Мұхтар Құл-Мұхаммед, мемлекет қайраткері: Қайта оралған батырлар

Келесі жылы барша қазақстандықтар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеді. Бұл соғыс қазақ халқының ерлігі мен қаһармандығын бүкіл әлемге паш етті.

«Ұлы Отан соғысының еліміз тарихында алар орны қандай? Батырларымызды қалай ұлықтауымыз керек?» деген сұрақтар төңірегінде белгілі мемлекет қайраткері, ғалым, академик Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедпен сұхбат құрған едік. 

– Мұхтар Абрарұлы, «Ұлы Отан со­ғы­сы» қандай соғыс? Оның тәуелсіз Қазақстан та­рихындағы алар орны қандай болмақ? Әңгімемізді осы сауалдардан бастасақ.

– Бізге қазақ тарихының қай парағы бол­сын қымбат. Бұл – Күлтегін ұстынында жа­зылғандай, батыр баба­ла­рымыз «қара терін төккен, қы­зыл қанын жүгірткен» қас­терлі тарих. Ұлы Отан соғысы да қаһарлы күнд­ер­ден тұратын киелі кезең.

Әрине, ол кезде біз Кеңес Одағы деген алып им­перия құрамында бол­дық. Ба­ба­ла­рымыз ғана емес, біздің буын өкілдері де осы Одақ­тың азаматы болды. Сон­дық­тан небір «тар жол, тай­ғақ кешулерден», зұлмат ашаршылық, қанды реп­рес­сия, сұрапыл соғыс, ұлт зия­лыларын үздіксіз қуғын-сүр­гінге ұшырату мен ке­ше­гі Желтоқсан оқиғасына дейінгі аласат кезеңдерден тұ­ратын ұлт тарихының әр бө­лігі ұмытылмауға тиіс. Бі­р­ақ оның ақиқатын аңыздан аршып ала білуіміз керек.

Жаңа Сіз айтқан «Ұлы Отан соғысы» деген соғысты ба­тыс жұртшылығы мүлде біл­мейді. Оның есесіне әлем­нің жетпістен астам мем­лекеті қатысып, үш құр­лық пен үш мұхитта қанды шай­қастар болған Екінші дүниежүзілік соғысты жақсы біледі.

Жаһандық соғыс өртін 1939 жылдың 1 қыркүйегінде тұтатқан фашистік Гер­мания болды. Ал батыс тарихшылары бұ­ған Кеңес Одағын да қосақтайды. Шын­дығында, Германия Польшаның ба­тысын жаулап алғанда 17 қыркүйекте Ста­линнің бұйрығымен кеңес әскерлері По­льшаның шығысына басып кіреді. Бұл – күрделі тақырып. Оған бөлек әңгіме керек.

Германия 1941 жылдың 22 шілдесінде КСРО-ға шабуыл жасағаннан бастап, кеңес халқы үшін Ұлы Отан соғысы бас­тал­ды. Біз үшін, шын мәнінде, бұл қастер­лі соғыс болды. Оны да, кескілескен шай­­­­қастарда асқан ерлік көрсеткен батыр ба­баларымызды да, осы соғыста шейіт бол­ған әрбір сарбазымызды да ешқашан ес­тен шығаруға болмайды.

– Қазақстаннан барлығы қанша адам соғысқа қатысты? Олардың қаншасы май­дан даласынан оралмады?

– Кезінде кандидаттық дис­се­р­та­циям­ды орыс энциклопедияларындағы қа­зақ тарихынан қорғағанмын. Рево­лю­ция­ға дейінгі ең үлкен орыс энцик­ло­пе­дия­сы «Брокгауз-Ефронның» нақты де­рек­тері бойынша Ресей империясында 1897 жылы 4 миллион 84 мың қазақ өмір сүр­ген. Бірақ бұл санаққа сол кезде дербес мем­лекеттер болған Бұхара әмірлігі мен Хиуа хандығындағы қазақтар және Қытай мен Монғолияда тұратын қандастарымыз кірмей қалған. Мәселен, Хиуа хандығы хал­қының төрттен бірін қазақтар құраған. Сон­да ХІХ ғасыр соңындағы қазақтардың са­ны 5 миллионға еркін жеткен. Ал ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде халқымыз 6 миллионнан асқан. Кешегі Ресей им­перия­сы мен Кеңес Одағы құрамындағы түр­кі-мұсылман халықтарының саны жағы­нан ең көбі біздің ұлтымыз болған. 

Сталиннің жауыздықпен жүргізген сұм­пайы саясатының салдарынан болған 20-шы жылдардағы алғашқы ашаршылық пен кәмпеске, 30-шы жылдардағы зұлмат ашаршылық пен қанды репрессия хал­қымыздың демографиялық дамуына ора­сан зор зиянын тигізді. 

Менің ардақты ұстазым, академик Ма­наш Қозыбаевтың деректері бойынша Ұлы Отан соғысына 1 миллион 200 мың қазақстандық аттанып, оның тең жарымынан астамы қан майданда қаза тап­қан. Сіз сұраған нақты сұраққа, нақты жауап осындай. 

– Енді бабаларымыздың ерлігі мен қаһар­мандығына оралсақ. Ұлы Отан со­ғысында қанша қазаққа Кеңес Одағының Ба­тыры атағы берілді? Нақты дерек жоқ. Әр жерде әртүрлі мәліметтер айтылады.

– Оның өзіндік себебі бар. Жастау ке­­зімде Қазақ кеңес энциклопедиясында қыз­­мет істедім. Жеңістің 40 жылдығы қар­­саңында 1985 жылы «Қазақ ССР» қыс­қа­ша энциклопедиясының 1-томын шы­ғар­дық. Сондағы әр батырдың есімін атап оты­рып түгендегенде, Ұлы Отан соғы­сын­да 98 қазаққа Батыр атағы берілгенін анық­­­­­тадық, бірақ бұл толық дерек емес. Онда Қазақстаннан өзге 14 республикадан әскерге шақырылып, Батыр атағына ие болғандар қамтылмаған. Кейбір ұлты қазақ азаматтар түрлі себептермен басқа ұлт­тың өкілі болып жазылып кеткен. Ме­нің есебім бойынша, осының бәрін еске­ре­тін болсақ, Ұлы Отан соғысында 138 қа­зақ Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген. Кейінгілер толықтыра жатар. Әзіргі дерек осындай.

– Кейін бейбіт заманында да біраз адамға берілді ғой.

– Иә, олар көп емес. Олар негізінен ға­­­­рышкерлер ғой. Тек атағы жердің жүзін шар­лаған даңқты қолбасшы Бауыржан Мо­мышұлы ағамызға Кеңес Одағы күй­реуі­нен бір жыл бұрын ғана ұялғанынан Кеңес Одағының Батыры атағын берді.

Әскери жойғыш ұшақты сынауда көр­сеткен ерлігі үшін Тоқтар Әубәкіров аға­мызға да 1988 жылы Кеңес Одағының Ба­тыры атағы берілді.

Ельциннің тұсында – 1996 жылы ка­питан Гастеллодан бұрын жау ұшағына ал­ғаш рет таран жасаған жерлесіміз Бақ­ты­ораз Бейсекбаев Ресей Батыры атанды.

– Ал ұсынылып тұрып, ерлігіне лайық ата­ғы берілмегендер ше? Олар да көп бол­ған жоқ па?

– Дәл солай. Соғыс кезінде 118 қазақ (бұ­дан да көп болуы мүмкін) Батыр атағы­на ұсынылып тұрса да, оларға бұл атақ берілмеген. Өйткені Кремльдегілер бәрін есептеп отырған. Ең үлкен ерлікті «ұлы» орыс халқының өкілдері жасау керек, одан кейін украин, белорус дегендей. Со­ның өзінде жан басына шаққанда ба­тырлардың саны жөнінен қазақтар алғаш­қы үштікке еніп отыр. Егер бұған қосымша 118 қазаққа атақ берілсе, біз халық санына қарай есептегенде, орыстың да алдына шы­ғып кетер едік. Сол себепті қазақ жауын­герлерінің ерлігіне лайықты баға бе­ріл­мей, әділетсіздік жасалған. 

Біздің буын екі мәрте «Алтын жұлдыз» ал­ғандардан атақты ұшқыш Талғат Бигел­ди­нов ағамызды ғана біледі. Ал шынды­ғын­да, одан басқа тағы 6 қазақ екі мәрте осы атаққа ұсынылған. Оның екеуіне ғана бұл атақ бір-ақ рет берілген. Сол екеудің бірі – белгілі қолбасшы, генерал Сағадат Нұр­мағамбетов ағамыз. Ал төрт қазақ екі рет қатарынан Батыр атағына ұсынылса да оларға бір «Алтын жұлдыздың» өзін бұйырт­паған. «Халықтар достығының ода­ғы» деп жүрген кеңес заманында осын­­­дай әділетсіздіктер көп болған. 

– Әскери мамандықтардың да саласы көп. Қай саладан батырлар көп шыққан?

– Қазақ – талантты халық. Олар әс­кери өнердің қай түрін болсын тез арада мең­геріп әкеткен. Сондықтан біздің хал­қымыздан сирек әскери мамандықтар: ұш­қыш, танкист, артиллерия саласының ба­тырлары шықты. Бабалары жекпе-жек­ке жиі шыққан ерен ерлеріміз қоян-қол­тық ұрыстың да шебері болған. Екі рет батырлыққа ұсынылып, бір ғана «Алтын жұлдызға» ие болған капитан Сейітхан Темір­баев ағамыз әуедесантшылар рота­сы­ның командирі болған. Әйтсе де, қа­зақ­тар арасынан құралайды көзге атқан сұрмергендер, әскери тілмен айтқанда, снайперлер көп шыққан. Төлеуғали Әбді­беков деген мерген 397 немістің көзін жой­ған. Кейбіреулер: «соны кім санап отыр­ған дейсің?» – деуі де мүмкін. Санап отыр­ған дейміз біз. Өйткені әр мергеннің өз «снайперская книжкасы» болған. Ко­мандирі әрбір шайқастан кейін соны тол­тырып, қолын қойып, мағлұматты рас­тап отырған. Төлеуғали ағамыздың жай­ратқан жауы 395-ке жеткенде (наг­рад­ной листінде дәл осылай көрсетілген) оны Батыр атағына ұсынған. Бұл 1944 жылдың шілдесі, бірақ бермеген. «Қызыл Жұлдыз» орденімен шектелген. 

Сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің даң­қы соғыс кезінде бүкіл майдан даласын шарлап кеткен. Оның ерлігін Ұлы Отан со­ғысының даңқты қолбасшылары – Кеңес Одағының Батыры, армия генералы К.Галицкий, генерал-лейтенант Ф.Лис­и­цын, генерал-майор Ф.Зуев, генерал-майор А.Литвинов т.б. мойындады. Мойын­дап қана қойған жоқ, мергенді қата­рынан бірнеше рет мәртебелі мара­пат­тарға ұсынып, соғыс аяқталғаннан кейін жариялаған әскери мемуарларында оның ерлігін зор ризашылықпен тамсана жазған. 

Осы екі батыр ағамызға жасалған әді­лет­сіздікті жақсы білетін, өзі де майдангер офицердің баласы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екеуіне де «Қа­зақстанның халық қаһарманы» атағын бер­ді. Өшкеннің жанып, өлгеннің тірілге­ні осы емес пе?

– Сіздің де осыдан 4 жыл бұрын осы бір сауапты іске мұрындық болып, Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесін көтергеніңіз есімізде. Жал­пы, аты көзі тірісінде аңызға айналған Ыбы­райым Сүлейменов қандай адам болған?

– Ыбырайым Сүлейменов әскер қа­та­ры­на шақырылған 1941 жылдың соңын­да Алматыда 100 атқыштар бригадасы жа­­­­сақталып жатқан. Бұл бригада Орта Азия әскери округы қолбасшысының 1941 жылғы 26 қазандағы бұйрығы бойын­ша құрылды. Желтоқсанның басында Ыб­райым дәл осы бригада сапына келіп қо­сылғаннан кейін, дәлірек айтсақ, 20 жел­­­­­тоқсан күні оны жарақтау толығымен аяқ­талды. Әскерилер бригаданы бейресми түрде «Қазақтың жүзіншісі» («Сотая Ка­захская») деп атаған екен. Себебі ұлттық құра­мы бойынша бригада жауынгерлерінің 86 пайызы – қазақтар, 11 пайызы – орыс­тар, тек үш пайызға жетер-жетпесі ғана өзге ұлт өкілдері болды.

Жүзінші бригада 1942 жылдың қазан айы­ның соңында Калинин майданына қара­с­ты Үшінші екпінді армия құрамында қиян-кескі ұрыстарға қатысады. 

Ы.Сүлейменов осы бригада құра­мын­да өзінің қаруластарымен бірге Ұлы Отан соғысы тарихындағы үш үлкен әскери опе­рацияға – «Марс» деп аталатын Ржев, Сы­чевка бағытындағы шабуылға, Великие Луки қаласын азат ету жорығына және Не­вель қаласын жаудан босатуға арналған шай­қастарға қатысыпты. Осының бәрінде де ғажайып мергендігімен көзге түсіп, үш рет қатарынан әскери марапатқа ұсыны­ла­ды.

Ыбырайым Сүлейменов алғашқы ерлігін «Марс» операциясын жүзеге асыру барысында – Калинин облысы Березки деревнясын азат ету кезінде жасайды. Жү­зінші атқыштар бригадасының ко­ман­дирі А.Морецкий 1943 жылдың 27 қаң­тарында қол қойған марапат қағазында: «В боях с немецкими захватчиками с 25 нояб­ря по 6 декабря 42 г. при наступлении на деревню Березки Калининской облас­ти уничтожил 15 кукушек и снайперов про­тивника, заменил выбывшего связ­но­го командира роты, восстановил связь со вз­водами, оказал помощь 30 раненым бой­цам, командирам и вывел их в безо­пас­ное место», – деп жазылған.

Ұлы Отан соғысы тарихына «Кіші Ста­­­­­линград» деген атпен енген Великие Луки қаласын азат етуге арналған айтулы опе­рация 1942 жылдың желтоқсаны мен 1943 жылдың қаңтары аралығында қанды шай­қаспен жүргізілді.

Осы қала үшін болған шайқаста пол­ковник А.Морецкий Ыбырайымды «Қы­зыл жұлдыз» орденіне ұсынады. Комбриг қол қойған қысқа да нұсқа марапаттау қа­ғазында: «Кр-ц снайпер Сулейменов в райо­не боев Молодой Туд Калининской об­ласти действовал отлично, за период с 25.11.1942 года по 5.12.1942 года унич­то­жил 42 гитлеровца. В районе города Ве­ли­кие Луки с 4.01.1943 года по 12.01.1943 год уничтожил своим метким огнем 160 сол­дат и офицеров противника», – деп жа­за­ды. Осы ерлігі үшін Ы.Сүлейменов 1943 жылдың 27 ақпанында «Қызыл жұл­дыз» орденімен марапатталады.

Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылдың 9 шіл­десінде оққа байлаған жауының са­ны 239-ға жеткенде Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ұсынылады. Деректердің нақты, бұлтартпас екендігіне және оған үш бірдей генерал қол қойғанына қара­мас­тан, есіл ерге көпе-көрнеу қиянат жа­са­лып, «Ал­тын жұлдыз» берілмейді.

– Ыбырайым Сүлейменов қазақтың аты аңызға айналған Батыр қызы Мәншүк Мә­метовамен бірге соғысқаны туралы ай­та­ды.

– Иә, дәл солай болған. Екеуінің де есі­мі қазақ аспанында асқақтап тұрған. Мұ­ны қазақтың майдангер жазушы­лары­мен қатар, екеуінің де командирі болған ге­нерал-лейтенант Ф.Лисицын «В гроз­ные дни» дейтін әскери мемуарында жаз­ған.

Ыбырайым мен Мәншүк Невель қа­ла­­сы үшін болған шайқасқа бірге қаты­сады. 

Немістер Невельді тастап шықса да, ірі темір жол торабы орналасқан қаланың батыс жағындағы Изоча станциясының тү­біне топтасып, тас-түйін қорғанысқа кө­шеді. Дәл осы стансаны босатуға арнал­ған кескілескен ұрыстар теміржол бойын­дағы «Ступенчатая высота» деп аталатын жо­тада 1943 жылдың 15 қазанында бола­ды. 

Жотаның сол қапталындағы окопқа «Мак­сим» пулеметімен қазақтың батыр қы­зы Мәншүк Мәметова, ал он қана­тын­да­ғы снайперлік атуға лайықталып қа­зыл­ған үш окопқа Ыбырайым Сүлейменов жай­ғасады. Көп ұзамай, алапат айқас бас­талады. Анталаған жауға кезектесе оқ жау­дырған қос батыр ақырғы демі біт­кен­ше ерлік пен қаһармандықтың мәңгі өш­пес үлгісін көрсетеді. Қаумалаған дұш­пан­ға қырғын майдан ашып, қайта-қайта шабуылға шыққан немістерді баудай тү­сірген Мәншүк пулеметінің дауысы өш­кен­де, Ыбырайым бар ыза-кегін бойына жи­нап, соңғы патроны қалғанша андыз­да­ған жаумен арыстанша арпалысады. Осы шайқаста ағалы-қарындасты батыр­лар ерлікпен қаза табады. 

Ы.Сүлейменов ерлігіне қатысты мағ­лұ­мат толық болуы үшін айтар болсақ: Изо­ча стансасы үшін шайқаста мерген жай­­ратқан жауының санын 289-ға дейін жет­кізсе де ешқандай марапатқа ұсы­ныл­майды.

– Мәншүк апамызға да «Ба­тыр» атағы бірден беріл­ме­ген екен. Әскери мұрағатты көп ақтарған ғалым ретінде осы туралы да нақты деректер бе­ре кетсеңіз.

– Мәншүк апамыздың Не­вель түбіндегі ерлігі үшін әуел­де 1-дәрежелі Отан соғысы ор­­­­­­деніне ұсынумен шектелген. Бұл кезде оның даңқы майдан даласында шарықтап тұрған бо­латын. Батыр қыздың ер­лі­гін көпе-көрнеу төмендету рес­публика басшылығын алаң­датады. Оның үстіне, ха­лық Мәншүкті әлдеқашан ба­тырлар қатарына қосып қойған. Сол кезде 1944 жыл­дың 29 қаңта­рын­да КСРО Жо­ғарғы кеңесі президиумы­ның төрағасы М.Калининнің атына Қа­зақстан компартиясы ор­талық комитетінің бірінші хат­шысы Н.Скворцов, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі президиумының тө­ра­ғасы Ә.Қазақбаев, Қазақ ССР Халық ко­мис­сарлары кеңесінің төрағасы Н.Оң­дасынов қол қойған Мәншүк Мәметованы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну жөнінде құжат жіберіледі.

Халқымыздың тілегіне сай республика бас­шылығының барынша қозғау салуы­ның арқасында қазақтың ержүрек қызына КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың 1 наурыздағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Егер халық талап етпесе, Мәншүк апа­мыз­­­дың ғажайып ерлігі дәл осындай лайық­­ты бағаланбас еді. 

– Соғыс пен бейбітшілік адамзат жа­ра­тылғаннан бергі замандардағы ең өзекті та­қырып қой. Қалай ойлайсыз, бүгінгі ұр­пақ бейбіт заманның қадіріне жетіп жүр ме?

– Мен «соғыс пен бейбітшілік» та­қы­ры­­бына «Отан қорғау» деген киелі ұғым­ды да қосар едім. Соғыстың бетін ары қыл­сын, ал бейбіт өмірдің қадіріне же­те білуіміз керек. Бейбітшілікті пай­да­ланып, жас­тарымыз ғылым, білімнің жә­не әскери өнер­дің, әскери мамандық­тың қыр-сыры­на үңіліп, керек десеңіз, шыңына шығуы керек. Өйткені ерлік, ба­тырлық олардың тегінде, қанында, ге­нінде және ұлттық болмысында бар. Бұл – ешқашан өшпей­тін, жоғалмайтын қасиет. Сондықтан мен елі­міздің де, жастарымыздың да бола­ша­ғына нық сенемін.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС