Қызылорда облысында ұялы телефон ұрлаған адам 1,5 жылға сотталды

Байқоңыр қалалық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Байқоңырда ұялы телефон ұрлаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сотталушы А. жәбірленуші М.-мен бірге пәтердің зал бөлмесінде спирттік ішімдік ішіп, жәбірленушінің масаң күйде ұйықтап қалғанын байқап, ұрлау, яғни «S» маркалы ұялы телефонын жасырын жымқырып, жалпы мөлшері 28 506 теңге материалдық залал келтіріп, қылмыстық құқықбұзушылық әрекетін жасаған.

Басты сот талқылауында сотталушы А. кінәсін толығымен мойындап, қазіргі кезде келтірілген зиянның орнын толтырғанын, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінетінін айтып, жәбірленушімен медиациялық тәртіпте татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады.

Басты сот талқылауы барысында жәбірленуші М. сотталушы А. тарапынан қылмыспен келтірілген материалдық шығын өтелгенін, сәйкесінше медиациялық келісімге келгендерін көрсетіп, іс бойынша өндірісті тоқтатуды сұрады.

Сотталушы А. ҚК-нің 191-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық жауаптылықтан ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сəйкес, жəбірленушімен татуласуына байланысты босатылып, қылмыстық іс тоқтатылған. Сондықтан осы іс бойынша тараптардың татуласуына байланысты сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіздер жоқ, себебі сотталушы бұрын жасаған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаннан кейін қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде осы қасақана қылмысты жасаған.

Сот үкімімен сотталушы А. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.