Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін Құлсарының биік жерінен «Болашақ» атты ықшамаудан салынып, оның алғашқы 80 тұрғыны қоныстойын тойлады. Қалған 20 үйдің кілті жақында иелеріне беріледі. Сондай-ақ бүгінде 1 193 азамат өтемақы алып, үйлерін қайта қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, жаңадан бой көтерген ықшамауданда газ желісі толығымен тартылып тұр.
«Тұрғындарды жылыту маусымына дейін толықтай газбен қамту жоспарланып отыр. «Болашақ» ауданы қаладан 5-6 шақырым қашық жерде. Сондықтан тұрғындар үшін 1 қазаннан бастап қоғамдық көлік қатынай бастайды. Жарық шамдары мен қосымша абаттандыру жұмыстарын жүргізу де жоспарда бар. 100 үйдің 80-і «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бой көтерді, қалғанына облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Ауласы 10 сотық болатын жаңа үйлердің сапасын арнайы мамандар бақылауда ұстады», – деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Жаңадан көтерген ықшамауданда көшелерге толық асфальт төселді. Мектеп пен балабақша, спорт кешенін тұрғызу жоспарда. Тұрғындарға тапсырылып отырған заманауи үйлер маусымның соңында басталған болатын. Үш ай ішінде құрылысы аяқталған үйлердің әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр.
Күләш Машенова – тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғыны.
«Тасқын кезінде үйіміз бұзылғанымен, шүкір, түбі қайыр, арты жақсы болды. Үйіміз апатты деп танылған соң, сүруге тура келді. Әдемі, сәулетті жаңа үй салып алдық», – дейді жаңа қоныс иесі.
Жаңа үйге қол жеткізгендердің қатарында құлсарылық Шолпан Назарова да бар. Осыған дейін 60 шаршы метр қуықтай баспанада тұрған ол кең әрі жаңа үш бөлмелі үйдің иесі атанды.
«Үйіміз суға кеткеннен кейін қиыншылық болды. Қазір қиын күндер артта қалды. Көңіл күйіміз де жақсы. Жаңа үй алдық. Қоныстанып жатырмыз», – дейді құлсарылық Шолпан Назарова.
Ерекше атап өтерлігі, «Болашақ» ықшамауданында тұрғындардың барынша жайлы өмір сүруіне бар мүмкіндік қарастырылып жатыр. Қазір жаңа ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Binom» мектебін салу жоспарлануда. Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтан білгеніміздей, ықшамауданды дамыту жоспары жасақталған.
– Binom мектебі мен балабақша жобасын жасақтауды жоспарға алдық. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ-мен келісім аясында осы аумаққа спорт кешен салынады. Сондай-ақ мұндағы көшелер мен Құлсары қаласына дейінгі тасжол жарықтандырылады, – деді Жұмабек Қаражанов.
Аудан әкімінің айтуынша, ықшамаудандағы құрылыс жұмыстарын бақылау үшін тұрғын үй аумағына 7 камера орнатылған. Енді оларды қауіпсіздік мақсатында пайдалану үшін орталық жүйеге қосады. Сонымен қатар көше бойына «Сергек» камералары орнатылады. Бұдан бөлек, жергілікті мердігер мекеменің демеушілігімен ашық спорт алаңы салынады.
Қазіргі уақытта жаңа ықшамаудандағы 12,1 шақырым жолдың 7,5 шақырымы пайдалануға берілді. Ал 1 қазаннан бастап «Болашақ» ықшамауданына қоғамдық көліктер қатынай бастайды. Аталған ықшамауданға қалаішілік №9 маршрут жүреді. Желіге 6 автобус бөлінеді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта мұнда қоғамдық көліктер қалаішілік 12 бағытта және ауылдық округ және кент бойынша 6 бағытта жолаушыларды тасымалдауда. Аудан бойынша тұрғындарға 80 шақты автобус қызмет көрсетіп келеді.
Тасқыннан кейінгі Құлсарыда жақында жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Құлсары қаласындағы №1 ықшамауданында салынған жаңа спорт кешенінің ауданы – 1 543,5 шаршы метр. Қос қабатты спорт кешенінде қала жастары футзал, дзюдо, бокс, күрес секілді спорттың төрт түрі бойынша жаттығады. Бұдан бөлек, 150 орындық көрермен залы және жаттығу залы бар. Кешеннің негізгі залы футболға арналған. Онда футболға қажетті барлық құрал-жабдықпен, арнайы төсенішпен қапталған.
Айтпақшы, қазір Құлсарыда теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ауданы 211,4 шаршы метр ғимарат заманауи стильге сәйкес жаңартылады.
Жөндеу жұмыстары аясында вокзал аумағын абаттандыру және шағын алаң салу жоспарлануда. Сонымен қатар перронға дейінгі жол жөнделіп, жарық шамдары орнатылады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін ескі пандус ауыстырылады.
Күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылдың I тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Осы уақытқа дейін жолаушылар ескі вокзалдың қызметтерін пайдаланады.
Айта кетерлігі, жақында ел Үкіметі резервінен Атырау облысындағы су тасқынынан бүлінген жолдарды жөндеуге шамамен 5,9 млрд теңге бөлінген болатын. Бөлінген қаражаттың 4,6 млрд теңгесі облыстық маңызы бар автожолдардың жеті учаскесін жөндеуге бағытталады. Бұл тізімде «Индер – Қарабау – Сағыз», Қарабау кентіне кірме жолдар, «Сарытоғай – Махамбет», «Атырау – Индер» және Құлсары қаласындағы жаяу жүргіншілер жолы бар. Сонымен қатар «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автожолындағы көпір мен су өткізгіш құбырлар құрылысына шамамен 1,3 млрд теңге бөлінеді.
Қазіргі уақытта тасқын өтінде болған Жылыой, Индер, Махамбет аудандары және Атырау қаласында бұзылған жолдарды қалпына келтіру, көпір салу, баспанасы суға кеткендерге жаңа үй тұрғызу, өтемақы төлеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы