Мемлекеттік қызметке жаңашыл жастар қажет

Елдің мемлекеттік органдарын кадрлық қамтамасыз ету мәселесі республикалық деңгейде де, өңірлік деңгейде де бүкілқазақстандық мемлекеттік қызметтің жүйелі проблемасы болып отыр.

Бұл ең тартымды еңбек жағдайларын ұсынатын республикалық органдарға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметке әлеуетті кандидаттарды таңдау мүмкіндігі шектеулі жер­гілікті билік органдарына да әсер етеді. Мемлекеттік қыз­метке белсенді және талантты жастарды тарту, сондай-ақ олардың қатарынан резервтер қалыптастыру үшін тиісті жағдайлар жасау жөніндегі міндет бүгінде аса өзекті.

Осыған байланысты елімізде Мемлекет басшысының бас­тамасымен пайда болған және талантты жастарға мемлекетте жоғары басқару лауазымдарына орналасуға мүмкіндік беруге бағытталған Президенттік жастар кадрлық резерві институтына неғұрлым маңызды рөл беріледі. Бұл жоба жас ұрпаққа өз­дерінің зияткерлік және шығармашылық әлеуетін негізгі және жауапты лауазымдарда іске асыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жас кәсіпқойларға деген сұраныс республикалық деңгейде ғана емес, өңірлер деңгейінде де бар екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Өңірлік кадр резервін құру жобасын іске асырды.

Былтырғы маусым айында Мемлекет басшысы өңірлер үшін резервшілерді қалыптастыру және тағайындау жөніндегі тиісті ережелерді бекітті. Биылғы наурыз айынан бастап бүкіл ел бойынша, оның ішінде Абай облысы бойынша кандидаттарды іріктеу үдерісі басталды. Жобаның негізгі мақсаты – өңір­лердің дамуына елеулі үлес қосуға қабілетті жас және талантты басқарушылар пулын құру. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, «елге жауапкершілікті өз мойнына алып, стандартты емес және тиімді шешімдерді ен­гізуге дайын жаңа құраманың командасы қажет. Дәл осындай адамдар бүгінде экономика мен әлеуметтік салада елеулі нәтижелерге қол жеткізу үшін қажет».

Абай облысының өңірлік кадрлық резервіне іріктеуден өту кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Кезеңдерге құжаттарды қабылдау, заңнаманы білуге тестілеу және жеке қасиеттерін бағалау, құзыреттерді бағалау, комиссиядағы құрылымдық сұхбат және кандидаттарды резервке еңгізу бойынша комиссия отырысын өткізу кірді. Іріктеудің бірінші кезеңінде 398 өтінім берілді. Оның ішінде 234 үміткер заңнаманы білуге тестілеуге жіберілді. Жеке қасиеттерін бағалау кезеңіне 103 үміт­кер жіберілді. Оның қорытындысы бойынша 52 кандидат шекті деңгейден өтті, олардың 51-і құзыреттілікті бағалауға жа­зылды. Құзыреттіліктерді бағалау кезеңінен өту қорытындысы бойынша сәтті өткендердің саны 41-ге жетті. Олардың 38-і ғана құрылымдалған сұхбатқа қатысуға ниет білдірді.

Сұхбат кезеңінде кандидаттар өз жобаларын әлеуметтік сала, экономика және қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, цифрландыру, экология, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, сондай-ақ индустрия және өнеркәсіп сияқты жеті бағыт бойынша таныстыру форматында облыстық кадр комиссиясы алдында қорғады. Комиссия қатысушыларды талдау қабілеттерін, білім тереңдігін және коммуникативтік дағдыларын ескере отырып, бес балдық шкала бойынша бағалады.

Іріктеудің барлық кезеңдері қорытындысы бойынша Абай облысының өңірлік кадрлық резервіне 25 резервші қа­былданды. Бұл жастар жеке бизнес пен квазимемлекеттік сектордан бастап мемлекеттік басқару органдарына дейінгі түрлі саланы білдіреді.

Айта кетерлігі, өңірлік кадр резервін қалыптастыру облыстың жергілікті атқарушы органдарында кәсіби кадрларға деген қажеттіліктің туындауымен тұспа-тұс келді. Бүгінде облыста 55 бос басшылық лауазым бар. Резервке алынған адамдар сайланбалы лауазымдарды қоспағанда, екі жыл ішінде өңірдің мемлекеттік қызметінде жауапты позицияларға ие бола алады. Тағайындау мүмкіндігі кандидаттардың өз қалау­ларына да байланысты.

Осылайша, Өңірлік кадрлық резервті қалыптастыру талантты жастардың алдында өңірдің дамуына өз үлесін қосуға, сондай-ақ жалпы елдің дамуына өз тиімділігін көрсетуге мүмкіндік береді.

Барлық мемлекеттік қызметтің тиімділігі де қызметші­­лердің тиімділігіне байланысты болғандықтан, ол әлеуметтік-­экономикалық көрсеткіштердің, бәсекеге қабілеттіліктің және еліміздің халықаралық деңгейдегі беделінің өсуіне әсер етеді. Бұл ретте мемлекеттік аппараттың кәсіби құзыреттілік, еңбекке ынталандыру, зияткерлік және шығармашылық әлеует, жоғары эрудиция және білімділік, жоғары мораль, адамгершілік, мәдениет және руханият қағидаттарында қалыптастырылған кадрлық құрамы – мемлекеттік басқарудың тиімділігін айқындайтын іргелі фактор.

Мемлекеттiк органдарға жас мамандарды тұрақты негiзде тарту жүйесiн, оның iшiнде кадр резервтерiн қалыптастыру жолымен құру мемлекеттiк қызметтiң көптеген проблемасын шешуге, оның кәсiби деңгейiн көтеруге және қызмет нәтижелерiн жақсартуға жол ашады.

Н. ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Абай облысы бойынша департаменті басшысы