Қыс шанаңды жаз сайла: жылыту маусымына дайындық қандай?

Қазақстан күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындалып жатыр. Алайда кейбір өңірдің даяр­лы­ғы төмен деңгейде екені белгілі болды.

Біраз қазандықта жөндеу жұмыстары, тіп­ті басталма­ған! Өзгесінде жаңғырту жұмыстары 60-70% ғана орындалды. Энергетикалық кә­сіпорындардың мил­лиардтаған қарызы да өткен маусымнан «мұраға» қалып, сол бойы өтелмепті. Проблемалар­ды шешу бағытында не істеліп жатыр?

Қыс – халықтың көңіл күйінің индикаторы

Екібастұз тұрғыны, қоғам белсендісі Александр Трошин жұртшылықтың алдағы қысты үреймен күтіп жүргенін айтады. Өйткені өткен жылыту маусымы екібастұздықтар үшін «апаттар жылына» айналды. Алдымен, Екібастұз қаласы 2022 жылғы 27 қарашада жылусыз қалды. Бұған ЖЭО-дағы бірнеше қазандық агрегаттарының істен шығуы себеп болған. 

– Сонда «Экибастузтеплоэнерго» хабарлағандай, бірден №11, 13, 14, 15 қа­зандық агрегаттары жұмысын тоқтатқан. Сол кезде сыртқы ауа температурасы -30 градусқа дейін күрт төмендеп кетті. Жұрт жаппай жаурады. Жеке тұрғын үйлер, 130 көпқабатты тұрғын үй жылусыз қал­ды. Перзентхана, балалар үйі сияқты нысандар бейбіт күнде эвакуацияланды. Жылумен жабдықтау жүйесіндегі апаттар әрі қарай жалғасты. 10 желтоқсанда Екібастұз ЖЭО-сында күлтартқыштың, құбырдың зақымдалғаны анықталды. Ақпан айында, радиаторлар тағы да қатып қалды. Қыс бойы тоңған тұрғындар ауырды. Ресми дерек бойынша мың шақты адам өзге өңірге көшіп кеткен: 145 мың тұрғыннан 144 мыңы қалды. Биыл апаттар қайталанса, халық тағы үдере көшуі мүмкін, – дейді Трошин.

Төніп келе жатқан қауіп-қатер туралы мамандар ертерек ескерткен екен. Ұстап тұруға қаражаты жетпейтінін айтып, ЖЭО қожайыны да 2022 жылғы шілдеде әкімдікке хат жазған. ЖЭО-ны және жылу желілерін мемлекет меншігіне сый­ға беруге дайындығын жеткізген. Оның орнына сол жылғы тамызда, жергі­лікті жылу-электр орталығын аралаған Павлодар облысының әкімі Абылқайыр Сқақов Екібастұз тұрғындарының қатып қалуына жол бермейтініне сендірді. Ақы­ры не болды? Екібастұз ЖЭО-сындағы апат­қа және жергілікті биліктің тиісті шара қабылдамауы салдарынан халықтың қыс бойы дірдек қағуына байланысты Павлодар облысының әкімі отставкаға жіберілді. Одан оның ештеңесі кеткен жоқ: артынша Астанаға жоғарылады және бүгінде Сқақов бүкіл қазақстандық­тардың зығырданын қайнатқан Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорын басқарады (басқарма төрағасы). Оның артында аңыраған екібастұздықтар қалды. Өңірдің жаңа басшылығы бұдан сабақ алды ма, оны қыс паш етеді. 

Өзге өңірлердегі ЖЭО-лардың жағдайы да мәз емес. Ұлытау облысындағы дайын­дық қарқынын Премьер-Министр Олжас Бектеновтің көңілінен шығады. Өйткені қоңыр күз есік қағып тұр, ар жағында қыс таяп қалды, ал Сәтбаев қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны үшін жылу және ыстық судың көзі болып саналатын №1 жылу стансасының 4 қазандығында, сондай-ақ газ құбырларында күрделі және ағымдағы жөндеу әлі күнге бітпеген. 

Жезқазған ЖЭО-сында да жабдықтарды жаңғырту жұмыстары «жүргізілу үстінде». Бұл мақсатқа 13,5 миллиард тең­ге бөлінді. Қазір №5 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізу жұмысы небәрі 60%-ға орындалған. №7 қазандыққа кеңейтілген ағымдағы жөндеу басталмапты да, тек «жоспарда бар». №8 қазандықты жаңғырту 70%-ға ғана орындалды. Мұндай шабан қарқынның жарамайтынын айтқан Олжас Бектенов өңір әкіміне, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясына жұмыс қарқынын арттыруды, алдағы қысқа дайындықты жедел аяқтауды тапсырды.

– Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету азаматтардың әлеу­меттік әл-ауқатына, сондай-ақ жалпы өңірдегі жағдайға әсер етеді. «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған ЖЭО-сы бойынша, сондай-ақ Сәтбаев қаласының №1 және №2 жылу стансалары бойынша барлық міндеттемесін толық орындауы тиіс! Бұл жерде әкімдік пен корпорация арасында үйлесімді жұмыстың жоқтығы байқалады. Барлығы уақытылы жасалуы керек, – деп жүзін суытты Премьер.

Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындыққа 30,2 миллиард теңге бөлінді. Қазір Жезқазған ЖЭО-ның тозуы шамамен 65%-ды құрайды, Сәтбаевтағы қазандықтар 85%-ға тозған. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» жағдайының не болатыны  белгісіз. Ұқсас жағдай өзге өңірлерде де қалыптасқан.

Қаржы мол, тек жауапкершілік тапшы

Энергетика министрлігі жөндеу жұмыстарының бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатқанын хабарлады. Іс жүзінде қазір біраз ЖЭО-да орындалған жұмыстардың орташа көлемі 60-80% болып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл қауіпті деуге келмейді. Алайда жаңғырту-жөндеу жұмысында туындаған кез келген іркіліс олардың жылыту маусымына дейін іске қосылмауына соқтыруы мүмкін. 

Сонымен бірге биылғы жартыжылдық қорытындысында бірқатар маңызды объектіде жоспарланған жұмыс мүлдем басталмаған. Бұл жайтты AMANAT фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов әшкереледі. Оның мәліметінше, осы кезеңде, қаңтардан бері «МАЭК» ЖЭО-2-сінің №7 қазан­дығында кеңейтілген ағымдағы жөн­деу қолға алынбаған. Сәуірден бері Qarmet-тегі ЖЭО-2-нің №2 қазандығының жөндеуі басталмаған. Ескі «Согра ЖЭО»-сының №1 турбинасын жөндеуге кіріспеген. 

Мұның сыртында келесі электр стансаларында – «МАЭК» ЖЭО-сының №2 энергоблогының, «Степногор ЖЭО» №3 қазандығының жөндеу жұмыстары, Кентау ЖЭО-сының №8, 9, 10, 11 қазан­дықтарын реконструкциялау тым ұзап кетті. Осы жылдың бірінші жартысында «Қарағанды өңірлік электр желілік компаниясының» электр желілерінде жөндеу жұмыстары жоспарлы уақытында бастау алмағаны анықталды.

– Мұндай жағдай тұрақты практикаға айналып кетті. Жыл сайын солай: жоспарлы жөндеу жұмыстарының мерзімі үнемі шегеріліп, ауыстырылып отырады. Бұ­рын­ғы кестенің орнына жаңасы бекіт­іледі де, бәрі “кестеге сәйкес” дейді. Салдары­нан халық, әлеуметтік нысан­дар қыста қатып қалып жатады. Сора­қысы сол, біз сол үшін жауапты бол­ған, кәсіби құзыры­на кірген міндеттемелерін лайықты ор­ын­дамаған тұлғалардың жаппай жазаланғанын да көріп отырған жоқпыз. Қы­лы­шын сүйретіп, қыс келе жатқанына қарамастан қаржыландырудың процедуралық мәселелерін шешу де сөзбұйдаға салынады екен, – деді Дүйсенбай Нұрбайұлы.

Бұдан бөлек, тағы бір салмақты проблема ушығып тұр: қуат өндіруші ұйымдардың өткен жылыту маусымында жаққан отыны үшін кредиторлық қарызының көлемі де ауқымды болып қалды. Мы­салы, биылғы жартыжылдық қорытындысындағы жағдай бойынша энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» (QazaqGaz–Aimaq) АҚ-ы алдындағы көгілдір отын үшін қарызы 25 миллиард теңгеден асып кетіпті (Энергетика министрлігі тамызда бұл борышты 18 млрд теңгеге дейін азайтуға қол жеткізілгенін хабарлады). 

Сондай-ақ қуат өндіруші компаниялардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдындағы бұрын жеткізілген көмір үшін берешегі 7 миллиард теңгеге жуықтады (министрлік 3,4 миллиардқа дейін азайттық дейді). Қалай болғанда, бұлар қордаланған ескі проблема-жүктерімен жаңа жылыту маусымының табалдырығынан аттамақ.  

Мәжіліс депутаты бір жайтқа екпін түсірді. Энергетика министрлігі өңір әкім­діктерімен бірлесіп, жалпы сомасы 31 миллиард теңгеден асатын, жөндеу, жаңғырту, реконструкциялау сияқты жоба­лардан құралған пул түзді. Әкімдіктердің қоса қаржыландыруын назарға алып, Үкімет резервінен 20 миллиард тең­ге­ден аса қаражат қосымша бөлінген. Сөйтіп, биылғы жылыту маусымы бюджетке біршама қымбатқа түспек. Әйткен­мен, уақытылы жөнделіп, жаңартылмаған жылу-электр орталықтарында, қазандықтарда, жабдықтары мен құбырларында апат-авария болып, жылу трассалары шетінен жарыла бастаса, шығын одан да көп болады.   

Үкіметте де, әкімдіктерде де Президент қойған міндеттерді толыққанды шешу үшін барлық қажетті құрал бар. Бірақ депутаттың пайымдауынша, жұмыстар тиісті дәрежеде жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл істегі әрбір олқылық, әрбір кедергі, әрбір бөгеліс айналып келгенде бүкіл ел­дің күзгі-қысқы маусымға дайындығына кері әсер етеді. Қазақстан халықаралық санкциялардан сау. Сондықтан Ресеймен салыстырғанда жоғары технологиялы жабдықтарды, турбиналарды еркін әкеле алады. Онда не жетпейді? «Қыс шанаң­ды жаз сайлауға» шенеуніктер үйрене ал­май келеді. Жөндеуге мол көлемде ақ­ша бөлінді, оны игеріп, жұмыс көрігін қыздыруға жауапкершілік кемшін. 

Қыс қарсаңында – қырағы назар

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жылыту маусымына түпкілікті әзір болмағандықтан «қосымша көңіл бөлінетін», жіті бақылауға алынатын қуат өндіруші кәсіпорындардың тізімі жасалғанын мәлімдеді. Олардан энергия блоктарын, қазандықтары мен турбиналарын жөндеуді жеделдету талап етілмек. 

Еліміздің бас энергетигі өткен екі айда өңір әкімдіктерімен бірлесіп, түйт­кілді мәселелер бойынша бірқатар шара қабылданғанын айтты. Нақтылауынша, «Таразэнергоцентр» АҚ-ның 4-ші жылу электр орталығында №1 турбинаны, «Павлодарэнерго» АҚ ЖЭО-2-сінің №2 қазандығын, «ГРЭС Топар» ЖШС-ның №12 қазандығын, «ЕЭК» АҚ электр стансасындағы №3 энергоблокты жөндеу енді ғана басталды.

– Электр стансаларының газ үшін берешегі 25 миллиардтан 18 миллиард теңгеге дейін, көмір үшін қарызы 6 миллиардтан 3,4  млрд теңгеге дейін қысқарды. Стансалардың қоймаларындағы көмір қоры 3,4-тен 3,7 миллион тоннаға дейін ұлғайтылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Жүйелік оператор бекіткен электр стансаларындағы жөндеу кестесіне сәй­кес, биыл 10 энергоблокты, 55  қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Әртүрлі кезеңдерде 1 энергоблокта, 28 қазандықта, 22 турбинада жөндеу жұмыстары әлі күнге жүргізіліп жатыр. 4 энергоблокта, 21 қазандықта және 17 турбинада ғана жөндеу жұ­мыс­тары аяқталды, – деп мәлімдеді Энергетика министрі. 

Электр желілерінде 2024 жылы жалпы ұзындығы шамамен 20,8 мың шақырымдық электр сымдары мен бағаналарын, 423 бірлік жоғары вольтты қосалқы стансаларды күрделі жөндеу жоспарланған. Соның ішінде 13,4 мың шақырым электр сымдары, 277 қосалқы станса, 2 292 тарату пункті жөнделді. Яғни, бұл тұрғыда да тастүйін дайындық жоқ. Ендеше кей­бір өңірдің жылу сыртында жарықсыз қалу қаупі жоқ емес.

– Жылыту кезеңіне дайындығы қосымша назарда болатын энергия кәсіпорындары айқындалды. Олардың арасында «МАЭК» ЖШС бар. Онда ЖЭО-1-дің №4 турбинасының және ЖЭО-2-сіндегі №8 турбинасының жөндеу мерзімі сақталмаған. Сақталуы үшін шаралар қабылдау қажет. Негізгі жабдықты жөндеу мерзімдерінің сақталмауы Қарағанды облысындағы (Qarmet АҚ-ның 2 жылу электр орталығы) электр стансаларында байқалады. Теміртау ЖЭО-2-сі №1 қазандықты жөндеуді 30 қарашаға дейін аяқтауға, сондай-ақ №7 қазандықты ор­на­туға міндеттеледі. Тек сонда ғана жылыту маусымында қосымша резерв қамтамасыз етіл­­­­­­еді, –  деді министр А.Сәтқалиев.

Теміртау қаласындағы ГРЭС-1-де №10 қазандықтың жөнделуі де 30 қарашаға дейін аяқталуы тиіс. Ал, Кентау ЖЭО-сында №8, 9, 10, 11 қазандықтарын реконструкциялауды тәмамдау мерзімі 15 қыркүйекке белгіленіпті. Аяқтала ма? Күрделі сұрақ. 

Министрдің пікірінше, энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредитор­лық берешегінің көп қордалануы алаң­датады. Олардың QazaqGaz–Aimaq АҚ-ы алдындағы берешегі 18 млрд 307 млн теңгені құрайды. «Богатырь-Көмір» ЖШС-на 3 млрд 462 млн теңге берешегі сол бойы өтелмеді. Қоғам белсендісі Александр Трошин энергетикалық кәсіп­орындардың ол қарызды «қасақана өте­мейді» деген күдік барын айтады. Оны тарифтерін тағы көтеру үшін дәйектеме еткісі келеді. Тіпті, соңынан барлық бере­шегі бюджет есебінен өтелгенін күтеді. Кейбір өңір сондай шетін шараға бұрын барған көрінеді. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген.

Айхан ШӘРІП