Талғардағы 16 жастағы Шерзаттың өлімі: жеті күдікті қамауға алынды

Облыстық прокуратура істің объективті түрде тергелетініне кепілдік берді.

Алматы облысының прокуратурасы 2024 жылдың 4 қазаны күні адам қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Айта кетейік, күні кеше баланың әкесі әлеуметтік желі арқылы Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасап, жергілікті құқық қорғау органдары тергеуде заң бұзып отыр деген еді. Бүгін облыстық прокуратура істің обьективті түрде тергелетініне кепілдік берді.

«Өздеріңіз білетіндей, биыл 4 қазан күні Талғар қаласында төбелес орын алып, қаланың 16 жастағы тұрғыны пышақталып көз жұмды. Тағы екі азамат ауыр жарақат алды. Біз қоғамның толқуын түсінеміз және баланың отбасына көңіл айтамыз. Прокуратура органдары кісі өлтіру бұл істі ерекше бақылауына алғанын ресми түрде мәлімдейміз», – деп жазылған прокуратураның ақпаратында.

Дереккөзге сүйенсек, осы қылмысты жасады деген күдік бойынша сот жеті адамды 2 ай мерзімге қамаған.

«Біз жағдайды толық анықтап, кінәлілердің бәрін жауапқа тартатындай объективті тергеу жүретініне кепілдік береміз. Осы қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапкершіліктен босататындай ешқандай әрекет болмайтынына сендіреміз. Тергеуге көмектесетін ақпарат білсеңіз, прокуратура немесе ішкі істер органдарына жүгінуге шақырамыз», – деп хабарлайды Алматы облысының прокуратурасы.

Еске салсақ, 2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысы Талғар деген шағын қалада марқұм Шерзаттың әкесі мен анасы жалдап отырған дүкенге бір жігіт келген. Ол сыра алып, оның ақшасын төлегісі келмей, жанжал тудырған. Видеодағы жігіттің інісі мен ұлы, яғни, Шерзат бұзақыны тыныштандырып, сыртқа шығармақ болған. Сол сәтте ол бір топ досын шақырып, төбелес шығарған. Суық қару асынған күдіктілер баланы анасының көзінше пышақтап кеткен. Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуалиев қылмыс жасағандар қамалғанын айтқан еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.