6 қазан күні АЭС салу мәселесі жөніндегі жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Дауыс берген ел азаматтарының 71,12%-ы атом электр стансасын салуды жақтайтындарын білдірді.
АЭС-ті консорциум салады
Бұған дейін де айтқанымыздай, АЭС салу мәселесі елімізде ең алғаш рет сонау 1997 жылы көтерілген болатын. Ол Ақтаудағы БН-350 реакторы әлі жұмыс істеп тұрған кез еді. Содан бері түрлі нұсқа ұсынылып, түрлі жоба қарастырылды. 2006 жылы ол Ақтаудағы МАЭК-тің базасында орналастырылатын болды. 2010 жылы Курчатовта салу жоспарланды. 2015 жылы Курчатов пен Үлкен елді мекендерінде салынатыны айтылды. 2017 жылы МАГАТЭ-нің қабырғасында «Қазақстанда АЭС салу туралы шешім 2018 жылдың аяғына дейін нақты қабылданатын болады» деп мәлім етілді. Осылайша, соңғы нүктесі 2024 жылы 6 қазанда қойылды. Бұл АЭС салу туралы қоғамдық пікірдің ұзақ жылдар бойғы сан мың толғаныс пен пікірталас барысында пісіп-жетілген уақыты еді. Сондықтан да «Қазақстан қоғамы референдумға дауыс беруге моральды түрде дайын келді» деуге болады. Өз кезегінде Мемлекет басшысы мұндағы таңдауды қазақстандықтардың өзіне берді. Тек көптің көкейінде тұрған бір сауал: «оны кімнің салатындығында» еді. Бұған референдум кезінде дауыс берген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне тән парасатпен жауап берді.
«Бұл оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент орталығында орналасқан №211 референдум учаскесіне барып өз таңдауын жасады. Одан кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізіп, көпті толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Халықтық штаб халық арасында
2 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы жылдың 6 қазанында өтетінін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған еді. Осыған орай 5 саяси партия мен 20-ға жуық республикалық қоғамдық бірлестіктердің 250-ге жуық өкілінен АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылды. Альянсқа біріккен саяси ұйымдар – «AMANAT», ҚХП, «Ақ жол», «Ауыл» және «Байтақ» партиялары.
Анығын айтқанда, референдумға дайындық барысында басты салмақ АЭС салуды қолдау жөніндегі осы Халықтық штабқа түскені рас. Қоғам арасында қозғау салып, түрлі форматтағы пікірталастар ұйымдастырған олар еліміздің барлық 17 өңірінде, 3 мегаполисінде жұмыс істеді. Құрылымы бойынша Республикалық және өңірлік штабтар болып бөлінген ынталы топтың үгіт-насихат жұмыстарына барлық деңгейдегі депутаттар, министрліктердің мамандары, тәуелсіз сарапшылар, ел ағалары, партиялардың әйелдер қанаты, жастар қанаты, қоғам белсенділері кәсіпкерлер, жалпы барлық әлеуметтік топ өкілдері атсалысты. Олар бір ай бойы барлық өңірді, алыс аудан, ауылдарды аралап, еңбек ұжымдарымен, жастармен, зиялы қауым өкілдерімен, бұқара жұртшылықпен көптеген пікірталастар, кездесулер, қабылдаулар өткізді.
Осы кең ауқымды жұмыстардың барлығы Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов өткізген АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың 4 қыркүйек күнгі алғашқы отырысынан басталды. Мәжіліс Спикері бүгінде энергетикалық тәуелсіздік мәселесі күн тәртібінде алдыңғы орынға шыққанын атап өтті.Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Сондықтан Халықтық штабтың басты міндеті – қоғамға АЭС салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейді сейілту, мақсаты – халықты атом электр стансасын салу жөніндегі прогрессивті идеяның айналасында топтастыру. Оған қоса, ол партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуде табысты тәжірибесі бар екенін атап өтті.
