Мемлекет әлеуметтік жағынан осал отбасылардағы 500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетті. Облыстық білім басқармаларының мәліметінше, биыл жалпыға бірдей білім беру қорынан ата-аналардың есепшоттарына 22,2 млрд теңгеден астам қаражат аударылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қолдау атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардағы оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардағы мектеп оқушыларына көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, өтініш бергендердің 100 пайызы мемлекеттен қаржылай көмек алған.
«Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі көмек көрсету механизмін, оның ішінде ата-аналардың есепшоттарына ақша аударуды жетілдіру бойынша шаралар қабылдаған болатын. Бұл шара ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен оқу құралдарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік берді, осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды. Биылғы жылы әрбір оқушыға орташа есеппен 45 мың теңге шамасында қаражат бөлінді», - деп атап өтті Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жыл сайын 30 қыркүйекке дейін жалғасатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Бүгінгі күні акция аясында ондаған мың отбасы демеушілердің көмегіне ие болды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.