«Поэзия» номинациясы: Бұл жолда бақытты бола алмайсың!

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Soqyr úmit

 

Бұл жолда бақытты бола алмайсың!

 

– Бойкүйез деп балаңды жамандайсың,

Көңілін сұрамайсың, жазалайсың.

Жарым ойлы, тәрбиесі әлсіз болса,

Мектепте ұстаздарды мазалайсың.

Ал сен ше?

Балаңмен неше уақыт сөйлесесің,

Жарыңмен жауыңдай болып күресесің.

Білім - ғылым ізденіп көрмегенсің,

Ұрпағыңа не тәрбие үйретпексің,

Қай жарықты түсірмексің?

Сен кімсің?

Күйеу болып әйеліңмен жараспадың,

Бала болып ата-анаңды қараспадың.

Әке десем әкелік атың ғана,

Қазақ бола өз тіліңде жақ ашпадың,

Адам қылып тұрған сені сыртқы қабың.

 

– Мен саған әлем шарлар ғалым емес,

Ұлыларды қазір заман адам көрмес.

Ақкөңілді тыр жалаңаш шешіндіріп,

Үлкен мен жас бір-біріне орын бермес.

Кітап оқып, ғылым қуар уақытым жоқ,

Қу тіршілік жеткізбейді, ақыл емес.

Әр түлкі өз құйрығын мақтайды кеп,

Текті мен күмпілдектер бірдей емес.

 

– Бос уақытыңда не істейсің?

 

– Туыс – жаран бас қосамыз.

Шаршаған жанымызға ем боламыз.

 

– Қателеспе, сен өсек айтасың,

Жағдайын уайым емес, сын қыласың.

Салыстырып қарайсың, жарысасың,

Жоқ болса бере алмайсың, қызғанасың,

Езу тартып, іш тарлықты жасырасың.

 

– Бірақ, менің жеткенім көп!

Ел жете алмаған көлікті айдап жүрмін,

Баспанам бар,

Несиесін қалдырмай төлеп жүрмін.

Баламды қатарынан қалдырмайм(ын) деп,

Жарты жанмен жағдайын жасап жүрмін,

Елге құнды осы болса амалым жоқ,

Шын кейпімді қараңғыда қамап жүрмін.

 

– Көш басында озып жүрм(ін) деп айқайлайсың,

 Қонаққа қарыз алмай бара алмайсың.

Ақылыңды нәпсіңе жығып беріп,

Пара бермей жұмысқа тұра алмайсың.

Несиенің түбіне жетесің де,

Арман еткен өміріңді сүре алмайсың.

 Бірақ, сен бақыттысың ба?

 

– Бұл заманда кім бақытты?

– Иә, дүние қуған заманда ешкім де бақытты емес,

Бала жаның армандаған өмір емес.

Сол мұңыңды өзіңе түсіндіре алмай,

Басқаға кінә арту бізге түк те емес.

Бірақ, сені бақытты етер біреу емес!

Айлық үшін жұмыс жасау нығмет бермес,

Қу көкірек, өзіне сөз келтірмес.

Өмірге махаббатың берік болса,

Осы бақыт, құр жылтыр көрік емес.

 

– Өзгеру үшін не керек?

 

– Сыйлау керек.

Өзіңді, ақ көңіліңді сыйлау керек,

Анаңмен тең әйеліңді сыйлау керек.

Құндылығың тіліңді сыйлау керек,

Елді ойласаң мұғалімді сыйлау керек.

Біз адамбыз, күнә бізге емес бөлек,

Білместікпен өткіземіз өмірді тек,

Өкініш өлімнен ауыр дейді,

Ақ пен қара айырмасын білу керек,

Соңғы демің ризалықпен өту керек.

 

Көзіңді ашып, қараңғыдан шықпағанша,

Жалтыраған дүниеге тоя алмайсың.

Жаныңа ем болар жол таппағанша,

Бұл жолда бақытты бола алмайсың.