Оралда 33 жыл еңбек өтілі бар дәрігер үйсіз жүргеніне әкімдікті кінәлады

Сот үкімімен әкімдік дәрігерге жыл соңына дейін бір немесе екі бөлмелі пәтер беруге міндеттенді.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі Орал қаласының тұрғыны өзін баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты әрекетсіздік танытқаны үшін қала әкімі аппаратының үстінен шағым түсіргенін хабарлады, – деп жазды Aikyn.kz.

"Мой город" порталы жазғандай, ол әрекетін заңсыз деп танып, әкімдікке мемлекет қорынан пәтер беруге міндеттеуді талап етті.

Сот әйелдің 33 жылдан астам дәрігер болып жұмыс істегенін және жеке баспанасының жоқтығын анықтады. Соңғы 15 жыл бойы ол қазір жалдау мерзімі біткен жалдамалы пәтерде тұрып келген. Бұған дейін тұрғын үй комиссиясының шешімімен дәрігерге мемлекеттік қордан қызметтік пәтер бөлінген. Алайда бүгінгі күнге дейін комиссия шешімі орындалған жоқ.

Сот отырысы барысында тараптар келісімге келді. Әкімдік әйелге 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін бір немесе екі бөлмелі пәтер беруге міндеттенді. Бұл шешім орындалмаса, сот әкімдікке 50 АЕК немесе 184 600 теңге көлемінде айыппұл салуы мүмкін.