Олжас Бектенов шетелдік инвесторлармен Қазақстанда теміржол машинасын жасау мәселесін талқылады

Олжас Бектенов теміржол машинасын жасау саласының әлемдік көшбасшыларымен кездесті.

Олжас Бектенов америкалық және франциялық Alstom және Wabtec компанияларының басшыларымен Қазақстанда теміржол машинасын жасауды одан әрі локализациялау жоспарларын талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Премьер-министр Олжас Бектенов Жаһандық инвестиция жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел аясында ірі халықаралық компаниялардың басшыларымен – теміржол машинасын жасау саласының әлемдік көшбасшыларымен кездесті.

Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша Alstom француз компаниясының президенті Эндрю Делеонимен өндірісті одан әрі локализациялау және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарлары талқыланды.

Alstom – еліміздің теміржол индустриясының негізгі инвесторы. 10 жыл ішінде компания құрылысқа, технологиялар трансферті мен қазақстандық мамандарды оқытуға шамамен €120 млн инвестиция салды. 1 мыңнан астам адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Астанада 7 өндірістік база ашылды, оның ішінде жолаушылар және ауыр жүк электровоздарын өндіретін «Электровоз құрастыру зауыты» бар.

Француз компаниясы 450-ден астам жаңа жұмыс орындарын аша отырып, электровозға техникалық қызмет көрсететін төрт орталықтың құрылысын бастады. Жобаның жалпы сомасы €50 млн-ды құрайды, Шу қаласында алғашқы сервистік орталықтың ашылуы 2025 жылға жоспарланған.

Зауыт Қазақстан мен ТМД нарығын бағындырып, өз орнын сәтімен иеленді. Шығыстан батысқа контейнерлік тасымалдың артуына байланысты шығарылатын өнімге сұраныс артты. Бүгінгі таңда өндіріс көлемі бойынша кәсіпорын Қазақстанда теміржол машинасын жасау секторында шамамен 30%-ды алады. 

Alstom басшысы Эндрю Делеони Қазақстанның инвестициялық саясатын қолдайтынын мәлімдеп, елімізде бизнес үшін жасалып жатқан жағдайлар өндірістік қуатты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда индустриялық және көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған ынтымақтастықты кеңейту келешегіне назар аударылды, оның ішінде ҚТЖ-мен әріптестік мәселелері талқыланды.