естелікте. 

Қазақ әдебиеті мен өнерін әлемдік дең­гейге көтерген, рухани қуаты мен бол­мысын танытқан тарихи оқиғаға айналған Мәскеудегі тұңғыш онкүндікке Ж.Жа­баев, К.Әзірбаев, Ғ.Қалмағанбетұлы, С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Тоғжанов, Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжі­бае­в­тармен бірге Бейімбет Майлиннің де қа­тысқаны мәлім. Тарихта таспаланған деректі ешкім өшіре алмайды. Брусиловс­кий­дің бұл естеліктерін жариялаудағы мақсат – Би-ағаның қаламынан туған дүние­­лер қазақтың әдебиетін ғана емес, кәсіби театр өнерін қалыптастыруға да зор ықпал еткенін айту еді. 

Абылай МАУДАНОВ, 

Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық

филармониясының қызметкері