"Туған күннен қайтпаған": Абай облысында әскери қызметшіні пышақтап өлтіріп кеткен

Айыптау актісіне сәйкес, әскери комиссариаттың қызметкері пышақ жарақатынан мерт болған.

Абай облысы Үржар ауданында көз жұмған 23 жастағы жігіттің туыстары тергеудің әділ жүргізілмегеніне наразы. Рахат Райбектің жақындары қылмыстық іс жан-жақты зерттелмегенін айтады. Айтуларынша, күдіктілердің барлығы қамалмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қаңтарда Рахат Райбек Үржар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жұмысқа орналасады. Он күннен кейін 23 жастағы әскери қызметкер әріптестерімен туған күн тойлауға кеткен екен. Сол түні ауылдағы дүкеннің маңынан оның мәйіті табылған.

Айыптау актісіне сәйкес, әскери комиссариаттың қызметкері пышақ жарақатынан мерт болған. 

“Оқиға негізі военкомат ғимаратында басталған. Бауырымды сол қызметкерлер туған күнге шақырып алады. Военкомат ғимаратында отырыс болған. Сол отырыстан кейін бауырым қайтқан жоқ. Яғни, сол военкомат ғимаратынан қайтпады, өлігі ғана келді”, – деді марқұмның әпкесі Шолпан Мұхамеджанова.

Марқұмның әпкесі інісін аса қатыгездікпен пышақтап өлтіргендердің барлығы қамауға алынбады деп отыр. Оған қоса, тергеудің жан-жақты жүргізілмегеніне сенімді. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен де келіспей, қылмыстық істің бабын ауыстыруды талап етеді.

“Еңгезердей жігітке бір адам 22 жерден пышақ салуы мүмкін емес. Екіншіден, осы қылмысты жасырып отырған бірнеше тұлға бар. Олар іс бойынша жай куә ретінде жүргізіліп отыр. Оларды күдіктілер қатарына өткізу керек. Іс 99-баптың 1-тармағы бойынша қарастырылып жатыр. Оны 2-тармаққа, яғни “Аса қатыгездікпен өлтіру” деп ауыстыруды талап етеміз”, – деді марқұмның әпкесі.

Қазір атышулы істе жалғыз айыпталушы бар. Ол әскери комиссариаттың жүргізушісі екен.

Алматы аграрлық университетінде оқыған Рахат Райбек үйленбеген. Отбасының жалғыз баласы болған. Қорғаныс саласында жұмыс істеп, әскери қызметкер болуды армандаған көрінеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.