"Қарызға баттық": Ірі құрылыс компаниясының жұмысшылары жалақысын ала алмай жүр

Жұрттың еңбегін жеген компания қалада 60-тан аса мемлекеттік мекеменің құрылысын мойнына алған. 

Алматыда кілең мемлекеттік мекемені салған ірі компания жұмысшыларын жалақыдан қаққан. Айлап еңбекақы көрмегендер жұмыс берушінің кеңсесінде жиналды. Компаниямен жұмыс істеген қосалқы мердігерлер де миллиондаған ақшасын ала алмай жүр екен. Бірақ ақшасын даулағандармен тілдесуге ешкім шықпады, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Алматыдағы амбулатория сәуір айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда құрылыс уақытында бітпеген. Тіпті, мұндағы жұмыс қазір түбегейлі тоқтап тұр. Жауапты компания құрылысты кешіктіргенімен қоймай, жұмысшыларының да айлығын дер кезінде бермей жүр екен.

Құрылысшылар түрлі мемлекеттік мекемелердің бой көтеруіне ат салысқан. Ауыр жұмысты атқарғандар төрт айдан бері жалақыны ұмытыпты. Соның кесірінен қыруар қарызға батып, бүгіннен бастап тіпті жұмысқа шығудан да бас тартты. 

– Маған 2 жарым миллиондай қарыз. Демалысқа шыққанбыз. Оны да бермеді. Айтар сөзіміз таусылды, ол кісілерге, – деді құрылысшы Мақсат Байбосын. 

Тек құрылысшылар емес, осы компаниямен серіктес болған қосалқы мердігерлер де істелген жұмыстың ақшасын ала алмай жүр. Құрылыс компаниясы олардың біріне 3 миллион, енді біріне 15 миллион теңге қарыз екен. Айтуларынша, компанияның иесіне күнде хабарласады. Алайда маңдай тері ақысын даулағандардың алатын жауабы — бір.

– Қарызға баттық. Кредит те бермейді. Өйткені зейнетақы қорына аудармаған. Қазан айынан бастап зейнетақы қорына төленбей жатыр, – дейді жұмысшы Гүлсара Мұзапарова. 

Жұрттың еңбегін жеген компания қалада 60-тан аса мемлекеттік мекеменің құрылысын мойнына алған. Оның қатарында медициналық нысандар, мектептер, тіпті коммуналдық жүйелерге дейін бар. Бас кеңседегілер бүгін тілшілермен тілдесуден бас тартты. Ал жағдайды телефон арқылы түсіндірген мәслихат депутаты әрі осы компанияның негізін қалаушы Ералы Сауранбаев жуырда мұнда жаңа инвестор келгенін мәлімдеді. Сондықтан оларға уақыт қажет дейді.

— Бізде шоттар жабық болған. Қазір енді ғана ашылып жатыр. Жаңа шоттарды ашып, ақшаны қабылдап, одан кейін жаңа инвестор, директор бүкіл айлықты төлеуге мүмкіндік болады. Осылайша, компанияның қожайыны жалақы айдың соңына дейін төленеді деп тағы сендірді. Ал жұмысшылар еңбекақыны толық көлемде алмайынша, құрылыс алаңына шықпаймыз деп отыр, – деді  құрылыс компаниясының негізін қалаушы Ералы Сауранбаев.