Тұрғындардың жол саласына қатысты сауалын тыңдады

Басқарма басшысы жүргізген қабылдауға онлайн форматта қатысқан Жетісай қаласының тұрғыны Ақерке Сакиева Ерубаев көшесіне көлік жылдамдығын сағатына 20 шақырымнан асырмау жөніндегі жол белгісін орнатып беруге көмек сұрады.

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмыс кестесіне сәйкес, Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Әзімбайұлы Жұматаев кезекті мәрте азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Басқарма басшысының қабылдауы партиялық құрылымның ресми парақшасынан тікелей эфирде берілді,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қабылдауға келген Сауран ауданы, Майдантал елді мекенінің тұрғыны Оразкүл Әшірбекова ауылға кіре берістегі он шақырымдық жолдың сапасына байланысты шағымын білдірді. Тұрғын көтерген мәселені мұқият тыңдаған басқарма басшысы, аталған жолдың ахуалын зерделеуге жауапты өкілдерді жіберіп, жолдың қазіргі жағдайына талдау жүргізілетінін мәлімдеді.

Басқарма басшысы жүргізген қабылдауға онлайн форматта қатысқан Жетісай қаласының тұрғыны Ақерке Сакиева Ерубаев көшесіне көлік жылдамдығын сағатына 20 шақырымнан асырмау жөніндегі жол белгісін орнатып беруге көмек сұрады. Бұл мәселені басқарма басшысы жеке бақылауына алатынын түсіндіріп, тұрғын көтерген мәселе бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.

Бәйдібек ауданы, Шаян ауылынан телефон арқылы байланысқан Әмина Салқынбек Нысанов көшесіне су құбырлары орнатылғанын, қазылып, топырағы алынған аумақтарда жол ойылып, көлік қозғалысы үшін қауіпті екенін айтып, жолды қалпына келтіруге назар аударылуын сұрады. Қуатжан Әзімбайұлы көтерілген мәселе бойынша Бәйдібек ауданының әкімдігі тарапынан жолды қалпына келтіру жұмыстары атқарылатынын мәлімдеп, бұл мәселе де басқарма тарапынан қадағаланатынын айтты. 

Онлайн форматта хабарласқан Сарыағаш қаласының тұрғыны Бекет Ермұрзаев транзиттік көліктер үшін Сарыағаш қаласын айналып өтетін күре жолдың құрылысы жөнінде сұрады. Сондай-ақ, қазір Сарыағаш қаласының үстінен өтетін магистралды көлік дәлізіндегі жөндеу жұмыстарын көлік кептелістерін болдырмас үшін күнделікті сағат 19.00-ден 21.00-ге дейінгі уақытта тоқтата тұру жөніндегі өтінішін білдірді.

Тұрғын көтерген сауалдарға жауап берген басқарма басшысы, Сарыағаш қаласының айналма жолын салуға жоба-сметалық құжаттар әзірленгенін, шығын көлемі белгіленгенін айтты. Жобаны іске асыру жұмыстары 2025 жылдан бастап қолға алынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ қазіргі жол жөндеу жұмыстарының көлік қозғалысына кедергі болуын төмендетуде тұрғын білдірген ұсынысты қолдайтынын айтып, тиісті тапсырмалар берілетінін жеткізді.

Назгүл Назарбек, Түркістан облысы