Мал бағудың өзі сарыуайым болған ауылдардың ащы зарын осыған дейін де бірнеше мәрте жазғанбыз. Бұл жолы жермен тікелей айналысып, егін егіп, мал бағып, пайдасын сол маңдағы елі де, өздері де көріп келген шаруалардың шымбайына батқан жайды оқырман назарына ұсынбақпыз.
Кезінде жергілікті әкімдіктермен іс жүзінде бөлініп берілген жер учаскелері арада бірнеше жыл өткенде «заңсыз» болып шыға келген. Бұл уақытта сол жерді әбден тыңайтып, шаруасын дөңгелетіп, малын көбейтіп, мидай жазық далаға жылыжайлар мен қоймаларға дейін салып алған шаруалар сотты болып, алған жерін мемлекетке кері қайтаруға мәжбүр болған. Содан іс жүзінде тек екі жыл ішінде ғана ақмолалық 180 аграрлық шаруашылық жер учаскелерінен айырылып, тақыр-таза қалып отыр...
Жер үлестерінің мемлекетке сот шешімдері арқылы кері қайтарылуына Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару жөніндегі департаменттің талап арыздары негіз болған. Тексеріс нәтижелері туралы өз нұсқауларына сәйкес, мемлекеттік орган осыған дейін аудандық және қалалық жер қатынастары бөлімдерінің жер учаскелерін уақытша тегін пайдалану және жер учаскелерін жалға алу келісімшарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берген.
Мәселен, Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының өндірісінде Біржан сал ауданы жер қатынастары бөлімінің «Нұралин» шаруа қожалығының басшысы Асылбек Нұралинге жер учаскесін жалға алу келісімшартын жарамсыз деп тану туралы талап арыз бар. Жерді 50 жылға жуық уақытқа сонау 2015 жылы шаруашылыққа мал шаруашылығын жүргізу үшін жалға берілген. Осы уақыт ішінде фермер ауданның бас сәулетшісімен бизнес-жобасын жасап үлкен жұмыс жүргізген. Үлкен мал қоралары баздарына арналған ғимараттар салып, қызметкерлер үшін үй тұрғызған. Барлық коммуникациялар өткізіліп, көліктер, арнайы ауылшаруашылық құралдары мен техникалар, 25 бас жылқы, 20 бас асылтұқымды қара мал және 65 бас қой-ешкі сатып алған.
– Жайылым жерлердің деградациясын болдырмау үшін мен учаскенің аумағы бойынша қоршау жасадым. Соның арқасында осы уақытқа дейін карантиндік нормаларды сақтап, жылқы, қара мал мен қой-ешкінің санын айтарлықтай ұлғайттым. Сонымен қатар жер учаскесінің шекарасында орналасқан су қоймасының дамбасын нығайттым. Экожүйені үнемі қадағалап отырамын. Кәсіптік балықты да өсіре бастадым, – дейді фермер.
Шаруа қожалығында осы жылдар ішінде жаңа жұмыс орындары құрылған. Тек өз міндеттемесін ғана емес шаруа қожалығы ауыл тұрғындарының өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасай бастаған.
Дегенмен 2022 жылдың тамызында ауылдық округ әкімдігі қызметкерлерінің тұрғындармен кездесуі кезінде жерді ортақ пайдалануға қайтару туралы ұсыныс түскен. Шаруа қожалығы ерікті түрде мемлекет меншігіне жалға алынған жер учаскесінің бір бөлігі, яғни 180 гектарын қайтаруға келіскен. Қалған 120 гектарды өзі қолға алған мал шаруашылығын жалғастыру үшін қалдырған.
Бұл әрекет аудан әкімдігімен тиісті келісімдермен бекітіліп, жерге орналастыру жобалары әзірленіп, жер учаскесіне заңды актілер рәсімделген. Келісімшарт Еңбекшілдер ауданы әкімінің 2015 жылдың 1 шілдесіндегі №А-7/138 қаулысымен және осыған дейінгі жалдау келісімшартының жалғасы ретінде жасалған. Жер учаскесінің тек сәйкестендіру сипаттамасы ғана өзгерген. Ал жалға алу мерзімі, жер учаскесінің ауданы, конфигурация, жерді пайдалану құқығының өзі қайта ұсынылмаған. Яғни, бұл алғашқы құқық ұсыну болмағандықтан конкурс бойынша шара өткізудің қажеттілігі болмаған.
Біржан сал ауданы әкімдігінің 2023 жылдың 17 сәуіріндегі №а-4/86 қаулысымен жер учаскесін жалға алу келісімшартын бұзу туралы келісім негізінде жер қорға, яғни мемлекет меншігіне кері қайтарылған. Бұл орайда іс жүзінде мемлекет меншігіне кері қайтарылған жер учаскесінің көлемі осыған дейін айтылғаннан едәуір көбірек болғанын атап өткен жөн. Яғни, шаруа 180 гектардың орнына 199 гектар қайтарған. Алайда биыл аудандық жер қатынастары бөлімі фермерде қалған 101 гектар жер учаскесін жер кодексінің 48-бабының 1-тармағына сүйеніп даулауға шешім қабылдаған. Шаруаның басы шым-шытырық шырмауға ілініп, даудың арты тым шиеленісіп кеткенін Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы да жеткізді.
– Бір атап өтерлігі, мемлекеттік орган тарапынан шаруаның атына ешқандай алдын ала нұсқау немесе хабарлама түспеген. Біржан сал ауданы жер қатынастары бөлімінің позициясы біз түсіне алмадық. Өйткені ол өзінің осыған дейін қабылдаған шешімдерінің күшін жойып, жерді пайдаланушыны сотқа беріп отыр. Бұл жағдай мемлекеттік органның бөлімнің жұмысын реттемелейтін ережені бұзып, жоғары тұрған құрылымдардың алдында есептің тәртібі мен талап қою мерзімінен тыс өз білгенін жасағанын көрсетеді, – дейді Ақмола облысының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Валентина Геращенко.
Жер қатынастары бөлімі мұнымен қоса шаруа қожалығының құрылуы кезінде қомақты қаражаттың, уақыттың, басқа да шығындардың жұмсалғанын да назарға алмаған. Барлық құрылыс материалдары, техникалар мен жабдықтар, сонымен қатар құрылысшылардың жалақысы мен құқық беруші құжаттарды бірнеше мәрте қайта рәсімдеу де шаруа қожалығының есебінен алынған. Кәсіпкерлік палатасындағылар бұл орайда Президент Жолдауында айтқан мәселелердің де назардан тыс қалды деп есептейді.
– Соңғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егер жерді заңды бұза отырып алып әрі пайдаланбаса, онда ол жер мемлекетке жеңілдетілген рәсіммен кері қайтарылуға тиіс. Бірақ егер жерді пайдаланушы адал жұмыс істеп, инвестиция салса онда қолданыстағы өндірісті бұзуға болмайды. Мұнда ауыл адамдарының тұрақты жұмыспен қамтылуын ауылдың абаттандырылуы бойынша жұмыстың қолға алынғаны ескерілгені жөн» деп атап өткен еді. Мемлекеттік органның әрекеті кәсіпкерлікті дамытудың негіз болатын принциптеріне және Мемлекет басшысының қойған ауылды жерлерді дамыту жөніндегі міндеттеріне қарама-қайшы келеді деп санаймын. Мұндағы жағдай Президенттің Жолдауындағы тағы бір маңызды цитатаға сай келеді: «Олардың заңды қызметіне кедергі келтір осыдан шығатын барлық салдармен өте үлкен құқықбұзушылық деп қарастырылуға тиіс», – деп атап өтті Валентина Геращенко.
Түйткілді мәселе Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасындағы бірыңғай есеп күнінде талқыға түсті. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның қатысуымен өткен шара барысында бақылау және қадағалау органдары дәстүрлі түрде бизнес алдында жүргізілген жұмыстары туралы есеп берді. Тексерістер барысында анықталған заңбұзушылықтар туралы айтып, сонымен қатар заңнамадағы міндетті талаптар, жаңадан енгізілген өзгерістер жайлы ақпараттандырды.
Жиын барысында облыстық мемлекеттік Сәулет және құрылысты бақылау басқармасының басшысы Бахидбек Оспанбековтің, Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ерғали Шоринның баяндамалары тыңдалды. Көтерілген мәселелердің ішіндегі ең өзектісі де сол жер мәселесі жайлы болды. Әсіресе, мемлекеттік қажеттіліктер үшін жерді мемлекетке қайтарып алудың айналасында көтерілген даудың түйіні тым шиеленісіп кеткен. Мәселен, жиын барысында тағы бір мәрте көтерілген «АСКОП» ЖШС жиырма жылға жуық уақыт астық өсірумен және тұқым шаруашылығымен айналысып келеді. Компания тұрақты негізде барлық аграрлық шараларды жүргізіп, өз міндеттемелерінің бәрін адал орындап, жалақының жоғары, яғни республика бойынша орташа жалақыдан 30,6 пайызға көп деңгейін сақтаған. Мұнымен қоса, шаруашылық соңғы жылдары ғана 16 миллиард теңгеден астам инвестиция құйып, бюджетке аударымдары өткен жылы 1 миллиард теңгеден асып жығылған.
Алайда соңғы екі жылда «АСКОП» ЖШС да Қорғалжын ауданы жер қатынастары бөлімінің тарапынан қысымға ұшырап, 2 700 гектардан астам жер учаскесіне заңды құқыққа қол жеткізе алмай келеді.
– Өкінішке қарай, Жер кодексінің 43-бабын мемлекеттік органдардың жөнсіз түсіндіруінен біз жер учаскелерінен айырылу мәселесіне тап болдық. Бұл өңірде болып жатқан жүйелі мәселеге айналды. Бүгінде облыстың екі жүзге тарта агробизнес субъектілері осындай қиындықтарға тап болып отыр. Осыған дейін кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдармен сотқа дейінгі реттеуге келдік. Бірақ тексерістер қорытындысы бойынша, жер конкурстан тыс берілген болып шықты. Біздің тарапта ешқандай қозғалысты көрмейміз. Өкініштісі, сол жылдар бойы жұмыс істеген адал субъектілердің жер учаскелері тартып алынып жатқанда, пайдаланылмай қурай басып жатқан жерлерге ешкім де тиіспейді, – дейді «АСКОП» ЖШС басшысы Николай Степаненко.
Жиын барысында сөз сөйлеген Ерғали Шориннің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жерлерді тәркілеу бойынша бұрынғы комиссияның жұмыс форматы мен атауы ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне арналған жерлерді қайта бөлу, сонымен қатар жер ресурстарының тиімді пайдалануды бақылау жөніндегі республикалық комиссия болып өзгертілген. Барлық мүдделі органдар кіретін комиссия агробизнестің адал және жосықсыз субъектілерінің тізімін жүргізетін болады. Салық төлемін, өңірде тиісті ауылшаруашылық жерлерін дамыту және инвестиция тартуды қамтамасыз еткен ауыл шаруашылығы өндірушісінің жағымды портретін ескере отырып, арнайы комиссия жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығы өндірушілерінің құқықтарын жалғастыру мәселелерін реттеу мәселесімен айналысатын болады.
«Жер қатынастары – өте нәзік сала. Бұл даулы мәселелер құқықтық алаң шеңберінде болмаса, басқаша шешілмейді. Қазір арнайы комиссияның жұмыс алгоритмі жетілдіріліп жатыр. Расында да, адал бизнес зардап шегіп жатыр. Сіздер меншік иелері ретінде заңды бұза отырып, кезінде жерді берген лауазымды тұлғалардың әрекетіне жауапкершілік артпайсыздар. Біз жақын арада комиссия құрып, мәселені заңмен бекітілген тәртіпте шешімін табуға тырысамыз», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Бұл орайда адал кәсіпкерлерді баса-көктеп тұншықтыру әрекетінің соңғы кезде көбейіп жатқанын облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры да атап өтіп, түйткілді мәселені шешу қажеттігін айтты.
– Адал кәсіпкерлерді негізсіз тексерістер мен қудалаудан қорғау Мемлекет басшысының экономиканы либералдау, экономикалық құқықбұзушылықтарды қылмыс деп танымау және оған мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеу – соңғы Жарлығына сәйкес келетін біздің ортақ міндетіміз, – деді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
P.S.
Қалай дегенмен де, жер дауының айналасында шешімін таппаған, бір-біріне қайшы келетін жайттар әлі де болса жетіп артылады. Бұл орайда заңның солқылдақтығы мен шикілігінің де тигізіп жатқан кері ықпалы аса зор. Сондықтан даулы мәселелердің алдын алу және жер берумен байланысты заңсыздықтарды реттеу үшін бірінші кезекте заңды тағы бір мәрте қарастырып, одан кейін өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жолды тез арада анықтау қажет деген ойдамыз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы