Танымал параспортшының неден көз жұмғаны белгілі болды

Параспортшының артында жары мен үш баласы қалды.

Белгілі қазақстандық паратаэквондошы Нышан Өмірәлінің неден көз жұмғаны белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ол жол апаты салдарынан қайтыс болған. 

2024 жылғы 1 қазанда сағат 22.15-те республикалық маңызы бар "Батыс Еуропа  – Батыс Қытай" автожолының 542-шақырымында Nissan Maxima маркалы автокөліктің жүргізушісі Түркістан облысынан Тараз бағытына қарай жүріп бара жатып, жолда түйемен соқтығысқан.

– Автокөлік салонында жүргізуші ғана болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ер адам алған дене жарақаттарынан Тараз қаласының №1 қалалық ауруханасына жеткізу кезінде қайтыс болды. Полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы  3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Жануардың иесін жауапкершілікке тарту мақсатында іздестіру жұмыстары жүргізілуде, – деп жауап берді Полиция департаменті Tengri Sport сұрауына.

Нышан Өмірәлі – Тараз қаласының тумасы. 17 жасынан бастап спортпен айналысып, екі дүркін әлем чемпионы және Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар Азия ойындарының және көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері. 2021 жылы Токиода, осы жазда Парижде өткен Паралимпиада ойындарына қатысты.

Параспортшының артында жары мен үш баласы қалды.