«AMANAT»: Артылған сенім және ақталған үміт

Қызметін түбегейлі қайта қарастырған «AMANAT» партиясы, қоғамдық өмірде белсенді ұстанымда болуды жариялы түрде іске асырып жатқаны белгілі.

Өз сайлаушыларын толғандырған мәселелерді жіті зерттеп, қарапайым азаматтардың сұраныстарын зерделеуді, жергілікті жерлердегі қордаланған мәселелердің біртіндеп шешім табуына қадам жасауды – стратегиялық маңызы бар басымдық ретінде қарастырады.

Партиялық қызметтің тиімділігін арттыруда Түркістан облысы әкімдігінің Шымкент қаласындағы өкілдігінде өткен жеке қабылдауыма келген азаматтар сайлау науқаны бойынша сұранысын білдірді,  өздерінің тұрғылықты жерінде кездесіп жатқан проблемалық мәселелерді көтерді,  партияның ықпалымен шешімін тапқан мәселені айта отырып, аманаттық өкілдерге шынайы алғысын жеткізді.

Қабылдауға келіп, жеке базынасын білдірген Шымкент қаласының тұрғыны Жасұлан Нақыпбаев, өзінің Сауран ауданының тумасы болып табылатынын айтып, 2024 жылдың қаңтар айында өткен Бабайқорған ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалған сайлауға кандидатурасын ұсынғанын жеткізді. Сайлау комиссиясына өткізген құжаттарынан шикілік табылғанын, сол себепті сайлау додасынан сырт қалғанын айтты. Жиырма жылдан астам еңбек өтілі бар екенін айта отырып, туған жерін түлетуге жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Тұрғын білдірген мәселені мұқият тыңдап, партияның өңірлік филиалы елге жанашыр азаматтарды қолдауға әрқашан дайын екенін жеткіздім. Сайланбалы лауазымдарға ұсынылатын барлық кандидаттар тиісті заң нормаларымен бекітілген талаптарды сақтауға және орындауға міндетті екенін түсіндірдім.  Сайлаудың басты принципі – барлық кандидатқа теңдей талап қойылуында және теңдей мүмкіндіктердің жасалуында екенін жеткізіп, электоралды науқанға байланысты барлық заңсыздықтар жөнінде партияның өңірлік филиалына немесе сот органдарына шағым түсіруге болатынын айтып, мәселені шешудің құқықтық тетіктері жөнінде түсіндіріп бердім.

Ордабасы ауданының Аққойлы елді мекенінен келген Ерғали Жамалов ауылдағы жайылымдық жердің жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Осы ауылдағы «Ақбастау» жалпы орта мектебі ғимаратының шатырынан су өтетіні жөнінде шағымын білдірді. Тұрғын көтеріп жатқан мәселелерден хабардармын. Облыс елді мекендерінде жалпыға ортақ жайылымдарды қайтару бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатқаны да айқын.  Партия өкілдері бұл мәселені «Жер аманаты» жобасы бойынша қадағалауға алып, тиісті үйлестіру жұмыстарын атқаруда. Дегенмен, облыс халқының 80 пайыздан астамы ауылда тұратынын ескеруіміз қажет. Елді мекендер ішінде мал жаятын орындар тапшылығының жыл өткен сайын өзектілігі артып жатқаны да белгілі. Ортақ жайылымдық жерлерді жеке және заңды тұлғалардың иелігінен шығару жұмысы сот тәртібімен қаралып, ұзақ уақыт алатыны да жасырын емес. Бұл бағытта баяулап болса да, алға жасалып жатқан қадам бар. Ордабасы ауданының Жусансай, Аққойлы елді мекендеріндегі жайылымдық жерге келетін болсақ, бұл мәселе «Жер аманаты» комиссиясының алдағы отырысында қаралатын болады.

«Ақбастау» жалпы білім беретін мектебінің ғимараты бойынша мәселе Шұбарсу ауылы тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілді. Партияның өңірлік филиалы бұл мәселені бақылауға алды және Түркістан облыстық құрылыс басқармасы мен облыстық білім басқармасының назарына жеткізді. Тұрғындардың талабы тыңдалған бүгінгі жиынға мектеп ғимаратының құрылысын жүргізген мердігер ұйымның өкілдері де шақыртылып, оларға нақтылы талаптар қойылды. Атап айтқанда, келісімшартта белгіленген кепілдік мерзімі ішінде анықталған барлық техникалық ақауларды ретке келтіру тапсырылды және бұл ұсыныстың орындалуы қатаң қадағалауға алынатыны түсіндірілді.

Қазығұрт ауданы Атажұрт елді мекенінің тұрғыны Талғат Ташев ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамту мәселесі бойынша сұранысын жеткізді. Аудан әкімдігінің берген мәліметіне сәйкес, Қызылқия ауылдық округінің Айнатас, Атажұрт елді мекендеріне, Келес өзенінің сол жағалауындағы жер телімдеріне газ жүйелерін тарту жұмыстарының жобасы әзірленуде. Бұл жұмыстар партияның бақылауында және осы аумақтан сайланған депутат ретінде бұл мәселені жіті қадағалауымда ұстайтын боламын. 

Қоғамдық қабылдауға Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ елді мекенінен келген Сүйімбек Сымбат «AMANAT» партиясына шын ықыласты ризашылығын жеткізуге келгенін мәлімдеді. Аманаттықтарға алғысын жаудырып келген тұрғын, осыдан біршама уақыт бұрын партияның өңірлік филиалына хабарласып, Қайнарбұлақ ауылының үстінен өтетін облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойына жарықшамдар орнатылғанын, бірақ жарық берілмей тұрғаны туралы шағым айтқанын жеткізді. Партиялықтар бақылауына алған мәселе шешім тапқанын қуана айтып, қайнарбұлақтық тұрғындардың атынан «AMANAT» партиясына шынайы алғысын білдірді және партияның халыққа пайдалы өркенді ісіне табыстар тіледі.

Халық алғысынан артық құндылық жоқ. Көпшіліктің ықыласты ақ тілеуі баршамызға бұйыра берсін! Жемісті еңбегіміз көп болсын!

Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты