Тірі жетімдер азаяр емес

Бауыржан Момышұлы «Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш – бала сүю» деген. Халық батырының айтқан көрінісі қазіргі қоғамда басқаша сипат алып барады. Бауыр еті баласын құшағына басудың орнына, «тірі жетім» ететіндер азаяр емес.

Оның дәлелі – еліміздегі балалар үйіне түскен бала санының артуы. Соңғы 3 жылда балалар үйінің саны 21 мекемеге азайғаны жақсы жаңалық болғанымен, биыл ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала саны тағы да өсті. Қазір елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 22 мыңға жуық бала бар. Ал мұндай балалар үшін 115 мекеме жұмыс істеп тұр.

Балалар үйін азайту мақсатында кәсіби патронат тәрбиешілер институтын енгізу стратегиясы әзірленген еді. Осылайша, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан баланы патронат отбасы өз қамқорлығына ала алады. Десе де, балалар үйіндегі бала санының көбеюі нақты шешімін таппай келеді. Ата-ананың сол шешімі баланың тағдырын шешеді. Сенаторлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Динар Нүкетаева мұндай өзекті мәселенің өршуін ата-ана жауапкершілігінің азайып, ұлттық тәрбиенің құлдырауымен байланыстырды.

«Жүрегімізге бататыны, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 21 387-ден астам баланың 80 пайыздан көбі қазақтың қара домалақтары, қалған 4 пайызы басқа ұлт өкілдері екен. Ата-бабамыздан қалған жақсы тәмсіл бар: «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел едік». Қазір жесірі де қаңғырып жүр, жетімі де жылап жүр деуге болады. Мұның барлығы азаматтарға, әсіресе қазақ ұлтына үлкен сын деп айтқым келеді. Балалар үйінде 3 700-ден астам бала тәр­биеленеді екен, қалған ба-­лалар қазақстандық отбасылардың асы­­­­рап алуына байланысты патронаттық тәр­биеде. Статистикаға сүйенсек, осы балалардың 96 пайызы ата-анасынан айы­рыл­ған бала екен», – дейді Д.Нүкетаева. 

Баланы балалар үйіне тапсыруға бел буғандар қандай да бір себеппен жауап­кершіліктен қашатыны анық. Динар Нүкетаеваның айтуынша, ол бірнеше жағ­дайға негізделген. Мәселен, дүниеге келген баланың денсаулығында ауру белгілерінің болуы, жоспарланбаған жүктіліктің салдарынан немесе әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан қаншама бала отбасында емес, «бөтен» жерде тәрбиеленіп жатыр. 

«Соңғы статистикалық көрсеткіште 8 796 бала аутист болып туыпты. Әлемдік көрсеткіште бұлардың саны бұрыннан өте көп. Аутизм белгілері байқалған балаларға физикалық, психологиялық, эмоционалдық көмек берілуі керек. Олар шағын орталықтарда жүзеге асырылады. Ондайда ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі артып, тәрбиесіне, денсаулығына байланысты түрлі жұмыс атқаруы керек. Бірақ ата-ана оған салғырт қарап, балаларын балалар үйіне тапсырып жатыр деген ойдамын. Тағы бір себеп, патро­наттық тәрбиеге алып, кейін қайтадан мемлекет тәрбиесіне өткізетін отбасылар бар. Сондықтан балалар үйіндегі сандық көрсеткіш өзгеріп тұрған шығар. 

