Әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханды жанкүйерлер әуежайдан күтіп алды

Ризабек Айтмұхан көтеріңкі көңіл күймен спортсүйер қауымға ризашылығын білдірді.

Күрестен жастар арасында әлем чемпионы атанған палуанды туыстары, достары мен жанкүйерлері әуежайдан ыстық ықыласпен қарсы алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Әлем чемпионының құрметіне ән-күй қалықтап, алдынан шашу шашылды. Қарсы алушылар палуанға ақтан ауыз тигізіп, гүл шоқтарын ұсынды. Ризабек Айтмұхан көтеріңкі көңіл күймен спортсүйер қауымға ризашылығын білдірді.

«Астана әуежайында ел болып күтіп алып, қолдап жатқандарыңызға үлкен рақмет. Жеңісті шын сезініп жатырмын. Қазақ елін жеңісімен құттықтаймын!» - деді Р.Айтмұхан.

Спортшы әлем чемпионатында 4 белдесуде бақ сынағанын айтты. Оның ішінде ирандық палуанды 12-1 есебімен, грециялық спортшыны да 12-1 есебімен, сондай-ақ америкалық палуанды 9-1, ал ақтық финалда әзербайжандық спортшыны 10-1 есебімен жеңген. Оның айтуынша, бұлардың ішінде америкалық қарсыласымен белдесу қиынға соққан. Палуан бұдан кейінгі де жарыс жолдарына дайындалып, жеңістің туын желбіретпек.

«Ең алдымен, ауылға барып демалып, қолдап-қолпаштаған ел-жұртқа ризашылығымды айтпақпын. Одан соң 23 жасқа дейінгі спортшылар қатысатын әлем чемпионатына дайындаламын», - деді ол.

Спортшы алдағы уақытта әлем чемпионатынан басқа Олимпиада ойындары, Азия чемпионаттарында жеңімпаз атануға бар күш-жігерін салатынын айтты.

Сонымен қатар, палуан Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қолдау білдірмек.

Айта кетейік, еркін күрес балуаны Понтеведре қаласында өткен (Испания) U20 әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Ризабек 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шебер күресіп, барлық жекпе-жекте қарсыластарынан басым түсті. Финалда 20 жастағы Ризабек Айтмұхан әзербайжандық Хетаг Карсановпен күресіп, мерзімінен бұрын айқын жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Айтмұхан әлем чемпионатында 92 келіге дейінгі санатта «алтын» жеңіп алған болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.