Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 31 қазан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясындағы міндеттерді талқылады.

Соған сәйкес алдағы бейсенбіде сенаторлар екі мәселені қарайды. Олардың бірі – «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Респуб­ликасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң. Аталған құжаттың нормалары екі мемлекет арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға және сотталғандардың жазасын өтеу үшін олар азаматы болып табылатын мемлекетте қоғамға қайта қосылуына жәрдемдесуге арналған.

Сондай-ақ палата отырысында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бір топ сенатордың цифрландыру мәселелері бойынша депутаттық сауалына ауызша жауабы тыңдалады. Сенат Спикері мәселенің маңызды екеніне тоқталып, талқылауға басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысатынын айтты.

Бюро отырысында депутаттардың алдағы уақытта Абай облысының Курчатов қаласында өтетін радиациялық және сейсмикалық қауіп­сіздік мамандарымен кездесуіне қатысты мәселелер де талқыланды. Қазақстанда АЭС салынуына байланысты бұл тақырыптың өзектілігі арта түс­кені анық.

Сонымен қатар сенаторлар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында аграрлық секторды тікелей субсидиялаудан қолжетімді несиелендіруге көшу және денсаулық сақтау жүйесін кадрлық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін жергілікті тұрғындармен бірге талқылау үшін өңірлерге барып, кездесулер өткізеді. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, қазір елімізде, әсіресе ауылдық жерлерде білікті медициналық кадрлардың тапшылығы өте өзекті. Сондықтан саладағы проблемаларды жан-жақты зерделеп, тиісті мамандармен бірлесіп оларды шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеудің маңызы зор.

Сондай-ақ бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.