Одан кейін қазір ажырасу мәселесі де өте көп және бойдақтар саны артып келеді. Кейбірінің көтерген шаңырағы ұзаққа бармай, шайқалып жатыр. Азаматтық неке деген де бар. Міне, осындай жағдайда туған баланы біріне-бірі сілтеп, ақыр соңында балалар үйіне тапсыруға шешім қабылдайды. Мұның бәрі ұлттық тәрбиенің, ұлттық сананың, жауапкершіліктің, мәдениеттің құлдырауынан болып отырған жағдай. Әр баланың болашағы былай болады деп кесіп айту мүмкін емес. Сондықтан балалар үйінде өсіп, ЖОО-да білім алып, әлеуметтік жағдайы жақсарған балалар да бар, әлеу­меттендірілмей, зорлық-зомбылыққа ұшырағандары да кездеседі. Дегенмен патронат отбасында жақсы тәрбие алып жатқандары да көп. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексті талқылап, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізетін кезде, шетелдік тәжірибелерді қарадық, АҚШ-тың бірнеше штатында болдық. Сол кезде байқағаным баланы балалар үйіне өткізу өте қиын екен. Ақырғы уақытқа дейін ата-анаға ойын өзгерту үшін үгіт-насихат айтылып, балалар үйіне өткізбеу үшін барлық жұмыс істеледі екен. Әлеуметтік педагогтер, психологтер, тіпті көршілер мен қоғам болып жұмыла көмек көрсетеді. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның бірі қазақ балаларын бұрын шетелдіктер де асырап алып, шекара асырып әкететін еді. Қазір балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан баланы тек қазақстандық отбасы ғана өз тәрбиесіне ала алады. Ата-ана баланы асырап алғаннан кейінгі істеріне заң талаптарын қатаңдату керек деп ойлаймын. Өйткені қазір үйлену де, үй болу да оңай болып кетті. Осының бәрі оңай болған жерде заң талаптары қатал болса екен деген ойым бар», – деді Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

коллаж: Елдар ҚАБА

Соңғы уақыттағы балалар үйіндегі бала санының артқанымен Астанадағы Х балалар үйінің тәрбиешісі Айгүл Мыңжасар (аты өзгертілді) да келісетінін айтты. Оның айтуынша, өзі 4 жылдан бері жұмыс істеп жүрген балалар үйіне аптасына анасы бас тартқан 3-4 бала келеді екен. 

«Бізде тек ата-анасы бас тартқан балалар ғана емес, балабақша үлгісіндегі топтарға келетін балалар да бар. Сондықтан біздің мекемеге түсетін балалардың барлығы дерлік тастанды деу­ге келмейді. Себебі анасы немесе әкесі баласын 1 айдан 12 айға дейін уақытша қалдыра алады. Балалар біздің мекемеге әртүрлі себеппен түседі (анасы бас тартқан жағдайда немесе уақытша, кейбір ата-аналар ішімдік ішіп немесе ұрған жағдайда, қараусыз қалдырып кеткен жағдайларда). Түсетін бала саны әр жылда әртүрлі. 2020 жылы аптасына 2 баладан түсетін. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш азайды. Бірақ биыл тағы да артып отыр. Ата-анасы балаға күш көрсеткенде, қарау­сыз қалдырса маскүнем немесе нашақор болса олар ата-ана құқығынан шектеледі немесе айырылады. Осы себептен де балалар жиі түсіп жатады. Патронат тәрбиесіндегі балаларға қамқоршы және қорғаншы орган жауапты.

Мекемеде тәрбиеленіп жатқан баланы патронат отбасылар өз қамқорлығына алады. Асырап алушылар көп жағдайда тек ақша төленетініне қызығып алып жатады. Шын ниетімен алатындарды аз деп айтар едім. Бірақ олар баланы өз отбасына алып кеткеннен кейін міндетті түрде бала жағдайынан хабар беру үшін фотосурет жіберіп тұрады, әр жылдың соңында мекеме қызметкерлері сол отбасының үйі­не барып баланың жағдайын тексеріп қайтады. Баланы тапсыратындар көбіне қиын өмірлік жағдайын алға тартады. Бірінің тұратын пәтері болмаса, енді бірі жұмыссыз. Мұндайда баланы уақытша мерзімге өткізеді. Әлеуметтік жағдайын жақсартып алған соң, қажетті құжаттарды жинап қайта алып кетеді. Әлеуметтік қызметкерлер баланың құжаты болмаған жағдайда керекті құжаттарын қайта алып, ата-анасын, туыстарын іздейді және Отбасы банктен шот ашып береді. Мені жиі алаңдататын сұрақ: балалар үйінде өскен баланың болашағы қандай болмақ? Ол балалар үйінен шыққан соң қалай оқуға түседі, оған мемлекет ақша төлей ме, оқуға грант бөліне ме деген сұрақ мені де жиі мазалайды», – дейді мекеме қызметкері.

Ұлттың болашағы – балалар. Ал олар отбасында емес, тәрбиені «бөтен» жерден алса, әке мен ананың мейіріне бөленіп өспесе ел тағдыры не болмақ? Бұл бір кісі алаңдап, бір кісі шешетін мәселе емес. Әр ата-ана өзіне артылған жауапкершіліктен қашпай, бүлдіршіндердің көзінен жас тамбаса екен.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