Мәулен Әшімбаев, Сенат Төрағасы: Экономикалық өсудің айқын бағдары

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария­лап, экономиканың тұрақтылығын және дәйекті дамуын қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық басымдықтарды айқындап берді.

Сондай-ақ заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге және саяси жүйенің тиімділігін арт­тыруға арналған маңызды міндеттер де бел­гіленді.

Жолдауда банктердің экономикаға кө­бірек қаржы құюына жағдай жасау мәселесіне баса мән берілді. Қазір отандық банк­тердің табысы айтарлықтай деңгейде екені бел­гілі. Оны халықаралық сарапшылар да атап өткен. Соған қарамастан банктердің бизнесті қаржыландыру белсенділігі төмен болып отыр. Осыған байланысты Мемлекет бас­шысы бұл саладағы салық мөлшерін әділ бел­гілеу керектігіне назар аударып, Банктер туралы жаңа заң қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар отандық бизнестің ұлт­тық экономикадағы үлесін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік беретін шаралар ке­ше­­ні қабылданды. Бұдан былай өндірісті өр­­кендетеміз деген инвесторларға және те­рең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылады. Са­лықтық әкімшілендіру ісінде де бизнес қауым­дастық үшін тиімді шешімдер қа­был­данады. Осыған орай Салық кодексін әзірлеу процесі тыңғылықты әрі байыпты жүргізіледі. Президентіміз осындай жүйе­лі қолдау шараларының арқасында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуді міндет етіп жүктеді. Қазір бұл көрсеткіш  7 пайыз шамасында.

Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздің өнер­кәсіп әлеуетін толық пайдалану мәселесіне де айрықша тоқталды. Бұл бағытта автокөлік құрастыру және мұнай-газ-химия са­ласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты жо­баларға басымдық беріледі.

Елімізде инфрақұрылым бағытында қор­даланған проблемалар да аз емес. Бұл, әсі­ресе энергетика және коммуналдық шаруа­шылық үшін өте өзекті. Сондықтан Пре­зидентіміз осы саланы жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекітуді тапсырды. Бұл құжат азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей ықпал ететіні анық.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамда қызу талқыланған атом электр стансасын салу мәселесіне де ерекше мән берді. АЭС салуға қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтетіні белгілі болды. Бұл – қоғамдық пікірдің үстемдігін көрсететін маңызды қадам. Осы ретте азаматтарымыз белсенділік танытады деп сенеміз.

Саяси жүйені реформалау ісі де назардан тыс қалмады. Бұл бағытта соңғы жылдарда ауқымды реформалар үздіксіз жүзеге асырылғаны белгілі. Сол жұмыстардың келесі кезеңінде аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады.

Сондай-ақ Жолдауда көлік-логистика, агроөнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, цифрлық даму және тағы басқа салаларды жетілдіруге қатысты нақты міндеттер белгіленді. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттілігі де нақты белгіленді.

Осы және басқа да міндеттер мен мақ­­саттарға қол жеткізу үшін тиісті заң­дар қабылдау қажет. Бұл қатарда Прези­ден­тіміз атап көрсеткен банктер, құқық­бұзушылықтардың алдын алу, бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік саясат, активтерді қайтару туралы заңдар бар.

Мұның бәрі Парламентке маңызды міндеттер жүктейді. Осыған орай Сенат Мәжіліс пен Үкіметтегі әріптестерімен және сарапшылармен бірге белсенді жұмыс істейтін болады.

Мемлекет басшысы белгілеп берген ба­сымдықтарды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру еліміздің тұрақты экономикалық да­муына және Әділетті Қазақстанның тұ­ғырын нығайта түсуге тың серпін береді деп сенеміз.