«Әр халықтың өзінің бір асқақ арманы болады. Біздің арманымыз – өз тәуелсіздігімізді нығайту. Бірақ тәуелсіздік деген сөздің ауқымы кең екенін біз ұмытпауымыз керек. Оның артында саяси тәуелсіздік бар, экономикалық тәуелсіздік бар. Сонымен қатар энергетикалық тәуелсіздік те бар. Бүгінде энергетикалық тәуелсіздік мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Өйткені қазірдің өзінде елімізде энергия тапшылығы айтарлықтай сезілуде. Бізге осы түйіткілдердің бәрін шешуге таза, тұрақты, қауіпсіз, сарқылмас қуат-тың көзі керек. Оны АЭС қана бере ала-ды», – деді Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.
9 қыркүйекте Республикалық Халықтық штаб пен оның өңірлердегі филиалдарына мүше депутаттар мен жастар, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері және тағы да басқалар бір кісідей жұмылып, ақпараттық насихат жұмыстарын бастап кетті. Сол күннен бергі уақытта штаб мүшелері бірнеше топқа бөлініп, барлық өңірлерде болды. Өңірлерге сапар дәл осы күні Түркістан облысынан бастау алған еді. Тарихи маңызды кезеңдерде халқымыз қасиетті Түркістан жерін ерекше құрмет тұтқанын еске алсақ, қандай да бір маңызды істі Түркістаннан бастау игі дәстүрге айналды деуге болады. Бұл – киелі жерге деген құрмет қана емес, тарихи сабақтастық. Осылайша, күллі қазақ топырағына сауын айтқан референдумға дайындық жұмыстары жоғары деңгейде өтті.
Халықтық штабтың жұмысы барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де жұртшылықпен түрлі форматтағы кездесулер өткізді. Осы бір айдың ішінде Сенат Төрағасы Алматы, Жетісу облыстары, Алматы қаласы және басқа да өңірлерге барса, Мемлекеттік кеңесші Қостанай, Шығыс Қазақстан және тағы да бірнеше облыста болып, кәсіпорын ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және жергілікті жұртшылықпен кездесіп, Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум өткізу мәселелерін талқылады.
Альянсқа мүше өзге де саяси ұйымдардың Халықтық штаб жұмысына ерекше үлес қосқанын атай кеткен жөн. Соның бір мысалы, 12 қыркүйек күні «Ақ жол» партиясы Қарағанды облысының Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданында Президент Жолдауының негізгі бағыттарын, алдағы референдумның мән-маңызын түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Осы күні мемлекетіміз электр қуаты тапшылығын сезініп, оны көршілес елдерден импорттауға мәжбүр болып отыр. Инвестициялық жобалар тоқтап тұр. Себебі жарияланған жобалар бойынша тапшылық көлемі 8ГВт құрайды. Яғни, бұл проблема ертерек шешілуі керек еді. Әлі де кеш емес. Бұл дер кезінде қабылданған шешім», – деді «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.
Ақпараттық жұмыстар Астана қаласында да қайнап жатты. 16 қыркүйек күні Астана қаласындағы «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында орналасқан АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың фронт-кеңсесінде «Ауыл» партиясы өкілдері мен сарапшылардың экспромт-кездесуі өтті. Оның аясында «Қазақстанда атом энергетикасын дамыту» тақырыбында атом саласының әлеуеті талқыланды. Жиын барысында болашақ энергетикалық перспективалар, кадр мәселесі талқыланып, экологиялық таза энергия көздеріне көшудің тиімді тұстары айтылды.
Ал Халықтық штабтың Ұлытау облысына сапарын 17 қыркүйек күні «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бастап барды. Өнеркәсібі дамыған Ұлытау облысы көптеген экологиялық мәселелерге тап болуда екенін ескерсек, атом энергетикасына көшу ауаның ластану проблемасын шешудің тиімді тәсілі бола алады, өйткені АЭС – көмір электр стансаларына қарағанда әлдеқайда экологиялық тұрғыда таза.
