Бізге де бейбіт атомның игілігін пайдаланып, ұлтымыздың дамуына жол ашатын уақыт келді – Алдияр Тоқтаров

Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы Үкіметтің бірінші атом электр стансасын (бұдан әрі – АЭС) салу бастамасын қолдайды.

Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы Үкіметтің бірінші атом электр стансасын (бұдан әрі – АЭС) салу бастамасын қолдайды. Бұл туралы Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы Алдияр Тоқтаров ресми мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әр ұлттың дамуында болашақ ұрпақтың тағдыры шешілетін маңызды кезеңдер болады. Солардың бірі – АЭС салу мәселесі. Бұл шешім біздің технологиялық және өндірістік дамуға қарай қадам басамыз ба, әлде тек шикізат өндіру мен экспортқа тәуелді экономика ретінде қаламыз ба, соны айқындайды.

Менің және әріптестерімнің қауымдастықтағы міндеті – балаларымызға, немерелерімізге және шөберелерімізге гүлденген, дамыған елді қалдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсау.

Жаратқан иеміз Қазақстанға уранның ерекше қорын нәсіп етті. Осы байлықты дұрыс игеріп, өз ісіне адал менеджменттің арқасында елімізді әлем бойынша ең ірі өндірушіге айналдырды. Енді жетекші мемлекеттер өз дамуы мен жетістіктері үшін қазақстандық табыс тарихына сүйеніп отыр. Бізге де бейбіт атомның игілігін пайдаланып, ұлтымыздың дамуына жол ашатын уақыт келді.

Біздің жеріміз бен халқымыз ядролық қарудың зардабынан өтіп, ауыр сынақтарды бастан кешірді. Бұл қайғылы оқиға тек тарихымызға жара салып қана қоймай, Қазақстанға бейбіт атом мәселелерімен айналысуға ерекше моральдық құқық береді деп есептеймін. Қазақстан халқының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды қолдауы тек коммерциялық мақсаттағы көзқарас емес. Бұл – біздің ұлтымыздың кемелденгенінің белгісі, жасөспірімдік максимализмнен өтіп, болашаққа салқынқандылықпен қарап, ең жақсы перспективаларды таңдап алуымыздың айғағы.

Бұл – Қазақстан әлемдік деңгейде жетекші орын алатын салалардың бірі және халықаралық аренада өз ұстанымын сәтті қорғай алатын сала.

Бұл – қазақстандықтардың мыңдаған адамға табысты мансап жолын ашатын саланың бірі. Бұл – менің өз-өзімді тапқан салам. Менің отандастарым да өзі мен балалары үшін аталған бастамаға атсалысып, Отанымыздың гүлденуіне берік негіз қалайды деп сенемін.

Бұл – әлемнің ең дамыған елдерінің экономикалық өсуін ешбір дау-дамайсыз, тәулік бойы және ауа райына қарамастан қолдайтын сала. Мен біздің республика да осы елдердің қатарына қосылғанын қалаймын және атом өнеркәсібі бізге бұл мүмкіндікті беретініне сенімдімін.

Өз тарапымнан, Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы ретінде, осы жобадан еліміздің тұрғындары мен бизнесі үшін ең жоғары пайда алуына бар күш-жігерімізді салатынымызды жауапкершілікпен мәлімдеймін.