Көз – қорқақ, қол – батыр

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулар­ындағы басты мақсат – халықтың табысын арттырып, әділетті азаматтық қоғам құру. Биылғы Жолдаудағы 9 бағыттың бәрі аса маңызды. Нақтылықпен айтыл­ған әрбір сөздің орны бөлек, міндеті айқын.

Энергия үнемділігі күн тәртібінен түс­пей­тін, оны өзімізде өндіру қажеттігі туын­дағаны қашан! Әне-міне деп уақыт та зымы­рап өтуде, халық үшін жаңа жұмыс ор­ын­дарын ашып, жұмыссыздық­пен күре­су­дің жолы – елімізде энергия тапшылығын  жою.

Электр энергиясы, өндіріс, жұмыспен қамту, табысты арттыру – осы төрттаған біз­ді тығырықтан алып шығады. Әлемде ядролық энергетика жетекші өндірістік салаға айналғаны белгілі. 

БҰҰ қанаты астында Атом энергети­касы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) ядролық электр энергиясы  на­ры­ғын зерттеп, әлемнің тұрақты даму­ын қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатыр. 

Осы ұйымның деректеріне сәйкес, қазір жер жүзіндегі 30-дан астам мемле­кетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұ­мыс істейді. Осы стансалардың ядро­лық реакторларымен барлығы 440 энер­го­блок жұмыс істеп тұр және олардың жалпы қуаты 391 878 МВт-ты құрайды. Ата­л­ған реакторлар әлемдегі электр қуа­тына деген қажеттіліктің 10 пайызын ғана жабады екен. Оған қоса, әлемде тағы 56 ядро­лық реактордың құрылысы бастал­ған. 

Әлем елдері бойынша ең көп энерго­блок АҚШ-қа тиесілі. Америкалықтар барлығы 95 энергоблоктың құрылысын жүр­гізіп, іске қосқан. Екінші орынға Фран­ция табан тірейді. Мұнда 56 энер­го­блок қызмет атқарып, әлем бойынша атом эл­ектр стансалары өндірген энерго­қуаттың ең көп үлесін пайдаланушы мем­лекетке айна­­л­ып отыр. Бүгінде Франция­ның ішкі энер­гобалансындағы барлық энер­гоқуат­тың 70,6 пайызын АЭС өндір­ген электр энер­гиясы құрайды. Қолда­ныс­ында 54 ядро­лық реакторы бар Жапо­ния көп жыл бойы әлем­дегі атом қуаты бар үздік үш мем­лекеттің қатарын түйін­деп, өзінің ішкі электр энер­гия­сына деген қажеттіліктің 30 пайызын АЭС-терде өндірілген энергиямен жабатын. Қазір атом электр стансаларының саны бойын­ша әлем үздіктерінің қатарына Қытай кірді. Мұнда 49 энергоблок жұмыс істеп, бұл бағыттағы ішкі резервін нығай­тып келеді. 

Посткеңестік елдердің ішінен Ресей пайдалануындағы 38 энергоблокпен 8-орын­да болса, Украина – 4 АЭС және 15 энергоблокпен 10-орынға жайғасқан.

Қазір бүкіл әлемде электр қуатына деген сұраныс артқан. Техника мен техно­ло­гияның қарыштап дамуы, жаңа генер­ациялардың іске қосылуын талап етеді. Мәселен, АҚШ, Оңтүстік Корея мемле­кет­тері өздерінің энерготұрақтылығын сақтауда әрқайсысы тағы да 5 энерго­блокты салуға бет алса, Жапония – 2, Фран­ция  1 энерго­блоктың құрылысын бастаған. 

Қытай бірден 28 энергоблоктың негізін қалауды бастаса, қатаң эконо­ми­калық санкцияларға душар болған Ресей­дің өзі қосымша 10 энергоблокты іске қосу­ға күш салып жатыр. Халқының саны еселеп артып бара жатқан Үндістан 6 энер­го­блоктың құрылысын жүргізуді қол­ға алды. 

Осы мемлекеттердің қатарында Бірік­кен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Слова­кия, Тайвань да электр қуатына деген тап­­шы­лықты еңсеруде әрқайсысы екі энер­го­блоктан салуды қарқынды түрде іске асы­руда. Соғыс оты шарпыған Украинаның өзінде 2 энергоблоктың құ­ры­лысы жүргіз­ілуде. Финляндия, Брази­лия, Беларусь, Ар­гентина мемлекеттері де АЭС салуға сенімді түрде қадам басты. 

Египетте мемлекет тарихындағы ал­ғаш­қы АЭС құрылысы жалпыұлттық жоба ретінде халқын біріктірді. Түркия­дағы 4 энергоблоктан тұратын алғашқы «Аккую» атом электр стансасы осы мем­лекеттің стра­тегиялық мәні бар жобасы ретінде айқындалып, ұлттың үміті болып бекіген. Биыл маусым айында бізбен ежелден еншілес мемлекет Өзбекстан да атом эл­ектр стансасын салу жөніндегі ұстаны­мын жариялап, бұл бағытта кеш­ен­ді жұмыс бастайтынын мәлімдеді.

Жерінің көлемі жөнінен дүниежүзінде 9-орын алатын Қазақстан үшін энергети­калық тәуелсіздікті қамтамасыз ету – ең әуелгі міндет. Еуразия құрлығының орта­лық бөлігінде орналасқан еліміздің бір­тұтас энергожүйесін түзу – страте­гиялық басымдыққа ие мәселе.

Энергетика саласы мамандары жүргіз­ген талдауларға сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанның электр қуатына деген қа­жеттілігі 28,2 гигаватты құрамақ. Элек­тр энергиясын өндірудің қазіргі қолдан­ыс­тағы қуаты, оның ішінде 4 гигаватт көл­еміндегі іске қосылатын жаңа генер­ация көздерін қоса есептегенде, 22 гига­ватт қана болмақ. Тапшы болатын 6 ги­га­ватт энер­гияны басқа мемлекеттерден сатып алуға мәжбүр боламыз.

Айта кетуіміз керек, Қазақстан көп жыл­­дан бері энерготапшылық ахуалын бастан өткеріп келеді. Ішкі сұраныс арта­тын қысқы кезеңдерде электр энергиясын Ресейден импорттауға тура келіп отыр. Мәселен, 2023 жылы елімізде 112,8 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 115 млрд кВт/сағатқа жет­кен. Жетіспейтін 2,2 млрд кВт/сағат көле­­міндегі электр қуатын Ресейден алуға мәжбүр болдық. Ресейден 1 кВт/сағатын 26 теңгеден сатып алып отырмыз. Бұл – әдеттегіден қымбат баға.

Еліміздегі электр энергиясы тапшы­лығы туралы сөз болғанда, ең алдымен оң­түс­тік өңірлерді электр қуатымен қамту­дағы күрделі ахуал айтылады. Қа­зақ­стан­ның 7 өңірі оңтүстік аймаққа жата­ды, оның ішінде ірі өндіріс орындары шоғырланған 2 мегаполисіміз бар. Түр­кіс­тан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Жеті­су облыстары мен Шымкент және Ал­ма­ты қалаларында тұратын жалпы халық саны 9 млн 959 мың адамды құрай­ды. Қазақстан халқының тең жартысы оң­түстік өңірлерде тұрады. Осы аймақ­тар­да қазірдің өзінде электр энергия­сы­ның жетіспеушілігі қатты сезілуде. Мә­се­лені реттеуде Қазақстанның бірың­ғай электр энергетикалық жүйелерін бас­қару­шы компания солтүстіктен – оңтүс­тікке транзиттік желісінің жүктеме­сін арттырған.

Транзиттік желінің жүктемесін арт­тыру – бұл уақытша  ғана амал. Ол отан­дық электр энергетикасындағы күрделі ахуалды түбегейлі шешуге мүмкіндік бер­мейді. Транзиттік жүктелімнің артуы желілерде апаттық жағдайлардың да жиі туындауына себеп болмақ. Өкінішке қа­рай, 2022 жыл­дың қаңтар айында сол­түстік-оңтүстік желі­сінің Балқаш тран­зиттік желісінде автоматты өшіру жүйесі іске қосылып, Ал­маты, Шымкент, Талды­қорған, Тараз, Түркістан, тіпті шекара асып Бішкек, Ташкент қалалары жарық­сыз қалды. Бұл біз үшін алғашқы дабыл болды.

