«Момындар зынданы» – психологиялық драма

Елордада А.И. театрының «Момындардың зынданы» қойылымы сахналанды. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін тақырыптың өзегі еткен қойылым – Федор Достоевскийдің «Кроткая» повесі желісімен қойылған психологиялық драма. Аталған драмалық қойылым былтыр да сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болған.

Бұл спектакль – махаббатынан қайғылы жағдайда айырылған бас кейіпкердің рухани қайта түлеуін зерттеу. Қойылым кезінде көрерменнің ойында туындаған ең маңызды сұрақтың бірі – адам өзінің құндылығын түсіну үшін қолындағы ең қымбат дүниесінен айырылуы керек пе? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген қағида бұл шығармада көрерменді қалың ойға батырады. 

Өмір шындығын, жоқшылық пен қиындықты суреттеген төрт актерден құралған драмалық шығарма камералық спектакльдің түріне жатады. Қойылым басында сөз алған А.И. театрының басшысы Айгүл Иманбаева қойылымның арқау еткен тақырыбы туралы кеңірек айтып өтті. 

– Бүгінде біз ÓzgeEpic кретивті хабымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Арамызда тығыз шығармашылық байланыс орнағанына қуаныштымыз. Соның нәтижесінде жаңаша жобаларымызды жүзеге асыруға  да мүмкіндік туып отыр. Жақында Лондандағы театр фестивалінде болдым. Дамыған қаншама ел кіп-кішкентай сахнада өз өнерін көрсетті. Сондықтан бізге де мынадай сахнада өнер көрсету – керемет сәттіліктің бірі. Өнерлі жастардан құралған мұндай театр қазақ өнеріндегі үлкен олжа деп ойлаймын. Егер Астана қаласында тәуелсіз театрлар қойылымын көргіңіз келсе, тұрақты көрерменіміз болыңыздар. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетін бітірген А.И. театрының өнерлі жастары сахна төрінде өнер көрсететін болады. Айтары бар, берері көп дәл біздің қоғамдағы өзекті тақырып Ф. Достоевскийдің шығармасы арқылы қозғалатын болады, – деді ол. 

Көрерменді бір сәт ойға батырып, ойландырып жіберетін қойылым нағыз қазіргі қоғамның дертін дөп басқандай. «Момындардың зынданы» өмір шындығы көркем шындықпен шебер түрленіп, көрерменге ой салады. Қоғамда қарсы алдымыздан шығып жатқан жақын адамдардың арасындағы қарым-қатынас проблемасы бүкпесіз ортаға салынған. Адам жанын аяздай қарып жіберетін өзекті мәселелер сұлу өнерге айналып, одан да өзекті бола түскен. Спектакльдің мазмұнына тоқталсақ, қайтыс болған ата-анасы «момын қызды» екі жағында қолдап, жебеп жүруші періштеге айналады. «Момын қыз» жұмысқа орналасу үшін газеттерге өзінің қолынан келетін барлық жұмысты тізіп жазып, жарнама жасап беруін өтінеді. Алайда жарнама үшін төленетін қаржысы болмай, қолындағы анасынан естелікке қалған соңғы алқасын беруге де дайын еді. Әрине, ол жеткіліксіз. Өзінің бақытты күндерін тұрмысқа шығудан көрген 

16 жастағы жалғыз қалған ару өсім алушының ұсынысына келіседі. Әрі қарай шаңырақтағы кикілжіңдер, екі ғашықтың арасындағы махаббат сезімінің бір тұтанып, бір сөнуі қайғылы оқиғамен аяқталуына әкеледі. 

Шын сүю мен сезімнің күю процесінің арақашықтығы бір-ақ тұтам. Осы аралықтағы екі ғашықтың арасындағы сезімі шынайы бейнеленеді. Қойылым кейіпкері өсім алушы Әмірхан Оразбақ психологиялық шығармада бір эмоциядан екінші эмоцияға бірден көшу актер үшін қиындық тудырғанын айтса, басты кейіпкері «момын қыз» Әнел Төлегенова тағдыр тауқыметіне тап болған қыз бақытын тұрмыстан іздеп қателескенін көрерменге жеткізу басты мақсат екенін түсіндірді. Театр актрисасын әңгімеге тартқанымызда ол мұндай жағдайлар шынайы өмірде қайталанбаса екен дейді. 

– «Момындардың зынданын» таңдаған кезде басында екі құрам болды. Яғни, барлық кейіпкер үшін екі актерден таңдалған. Күнделікті дайындық жүріп, әрқайсысы өзін жоғарғы актерлік қабілетімен көрсету керек болды. Премьераға аз күн қалғанда бір құрам бекітіліп, «момын қызды» мен ойнайтын болдым. Спектакльдегі  момын қыздың өмірі өте ауыр. 13 жасында әке-шешесінен айырылып, жетім қалады. Одан кейін туған-туысымен қарым-қатынасы үлкен ренішке айналған. Сондағы жалғыз үміті – тұрмысқа шыққаннан кейін жаңа өмірдің басталуына сенеді. Бірақ, өкінішке қарай, ойындағыдай дүние орындала қоймайды. Қойылым момын қыздың өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүр болуымен аяқталады. Өзіме берілген рөлді жоғары деңгейде алып шықтым деп ойлаймын. Актерлер арасында «эмоционалды жат» деген түсінік бар. Мен де осы жағдайда кейіпкердің басынан өткен кейбір қиын тұстарды өз әлеміммен байланыстыра отырып, бар ынтаммен ойнадым, – деді актриса Ә. Төлегенова.

Театр актрисасының айтуынша, сахналық қойылымның Ф. Достоевский шығармасынан айырмашылығы – кейіпкерлердің қысқартылып, олардың айтар ойын басты кейіпкерлердің сөзіне қосу, диалогтен гөрі монологтің көбірек айтылуы. 

Қойылым мазмұнынан қоғамдағы екі адамның ғашықтық сезімі, тұрмыстағы дау-жанжал мен отбасын сақтап қалуға бағытталған идеяны аңғаруға болады. Бұл қойылымның алғашқы премьерасы былтырғы жылдың 22 мамырында өткен еді. Араға біраз уақыт салып, қойылым актерлері төртінші рет көрерменімен қайта қауышты. 

Айта кету керек, қойылым ÓzgeEpic креативті хабында өтті. Еске салсақ, мұндай алғашқы ірі шығармашылық креативті хаб елордада жақында ашылған болатын. ÓzgeEpic хабына бірегей этномұражай мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда қонақтарға заманауи арт-спектакльдер, музыкалық және әдеби кештер үшін айырбасталатын зал, сондай-ақ заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындардың ақылды аймағы ұсынылады. Сондай-ақ хаб аумағында қазақстандық баспалардың өнімдерін сатуға арналған кітап дүкені бар.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