19 қыркүйек күні «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» Астана қаласындағы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабта сарапшы мамандар мен партия өкілдерінің басын қосқан жиналыс өткізді. Онлайн және оффлайн форматта өткен іс-шарада баяндама жасаған мамандар АЭС туралы кеңінен түсіндіріп өткен болса, байтақтықтар еліміз үшін ірі жобаның экологиялық аспектілеріне назар аудартты.
Бұл тұста бір атай кетер оқиға, 12 қыркүйек күні АЭС салу жөніндегі Халықтық штабтың https://aes2024.kz ресми сайты іске қосылды. Бұл платформада әлемдегі АЭС-тың саны мен халықаралық құрылыс тәжірибесінен бастап, қауіпсіздік стандарттары және жаңа буын реакторларының ерекшеліктеріне дейінгі атом энергетикасының даму тарихымен танысуға болады. Сайт пайдаланушыға барынша ыңғайлы: интерфейсі қарапайым әрі қажетті ақпаратты оңай тауып алатындай етіп жасалған. Құрылымдық жағынан сайт бірнеше бөлімге бөлінген. Екі тілде, яғни қазақ және орыс тілдерінде жасалған бұл ақпараттық ресурс халық пен халықтық штабтың арасын жалғай түскен алтын көпір болды.
Біз көп ретте Республикалық штабтың жұмысына ғана тоқтала алдық. Ал одан бөлек, өңірлік штабтардың, әрбір партияның, депутаттардың, жекелеген белсенді азаматтардың, сарапшылардың, ұйымдар мен ұжымдардың, жастар мен кәсіпкерлердің одан да өзге көптеген ел болашағына бейжай қарай алмайтын азаматтардың ел арасында жүргізіп жатқан жұмыстарын қамти алмадық. Ендеше Халықтық штаб атқарған жұмыстардың барлығын осы референдумға дайындық барысында арнайы ашылған https://aes2024.kz сайтынан оқып біле аласыздар.
6 қазан – ел болашағы айқындаған күн
Сонымен, былтырдан бері ел ауызында жүрген АЭС құрылысы бойынша референдум да өтті. Олай дейтініміз, бұл мәселені халық талқысына беретінін Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында айтқан еді. Бұл референдум 2024 жылдың ғана емес, Қазақстан тарихының да ерекше оқиғасы болып қалатыны даусыз. 6 қазанда 7,8 миллионнан астам Қазақстан азаматы ел болашағын айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Бұл – дауыс беру құқы бар қазақстандықтардың 63,87%-ы.
Ең бірінші кезекте атап өтер жайт, референдум ың-шыңсыз өтті. Өрескел тәртіп бұзушылықтар болған жоқ. Бұл да болса, ел халқының маңызды мәселені жақсы түсінетінін білдірсе керек. Бүкіл ел аумағында сайлау учаскелері сағат 07:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Тек әскери бөлімдер, вахталық кенттер, ауысыммен жұмыс істейтін мекемелердегі учаскелер жұмысын 06:00-да бастады.
Десе де, дауыс берушілердің құлшынысы жоғары болды деп айтуға тағы болмас. Әсіресе, өңірлерге бөліп саралар болсақ, Алматы қаласы мен Маңғыстау обылысының ынтасы бәсең болды. Мұны олардың қатысу үлесінен де аңғаруға болады. Орталық референдум комиссиясының дерегі бойынша, дауыс беруге алматылықтардың 25,39%-ы, маңғыстаулықтардың 54,03%-ы қатысқан. Ал ең белсенді өңір – Қызылорда облысы (82,48%). Бұл республика бойынша рекордты көрсеткіш саналады. Одан кейінгі орындарда Ақтөбе, Түркістан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары.
Бұл ретте шетелдегі Қазақстан азаматтарының да белсенді болғанын атай кеткен жөн. Олар елшіліктер жанынан ашылған учаскелерде дауыс берді. 59 елде орналасқан 74 учаскелік референдум комиссиясына барып жалпы саны 9 976 Қазақстан азаматы дауыс берген. Бұл жалпы шетелде жүрген және дауыс беруге құқылы азаматтардың 81.06%-ы. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Елімізде дауыс беру рәсімінің өте тыныш жағдайда өткенін байқаушылар да атап өтті. Олар өз кезегінде халықтың ынта білдіріп, тілектестік танытқанына жоғары баға беріп отыр.
«ТМД байқаушылары миссиясының сұрауы бойынша Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратура референдум науқаны кезінде жолданған өтініштерге қатысты ақпарат берді. Олардың мәліметінше, осы уақыт аралығында заң бұзудың санаулы ғана деректері тіркелген. 24 адам республикалық референдумға қатысты сауалнама жүргізу тәртібін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық істер қозғалған жоқ. Ішкі істер министрлігі референдумға қатысты бір ғана құқық бұзу дерегін, яғни ресми деректерсіз үнпарақтар таратылғанын хабарлады», – деді ТМД байқаушылары миссиясының жетекшісі Леонид Анфимов Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте. Оның айтуынша, ОСК-ға негізінен анықтамалық-ақпараттық сипаттағы 66 өтініш, сауал және ұсыныс келіп түскен. Олар заңда белгіленген мерзімде қаралып, өтініш берген адамдарға тиісті жауаптар берілді.
Алда ауқымды да маңызды міндет тұр
Сонымен, Қазақстан өзінің тәуелсіздік тарихында жаңа кезеңге қадам басты дедік. АЭС салу бойынша өткен референдумда ел азаматтары болашақ үшін маңызды шешім қабылдады. Экономикалық, экологиялық, әлеуметтік әрі саяси маңызы бар шешімді қабылдау жолында қазақстандықтар оң таңдау жасады. Енді алдымызда атом электр стансасының құрылысын салу сынды ауқымды да маңызды міндет тұр.
«Референдум сәтті өтті. Бұл отандастарымыздың ортақ іске ұйысып, жұмыла кірісе алатынын көрсетті. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға қысқасы, атом электр стансасын салу экономиканың және онымен байланысты барлық саланың дамуына мультипликативті әсер етеді. Ғылым мен білімнің, технологияның дамуына жол ашады. Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Дегенмен алда атқарар ауқымды міндет тұр. АЭС құрылысы бір жылдық белес емес. Ол – циклдық кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын ұзақмерзімді жоба. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жоба. Ал оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Біз өз тарапымыздан келешек ұрпақтың қамы үшін осы жобаның сәтті іске асуына аянбай үлес қосатын боламыз», – дейді осы істің басы-қасында жүрген «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин.
Осылайша, Орталық референдум комиссиясы Қазақстанда атом электр стансасын салуға арналған референдумның алдын ала қорытындысын жариялады. Халықтың 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдады. Өз кезегінде Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бұл референдум Қазақстанның саяси мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайтынын айтты.
«Жаңа саяси жағдайда Тәуелсіздігіміздің 33 жылдық тарихындағы үш референдумның екеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтті. Сөз жоқ, жаңа саяси мәдениет дәл осылай қалыптасады. Әр азамат қоғам үшін маңызды мәселелерді шешу ісіне тікелей араласып, ел тағдырына өзінің қатысты екенін сезінеді. Бұл – демократияның іс жүзіндегі көрінісі. Референдумның қорытындысы қоғамдағы жалпы көңіл күйдің шынайы бейнесін көрсетеді», – деді Ерлан Жақанұлы.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясының Төрағасы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың барлық мүшелеріне – саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтар мен қауымдастықтардың өкілдеріне игі іске ат салысқандары үшін алғысын білдірді. Түйіндей кетер болсақ, бейбіт атом – сенімді, қауіпсіз, экологиялық таза энергия көзі. Бұл шешім Қазақстанның ғылым, техника, өндіріс және ауыл шаруашылығы сияқты салаларында дамудың жаңа кезеңіне өтуіне мүмкіндік береді. Еліміз қадам басқан ендігі тарихи кезең – АЭС дәуірі болмақ.
Нұрлан ҚОСАЙ