«AMANAT»: Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» мен «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігіне ерекше тоқталды

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының ұжымы болып Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тыңдадық.

Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылған негізгі басымдықтарды партиялық құрылымдарды тарта отырып, іске асырудың жолдарын қарастырып, алда атқарылар жұмыс бағыттарын белгіледік. 

Жиын барысында ең алдымен, Президент Жолдауында айтылған жаңа саяси жағдайдағы ауқымды реформаларға облыс тұрғындарының қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін назарға алдық. Жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жаңа саяси мәдениетті ілгерілету ісіне үлесімізді қоспақ ниеттеміз. Қолға алынған түбегейлі реформалардың түпкі мәні – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, экономиканы ырықтандыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағдарланғанын атап өтуіміз керек деп білеміз. Президент Жолдауында қамтылған бағыттар бойынша партиялық құрылымдарда эксперттік пікір мінберлерінің жұмысын жолға қоюды пысықтап, партияның шын мәніндегі талқы алаңына айналуына жағдай жасауды белгіледік.

Алдағы жұмысымызда, Президент баса мән берген экономикалық бағыт бойынша, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою жөніндегі міндеттерді сала мамандарын қатыстыра отырып, кеңінен талқылайтын боламыз. Банктердің экономиканың нақты секторларына бағдарланған несие бағдарламаларын қоғам болып таразылап,  шағын және орта бизнесті қаржыландыру тетіктерін жетілдіруде облыс тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін жинақтайтын боламыз. Салықтық әкімшілендірудің жаңа тәртіптерін халыққа жеткізуде белсенді ұстанымда болып, мемлекеттік кірістер органдары өкілдерінің партиялық мінберлер арқылы сайлаушыларымыздың алдына шығуын үйлестіру бағытында жұмыс жүргізуді қарастырмақпыз.  

Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсартуда, партиямыздың диалог алаңдарында кәсіпкерлер мен әкімдіктің жауапты қызметкерлерімен, банк өкілдерімен кездесулерін өткізіп, Мемлекет басшысы айтқан «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау үдерісіне өзіндік үлесімізді қосуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы «Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет» деп атап өтті. Аграрлық сала Түркістан облысының экономикасы үшін ең маңызды сала екенін ұғына отырып, бұл бағыттағы жұмыстардың алғы шебінен табылуға және аграрлық шаруашылықтар мен қаржылық ұйымдар арасында сындарлы диалог орнығуына қызмет ететін боламыз. 

Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау үдерісіне де аманаттық өкілдер, депутаттық корпустың мүшелері, партия жанындағы консультативтік органдар барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, облысымызда терең өңдеу өнеркәсібінің аяқтан тұруына жәрдемші болуды көздеудеміз. Бұл бағытта да сала мамандарының, кәсіпкерлік ұйымдар мен өндіріс саласы өкілдерінің басын қосқан эксперттік жиындар өткізіп, қоғамдық пікірге қозғау салып, орнықты ұсыныс-пікірлерді тыңдайтын боламыз. 

Мемлекет басшысы инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді тізбектеп берді. Түркістан облысының инфрақұрылымдық дамуы – партиямыздың Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы саналатыны белгілі. Жол сапасын арттыру, елді мекендерге газ, электр қуатын тарту, сапалы ауыз сумен қамту жөніндегі міндеттер белгіленіп, олардың кезең-кезеңімен іске асырылуы – тұрақты бақылауымызда тұрған басты мәселе. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстарды жүргізуде осы қызметтердің игілігін көретін қарапайым азаматтармен, тұтынушылармен бағдарланған жұмыс жүргізетін боламыз. Облыстағы коммуналдық ұйымдардың қызмет сапасын, тарифтік саясатын қоғамдық бақылауға алып, нақтылы ұсынымдар әзірлеуге күш салуды жөн деп білеміз. Елді мекендердің сапалы интернетпен қамтылу мәселесіне де партиялық бақылау жүйесін түзетін боламыз.   

Қасым-Жомарт Кемелұлы ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажет екендігіне айрықша назар аударды. Бұл мәселе Түркістан облысы үшін өте өзекті екені айқын. Ағын су тапшылығына тап болған дихандардың саны жыл санап артып келеді. Мәселені оңтайлы шешуде су арналарында механикалық тазалау жұмыстары қарқын алды. Көптеген каналдар жөндеуден өтіп, бетондалды. Дегенмен, су жетпей жатқан егістік алқаптарының үлесі біршама төмендегенімен, су тапшылығы мәселесі түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Қалыптасқан ахуалдан шығудың жалғыз жолы – суды барынша үнемді жұмсауға дағдылану. Су үнемдеу технологияларын пайдаланушы аграрлық құрылымдардың үлесін арттыру – басты мәселе. Бұл бағытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлескен іс-қимыл жүргізіп, дихандарымыз үшін тиімді жұмыс бағыттарын ілгерілететін боламыз.

Партияның өңірлік филиалы Президенттің білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық спортты дамыту салалары бойынша берген тапсырмаларының орындалуын қоғамдық бақылауда ұстап, әлеуметтік тұрғыда осал топтағы тұрғындарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуына қолдау көрсетуді жалғастырады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы партиялық «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын жүйелі түрде іске асырып, бұл бастамамызға облыс тұрғындарын кеңінен тартуды әрі қарай да іске асырады.

Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының тиімділігіне ерекше тоқталды. Мемлекеттік бағдарламалар деңгейіне көтерілген жобаларды нәтижелі іске асыруға партия өкілдері белсене қатыса беретін болады. Осы жобалардың негізінде Мемлекет басшысы айтқан «Тауар несиесін беру» бастамасын және мектептерде қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелері бойынша практикалық көмегімізбен бөлісетін боламыз. Заң мен тәртіптің орнығуын қамтуда соңғы кездері өріс алған цифрлы кеңістіктегі алаяқтық әрекеттерге тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы тойтарыс беруге жұмылуға белсене кірісеміз.

Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында қоғамдық-саяси маңызы бар екі басты мәселе айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумның биылғы 6 қазанда өтетіні туралы хабарлады. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болатынын айтты. Сондай-ақ келесі жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келетінін мәлімдеді. Бұл да саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам болатынын жария етті.

«AMANAT» партиясы еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы болған ауқымды саяси күш ретінде және қоғам мен мемлекет игілігі үшін жүмыс істейтін партия санатында, аталған маңызды қоғамдық саяси науқандарды өткізуге белсене кірісіп, халықтың ерікті таңдауын жасауына жол ашады деген сенімдеміз.

Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты

Жазып алған: Н.Назарбек