Жанат Жаңқашұлы, ақын: Сөз түзелмей, тұрмыс түзелмейді

Осы біз кейде әдебиет дейтін әлемнен тың дүние, жаңашылдық іздейтініміз рас. Бұрын қойын-қоншына кітап толтырып жүретін ағайын бүгінде әлеуметтік желіге телмірген.

Жылт еткен дүние болса, содан табады. Күнделікті жедел ақпараттан бөлек, көркем дүниенің де анонсын содан байқайды. Бұрынғы оқырман іздеп жүріп оқитын болса, бүгінгінің сұрағаны іздемей-ақ табылып жатыр. «Ардың ісі» деп аталатын әдебиетте нендей мұң бар, нендей өзгеріс бар? Біз көркем әдебиеттен, рухани әлемнен тым алшақ кетіп қалған жоқпыз ба?  Біз бұл сауалды  ақын Жанат Жаңқашұлына қойған едік. 

– Жанат, әдеби әлемде не жаңа­лық болып жатыр? «Елең еткен бір дү­ние оқимыз ба?» деп, кейде әлеу­меттік желіге үңілеміз. Неге әлеу­мет­тік желіге дейтін шығарсыз, қа­зір шығармашылық адамының не­гізгі алаңы осы болып тұр. Про­за­да марқұм Ғалымбек Елубайдың жылт еткен жақсы дүниелері бар еді, одан кейін ол ауылдан да көп үн шық­пайды. Өлең дейтін әлем әлеу­меттің мұңын көрсете ала ма? Қалай ой­лайсыз?

– Бұрын газеттерге өлеңіміз шық­­са, бөркімізді аспанға атып, ал­ғаш өлеңі шыққан газеттің қан­ша­ма нөмірін сатып алып, тұтас бөл­меге жайып қойып, еңбектеп жү­ріп оқыған Вознесенскийдің күйін кешетін едік. Газетте отырған редакторлар да мұны білетін. Сол себепті де бізге паң қарайтын. Қа­зір Facebook парақшамыз жақсы бол­ды. Өз парақшаң, өз газетің. Га­­­зеттен де көп оқылады. Сол се­беп­ті ақындар Facebook-ке әуес. 

Ал Ғалымбек Елубай жайлы ай­тар болсақ, керемет жазушы еді. Га­бриэль Маркестердің ғажайып реализімі бар еді шығармаларында. Дер кезінде бағалай алмадық. Бір­не­ше рет парақшама «керемет жа­зушы таптым» деп шығар­ма­ла­рын бөлістім. Тірі болса, әлі талай ұлы дүниелер жазар еді. Өз отына өр­теніп кетті. Енді артындағы мұ­ра­сын жинақтау керек. 

Біздің Үкімет қалыптасқан жа­з­ушыларға ғана қамқор­лық жасайды. Президент стипен­дия­сын алатындардың тізімін қа­раңызшы. Бірді-екілі жас болмаса, кіл мүйізі қарағайдай аға-әпке­ле­рі­міз. Ал олар қамқорлыққа зәру ме? Қамқорлық Ғалымбек секілді жас­тарға керек-ті… 

Бейбіт Сарыбай, Қанат Әбіл­қайыр, Ұларбек Дәлей, Мақсат Мә­лік, Әлихан Жақсылық секілді жі­­­гіттер кітап сатудың жақсы жо­лын тауып, жаңа бір үрдіс бастады. Бү­гінгі күннің негізгі жаңалығы – осы. Бұған да біз Facebook-ке қа­рыз­дармыз. Қанат Әбілқайырдың кі­табын әлі жазып жатқан кезінде әлеу­меттік желідегі жарнамасына қарап, алдын ала сатып алдым. Ал­дыңғы жылы «Ойтамған» атты кітабымды Facebook парақшамда аук­ционға шығардым. Алғашқы жар­на 3 мыңнан басталды. Аяғын­да бір данасы 15 мыңға сатылды. Ал «AMANAT» партиясының Қа­ра­­­ғандыдағы филиалы ұйым­дас­тырған аукционда Серік Ақсұң­қар­ұлы ағамның бір кітабы 25 мың­ға өтті. Кітапті қадірлейтін адам­дар әлі де бар. Сондықтан жо­­ғарыда аты аталған жазу­шы­ла­ры­мыздың кітап сатудағы жаңа жо­лы қуантарлық һәм құптарлық.

– «Ол жақта да Жаңқашұлы жыр жазып жүр» дейсіз. Ол жақ дегеніңіз – қай жақ?

– Бұл «Екінші әлем» дейтін ша­ғын поэмадан үзінді ғой. Мына Қазақстаннан жеріген кезде, төр­тін­ші өлшемдегі (измерения) Қа­зақ­станды іздеген, аңсаған жыр. Ол жақта Қазақстаныңыз – дүр­кі­ре­ген ел. Алпауыт ел. Өзгеге құл бол­маған, аштық көрмеген, отыз жыл ұры-қарыға желінбеген, уаха­биз­мі жоқ, дәстүрі берік, қаруы мық­ты, жүз миллионға тарта қаза­ғы бар қуатты ел. Ол жақта да Жа­нат Жаңқашұлы бар. Ол жақта да Гүлзина Бектас бар. Тек тарихи оқи­ғалары біздікінен өзгеше өр­бі­-г­ен. Кеселге ұрынбаған, кесесі сын­­­­баған, кесенесі қирамаған…

– Оқырман Ғалым ағаның (Жай­­лыбай) әлеуметтік тақырып­та­ғы өлеңдерін жиі оқиды. Қазіргі ақын­дар не жазып жүр, нені толғап жүр?

– Ғалым ағамның ұстанымы ұнай­ды. Қуаты мықты. Кез келген та­қырыпты еңсеріп әкетеді. Бізге аға­ларымыздың поэзияға деген ма­­­хаббаты жетіспейді. Пет­ро­павл­да Мағжанның мерейтойына бай­ла­нысты бір жиын болады. Жас ақын­дар да бар. Таңертеңгі жиын үс­тінде Ғалым ағаның қатарлас­та­ры­ның бәрі «түнде өлең жаздым» деп сиясы кеппеген жыр оқып бе­­ріп­ті. Ал жастар түк жазбаған. «Мен аяғыммен жазамын» деген Воз­­несенский еске түседі осын­дай­да. Біздің аға буын аяғымен жа­зады. Поэзияға сонша ынтызар. Ал біз сүлесоқпыз. Мен бұл қа­сиет­ті Серік Ақсұңқарұлынан «Түр­­­кия ғазалдары», Светқали Нұржаннан «Ке­несары қамалы» және қаншама аға­ларымнан байқадым. Үлкендер жүр­ген жерінен өлең «аулап» қай­та­ды. Бізге осы жетіспейді. Әйтсе де өз қатарым хал-қадірінше жа­зып жүр. Ербол Алшынбай «Та­­рым­­­шы» дейтін ғажап дүние жаз­ды. Мирас Асанның кейінгі жазған ли­рикалары қандай ғажап?! Мерей Қарт тыңнан түрен салуда. Олжас Қа­сымның Семей полигонына ар­­­наған понорамасы керім. Жә­ні­бек Әлиманның жаңа тынысы ашыл­ғандай. Батырхан Сәрсенхан Шы­ғысты қопарып жатыр.

– Дегенмен қазір ақын да, жазу­шы да түрлі байқауда (мүшәйра, жыр бәйгесі, мерейтой) көрініп қа­ла­тыны рас қой. Мойындаңызшы. Яғ­ни, байқауға арнап жазылған дү­ниелер көбейді. Одан өзге уа­қыт­та шабыт қыспай ма? 

– Жүлде үшін жазылған дү­ние­нің бәрі керемет дей алмаймыз. Кей мүшәйраларда өзіміз де қазы­лық етеміз. Сонда «мүшәйраға ке­­­ре­­мет өлең түспейді» деген ұста­ным­­мен, сәл төмен талаппен қа­­­­­­рай­мыз. Біздерге бұл жүлденің ата­­ғы емес, ақшасы керек. Анығы – осы. Бұл шабыттанғаннан емес, шарасыздықтан жазылған дү­ние деп біліңіз. Әлі күнге дейін бас­панасыз жүрген ақындар бар. Сол мүшәйраның қаржысымен үй­дің алғашқы сомасын салып, үйлі болған бауырлар да бар. Әйт­песе, бізді басымыздан сипар Үкі­мет жоқ. Ақын-жазушылардың осын­дай бәйгелерге көптеп қаты­суы­на кешіріммен қараңыздар дер едім. 

– «Молданың бар сүрені бір ма­қаммен оқитыны секілді бір мұңға салып, батқан күннен, құлаған там­шыдан өздерін іздейді де жүреді. Мұ­ңаяды. Жылайды. Өкпелейді. Бұл мас адамның былдырындай һәм дәл соның өмірге өкпелегеніндей әсер қалдырады. Сосын бір-бірінің ау­зына түкіргендей «өлеңдегі» ау­ралары бір-бірінен аумайды» депсіз. Бұл ойыңыз өзгерді ме? 

– Жоқ, өзгерген жоқ. Бұл ақ ө­лең­­­­шілер туралы айтқаным болса керек. 

– Аға буынмен әңгімелесе қал­саңыз, әр шыққан шығармасын не бол­маса кітабын кезінде Әдебиет үйін­де сыншылар тас-талқан сына­ға­нын айтады. Қазір мұндай әдеби үрдіс байқалмайды. Сыншылар да «көңілге» қарайтын болып алды-ау деп ойлаймыз. Өйткені бірін-бірі мақ­таған, бірін-бірі биікке көтерген бірсарынды дүниелер көбейді. «Қат­ты айтсам, жақыныма жақпай қа­ламын ба?» деген қорқыныш басым секілді. Неге?

– Өте дұрыс айтасыз. «Албасты да қабағыңа қарап басады» деуші еді атам. Қазіргі сыншылардың бұ­­­­­рынғыдай беделі жоқ. Сол се­беп­­ті де жетім баладай қабаққа қа­рап қалды. Қарағандыда Жансая Жа­рылғап дейтін мықты ағамыз бар. Мағауиннің өзі мақтаған сын­шы. Сол ағама «Неге сын жазбай­сыз?» десем «бәлесінен аулақ» дей­ді. Мәдениет министрлігі осы сын­шыларға қолдау көрсету керек. Жы­лына қаншама кітап шы­ғара­ды. Сол кітаптарды шығарар ал­дын сыншыларды жинап, сүзгіден өт­кізіп, рецензия алуға тиіс. Сонда сыншының да беделі өседі. Беделді сыншы кез келген адамды қорық­пай сынайды. «Бәлесінен аулақ» де­мейді. Қазір көрінген ақын­сы­мақ, жазушысымақ мемлекеттік тап­сырыспен кітап шығартып жа­­­­тыр. Осыған тойтарыс беру керек. Мемлекет нақты жауһар дүниелер­ге, ұлтқа керек әдебиетке ғана қар­жы шығаруға тиіс.

– Жалғыз өлеңмен жан баға ал­май­тыны белгілі. Ақындардың шы­­ғар­машылығына кедергі келтіретін не дүние? Әлде, сананы тұрмыс би­­­леп кетті ме?

– Сананы тұрмыс билейді дей­сіз бе? Мүмкін тұрмысты сана би­­­­лейтін шығар. Қарасаңыз – қа­зақ әнінің сексен пайыздайы зар мен мұң. Махаббат мұңы, жал­ғыз­дық зары, тағы басқа. Ал дамыған ел­­дердің көп әнін тыңдасаңыз, «мен жеңемін», «мен мықтымын» деп келеді. «Жақсы сөз –жарым ырыс» деген бар. Қалай сөйлейсің, со­лай ғұмыр кешесің. Сөз деген – ұлы күш. Абай атамыз «Сөз тү­зел­ді» деп еді. Басқа мағынада айтты ғой, әри­не. Ал шынтуайтында, сөзіміз әлі түзелген жоқ. Сөз түзелмей, тұр­­­­мыс түзелмейді.

– Өлең сатып күн көруге бола ма? Жалпы, ол (сату) мүмкін бе?

– Қазір атын ұмытып отыр­мын. Американың бір жас ақыны өлең­дерін машинкаға басып, па­рақ күйінде бірнеше долларға са­тып күн көріп отыр. Яғни, болады. 

– Шығармашылық адамына не же­тіспейді? Еркіндік, аудитория, бі­лім, мүмкін, көп ақша шығар. Со­лай ма?

– Шығармашылық адамына із­­­­­деніс жетіспейді. Қаншама аға­ла­­­ры­м­нан осыны анық байқай­мын. Құ­дай берген талант бар. Бі­лім жоқ. Ізденбеген адам тоқы­рау­ға ұшы­рай­­­ды. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС