"Төрт жылда 40 суицид тіркелген": Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің өліміне не себеп болатынын айтты

Соңғы төрт жылда Қарулы күштерде 40 суицид оқиғасы тіркелген.

Соңғы төрт жылда Қарулы күштерде 40 суицид оқиғасы тіркелген. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақытбек Сыдықовтың жауабында айтылған, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

«Соңғы үш жылда Қарулы күштерде жарғыдан тыс қатынастардан болатын қылмыстардың саны 43 пайызға (40-тан 23-ке), ал биыл мерзімді әскери қызметшілер арасындағы суицид 67 пайызға (3-тен 1-ге) төмендеген. Сіздер келтірген 270 өлім-жітімнің Қарулы күштерде 140 оқиғасы орын алған. Оларға сырқаттану, жол-көлік оқиғалары, суицид, қауіпсіздік шараларын бұзу және тұрмыстық жағдайлар себеп болған. Қалған 130 оқиға басқа күштік құрылымдарда тіркелген. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігінен басқа Төтенше жағдайлар министрлігі, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Мемлекеттік күзет қызметі бар. Сонымен қатар, 86 суицид фактілері де барлық күштік құрылымдарға тиесілі. Нақтырақ айтсақ, соңғы төрт жылда Қарулы күштерде 40 суицид оқиғасы тіркелген», – деді министр орынбасарының жауабында.

Генерал-майордың дерегінше, аталған 40 суицид оқиғасының барлығы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 34 оқиға бойынша қылмыстық істер өндіріспен аяқталып, процестік шешімдер қабылданған. Тергеу барысында өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу белгілері анықталмаған. Осыған байланысты, қылмыстық істер қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы себебінен тоқтатылған.

«Қабылданған процестік шешімдердің заңдылығын қадағалаушы орган (прокуратура) тексерген және келісілген. Сонымен қатар, қазіргі кезде 6 оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жалғасуда. Нақты себептер мен мән-жайлар тергеу қорытындысы бойынша анықталатын болады. Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтың осы түрі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚР ІІМ әскери-тергеу органдары жүргізеді. Тергеу барысын Бас әскери прокуратура қадағалайды. Қорғаныс министрлігінің тергеу барысына араласуға немесе ықпал етуге өкілеттігі жоқ», – деді Бақытбек Сыдықов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.