Қазақстанның энергетикалық кешен­ін­дегі негізгі активтер тозу шегіне жеткені белгілі. Еліміздегі жылу электр стансалар­ының 55 пайызы және гидро электростан­саларының 68 пайызы соңғы 30 және одан да көп жылдан бері пайдаланылуда. Екібастұз, Рудный, Риддер, Теміртау стан­саларында болған апаттық ахуалдар тозу шегінің қандай деңгейге жеткенін білдір­еді. Еліміздегі барлығы 37 жылу электр орталығының 19-ы – қызыл дең­гейде, 11-і сары деңгейде болса, небәрі 7-еуі ғана жас­ыл деңгейде деп бағаланған. ЖЭО жабдық­тарының орташа тозу көрсеткіші 66 пайыз­ды құраса, Орал, Степногор, Тараз, Қызыл­орда, Кентау жылу энерго орталық­тарының тозу дең­гейі 80 пайызға жеткен. Биыл қазандық­тар­ды күрделі жөн­деуден өткізу жұмыс­тары жүріп жатыр.

Еліміздің энергетикалық кешеніндегі ахуалды таразылаған Мемлекет басшысы, таяу болашақта еліміз электр энергиясы тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін екенін айтты. «Кейбір болжамдар бойын­ша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшы­лығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономи­ка­мыздың даму қарқынын едәуір бәсең­детіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқы­мыздың тұрмысына кері әсер етеді. Про­бле­маны шешудің бір жолы атом энерге­ти­касы болуы мүмкін, Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бірауыздан қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында екенін айтқан Президент, ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіретіні­міз­ді, бұл  бәсекелестіктегі біздің басты ар­­тық­шылығымыз екенін мәлімдеді. Ар­тық­шылығымызды пайдалануға шақыр­ып, аталған мәселені қоғамда және кәсіби ортада кең ауқымда әрі жан-жақты тал­қы­лауға үндеді. Ғылыми қоғамдастық бұған қомақты үлес қосып, объективті және праг­матикалық қағидаттарға негіз­делген салмақты пікір айтады деген сені­мін біл­дірді. «Ядролық энергетиканы құру­ға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлт­тық референдум арқылы қабылдайды», – деді Президент.

Жуырда өткен Үкімет отырысында за­ман­ауи атом электр стансалары көп­деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдық­талатынына баса мән берілді. Қазақстанда атом электр стансаларын салу туралы ше­шім қабылдан­ған жағдайда оны жоба­лау, салу және пайда­лану кезінде АЭХА-ның (МАГАТЭ) халық­аралық қауіпсіздік стандарттары қатаң бас­шы­лыққа алына­тыны айтылды. Сонымен қатар шикізат базасы өзімізден шығатыны, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигіз­бейтініне көңіл бөлініп, бұл электр энер­гиясына тұрақты әрі болжамды тариф­терді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партияның «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагері­нің жұмысына қатысу барысында АЭС төңір­егінде жүріп жатқан ауқымды пікірталасқа байланысты өз ойын біл­діріп, жастар бұл мәселеге белсенді қатыс­ып,  азаматтық ұстанымын жария­лауы керек екенін атап өтті. «Прези­дентіміз айтқандай, еліміз үшін ең маңыз­ды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабыл­данады. Бұл – Мемлекет басшысының бас­ты ұстанымы. Демек, АЭС салу мәсе­лесінде негізгі шеш­ім­ді ха­лық қабыл­дайды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. Мемлекетіміздің бәсекеге қа­білетін арттыру үшін қажет. АЭС – ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде, ел тәуелсіз­дігін нығайту, эконо­микасын орнықты дамыту үшін қажет», – деді партия Төр­ағасы.

Шынында да, біз неден қорқамыз? Атом электр стансасы энергия импортына тәуелділікті жояды, кәсіпорындар үздіксіз жұмыс істейді, жаңа өндірісте жаңа жұ­мыс орындары ашылады, тариф төмен­деп, өнімнің өзіндік құны төмендейді, бәсекеге қабілеттілік жоғарылайды, ең тиімдісі, халықтың  табысы  артады. Көз­де­ген мақ­сат та осы емес пе?!  

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА, 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы

атқарушы хатшысының орынбасары,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты