«Поэзия» номинациясы: Алтын көмбе

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Жауырторы

 

АЛТЫН КӨМБЕ

 

Болсада көкірегім – алтын көмбе,

Менде бір бағы жанбай кеткен пенде.

Асығыс ғайбаттама не істеген деп,

Боларсың қысым көрсең мендей сен де!!!

 

Файзолла Сатыбалдыұлы

 

Қиянат кетпес – тоқтаусыз,

Әділ сөз қалмас – құптаусыз.

Күндердің күні келгенде,

Міржақып кетпес – жоқтаусыз.

 

Файзолла Сатыбалдыұлы

 

І

Ұйыған тілінде – сөз, ділінде – иман,

Бойына Кәләмаллаһ нұрын құйған.

Қос қария төр алдында күрсінеді,

Біреуі – үй иесі, бірі – мейман.

 

Қызырлы Құран Кәләм нұры бар үй,

Қадырлы қазағымның жыры бар үй.

Қос қария төр алдында күрсінеді,

Біреуі – мұхтасиф те, бірі – қари.

 

Айтады Алланы еске ап құран сөзін,

Айтады ақын болып жырау сөзін.

Қос қария төр алдында күрсінеді,

Танытқан тағдырына шыдам, төзім.

 

Өмірдің көріп талай өктемдігін,

Шемен боп ішке қатқан шерткен мұңын.

Қос қария төр алдында күрсінеді,

Еске алып сырласқанда өткен күнін.

 

Бұралаң жолдарында бұрмасы көп,

Көп көрген екеуі де мұң, қасірет.

Сөйлесе Әлмұхаммед жанын ұғар,

Файзолла секілді дос, сырласы жоқ.

 

Файзолла сөйлеп кетсе «тыңдашы» деп,

Тыңдайды Әлмұхаммед мұңдасы боп.

Екеуі талай қырды бірге басып,

Екеуі талай сынды бірге асып ед.

 

Талқыдан өткен талай құз, бөктерде,

Таусылмай тауарихы тізбектелген.

«Тыңдашы, Әлекем» деп Файзолла отыр,

Жан досын ахиреттік іздеп келген.

 

ІІ

– «Мың шүкір жаратқан хақ бергеніңе,

Дүниені жақсы-жаман көргеніме.

Тұрлаусыз тайғақ кешу, тар жолдардан,

Аман-сау тірі қалып жүргеніме».*

 

Әлеке, дін қарындас, қатарым ең,

Жолықтық бұл фәнидің сапарымен.

Әкемнен сауат ашып, Бұхарда оқып,

Жасымнан құран қари атанып ем.

 

Халқымның тар заманда мұңын көріп,

Жасына хат танытып, ұғым беріп,

Қанша жыл қызыметті атқарғанмын,

Діліне орнатқалы дінін берік.

 

Бекіткен өзіңменен достығымды,

Дариға-ай, сағындым сол жас күнімді.

Қазақтың қамын ойлап, зарын айтып,

«Айқаптың» айтқанына қостық үнді.

 

Жамандық кейін қалып жұртымдағы,

Көрініп жарық күнге ұмтылғаны.

Жастары біліп алып, ілім қуып,

Ұлтымның өшер дедік бір күн зары.

 

Заманға болып тұрса адам бейім,

Қалайша талаптысын жаман дейін.

Жарлығы он алтының басы болып,

Басталды үргін-сүргін одан кейін.

 

Ақ патша аямастан өз баққанын,

Біз көрдік бүйрегіне без қатқанын.

Майданның жұмысына жекпек болды-ау,

Елімнің еркін өскен боздақтарын.

 

«Талай ел түк түсінбей аңтарылды,

Белдеуде назбедеулер қаңтарылды.

Қайдан келген пәле? – деп аң-таң болып,

Әр ауылда болыс пен бай тарылды».*

 

Түсер деп өткір шалғы көк өскінге,

Билікпен болып жатты егес күнде.

Қамданып бойда қайрат бар кезінде,

Жастарын қолға берген жоқ ешкімде.

 

Бірлігі біздің жұрттың қандай еді,

Ұйытқан тастан тығыз бар мәйегі.

Азаттық жолында бас құрбан қылып,

«Аллалап» атқа қонды Торғай елі.

 

«Патшаға екі ғасыр болдық отар...

Айламен жақсыларды болды матар...

...Хан болған он үш болыс, үш Торғайға,

Жігіттің сұлтаны еді-ау Әбдіғапар».*

 

Сайланып Аманкелді сардарлыққа,

Байтақ ел көніп тұрды әр жарлыққа.

Табылып хан қасынан Досай, Досан,

Жол сілтеп, жөн көрсетті қалған жұртқа.

 

Халықпен жаным, ділім бірге менің,

Бекіттік ордалы елдің іргелерін.

Түзетіп тезге салып тентектерін,

«Приемнің» көрдік дүбір, дүрбелеңін.

 

Ақ патша таратқасын дүр әмірді,

Мұнарлы не етерміз деп мына күнді.

Жібердік жеті адамды Петерборға,

Бас қылып Төкеұғылы Смағұлды.

 

Жиылып бата беріп аттанарда,

Құлақты түрдік әрбір хат-хабарға.

Деуші еді «солдаттық жоқ қазақ үшін»,

Білмейміз күткен үміт ақталар ма.

 

Ахмет түсіндіріп елге жайтты,

Низамға көн, адамды бер, - деп айтты...

...Патшаға аттандырған Смағұлда,

Көңілінде кейістікпен керіге қайтты.

 

Торғайдың жиын болып уезінде,

Шақырған Эверсман съезінде,

Жарлыққа көнбей кетті Әбдіғапар,

Парасат, ақыл, айла – бір өзінде.

 

Аламан атой салып, атқа қонған,

Алашқа болмақ осы шақта қорған.

Асынып қару сайлап, қылыш қайрап,

Арғымақ баптады өтер аттап ордан..

 

Есімнен шығармаспын бұл күндерді,

Қанша рет қан төгіліп, қырғын болды.

Айтқаны Ахметтің расқа шығып,

Таңдаппыз соры басым сүргін жолды.

 

Соғысып Шошқалы мен Құмкешуде,

Бір қырғын болды мешіт іргесінде.

Солдатты бастап келген ағам Мырза,

Заманның бөлінбеген кім көшінде?!

 

Ақ іс деп хан қамының қостап бәрін,

Азаттық жолынан мен бас тартпадым,

Арамыз екі айрылды милат үшін,

Ағамыз ықпалында ақ патшаның.

 

Заманның касіретті зарпы осында,

Біз қалдық жанған оттың ортасында.

Ақ патша құлағанда ағамды ойлап,

Айтқанмын «Ақсарыбас» хан қасында.

 

Дуанға қызыл шұбар ту қадаған,

Қуанған шулы қосын, дулы аламан.

Бір Алла сыйынғаным болды сонда,

Бейбіт күн кетпесін деп бұл даладан.

 

Еркіндік ерлік болса өзі келер,

Батыр ма бодандыққа төзіп өлер.

Тірлігі тұтас болмай бостандықта,

Бірліксіз баянсызын сезіне ме ел.

 

Тұрғанда еркін күнді қымбат көріп,

Кеткендей бұлғар шыңдар қирап, шөгіп.

Бүлігі басылмады жұртты бүлген,

Арасы ақ, қызылдың бұлғақ болып.

 

Жосадай бояп қазақ қаны жерді,

Тамұққа түсіргендей ғаріп елді.

Бөлініп алты алашым ала болып,

Бір сойқан жұрт ішіне тағы келді.

 

Шырғаға түсіргендей шыжымменен,

Халқымнан болды бұғау үзілмеген.

Зәнталақ ақ дегені қара ниет,

Қанқұмар жендет екен қызыл деген.

 

Елі іші тынышталмай кетті маза,

Талайсыз талайларға жетті қаза.

Ардақты Аманкелді батыр өлді,

Белгісіз кім кескені кекті жаза.

 

Өмірдің бұйырсада дәмі кімге,

Талқаны таусылмас па бәрінің де.

Алашты араз қылып ер өлімін,

Жахаңнан көріп келед әлі күнге.

 

Айырмай ақиқатпен ақ-қарасын,

Ханға да жапты күйе жат жаласын.

Қаза боп жайнамазда жанын берді,

Бұл жұрттың бұзбаймын деп тәтті арасын.

 

Байтағым бәйтеректей саялаған,

Хан менен сардарбекті аямаған,

Жендеттер кезіп жүрді ел ішінде,

Жік салсақ болады деп қай арадан.

 

Мылтығы мүлт кетпеген ұмсынғаннан,

Кейкі де өткен ер ед(і) кіл сындардан.

«Банды» атап байрақ ұстар батырымды,

Жалдап сөз шығып жатты жын, сұмдардан.

 

Сәт туып ай тұтылған, күн тұлданған,

Жанарын жасқа шылап жұртым қалған.

Кейкінің кесті басын қызыл жендет,

Қалмаған кімнен кейін бұл сұм жалған.

 

Бейдауа заманада дала күңгірт,

Білмеді-ау жақсысының бағамын жұрт.

Айрылып қала берді арыстардан,

Сыздатып көкіректі нала мұң ғып.

 

Сырына замананың үңілді кім?

Жақсысы түгел бітті-ау бұрынғының.

Безбүйрек белсендінің заманы кеп,

Тынысың тарылып тұр бүгінгі күн.

 

«Ей, Алла, айдың, күннің аманында,

Бейдауа жаһилдердің заманында.

Құл болып кетеміз бе деп қорқамын,

Кәпірдің доңыз жеген табанында».*

 

ІІІ

– «Әкім болдым біраз уақыт бақ қонып,

Лайланған бір заманға тап болып.

Айдаһардай заһар шашқан әлемге,

Мінез-құлық өзгеріліп кетті оңып.

 

Жайшылықта достар көп қой сыйласқан,

Жан аямай мал мен жанын қинасқан.

Таршылықтың тар аузында көрінер,

Кімдер адал, кімдер рия, кім дұшпан».*

 

Әлекем-ай, бар ма сенің есіңде,

Тар уақытқа тап келгенбіз «Мешінде».

Кеңшіліксіз кемшілікті күн көрдік,

Кер заманнан жолыққасын кесірге.

 

Ақ сирақ қып алты ай қыста жұт болған,

Жұтамайды десек-тағы жұтқаннан,

Ақ боз үйлі ауылдарда түк қалмай,

Қаңырады деп жүргендер «құт қонған».

 

Зымыстаннан рахымшылық аз болып,

Мамыражай болар деп ек жаз келіп.

Мал айдаған, май шайнаған заман жоқ,

Қарайлаған адамда жоқ көз көріп.

 

Жас бейнет қып, дұға еткенмен кәрісі,

Татыр жерге шықпай тағы тарысы,

Бағарға мал, орарға жоқ егіні,

Қиын сынақ болды елге Хақ ісі.

 

«Тас мешін» жұт «Тауықпенен» жалғасқан,

Елдің соры зарыменен алмасқан.

Жарық дүние тозағына түскендей,

Аштық ажал жебесі боп қан басқан.

 

Атан жілік, апай төсті «нар» жүдеп,

Адам қалмай айтатұғын әлді деп,

Мөлдіреген қара көзге қан толып,

Сола берді соғып жатқан сом жүрек.

 

Көп адамнан қысылғанға жоқ көмек,

Тоқ адамға не қылмақшы ел өкпелеп.

Тері шайнап, тулақ асты ас қылып,

Жуа теріп, атқұлақты деп қорек.

 

Жалаңаштық, тамақ аштық көп көрдік,

Өкінішін басымыздан өткердік.

Атбасарға азық іздей бардық біз,

Айықсын деп көп азапты шеккен жұрт.

 

Көмек іздеп, қорек іздеп шығанда,

Халыққа дем берсін дедік бір Алла.

Құзіретпен қолдан келер іс қылдым,

Қызыметті атқарушы ем дуанда.

 

«Ұзын аққан Есіл бойын жағалап,

Талай елді көріп-білдік аралап...

Кет қаңғырған Торғай елі қазақ, – деп,

Кей әйелдің тілі тиді шабалап».*

 

Барғанменен қаны бір деп бетке алып,

Шамданған ем жарылуға шақ қалып.

Сүйегімнен сүйір тілдің сөзі өтіп,

Өзегімді өртендірген от қарып.

 

Мен қолымнан келгенше елге қарастым,

Көмек іздеп талай-талай бел астым,

Жаманаты қалмасада тексіздің,

Азаматы бар емес пе алаштың.

 

Қазақ қамы шықпағасын қаперден,

Халық жүгін қара нардай  көтерген.

Аймауытов бастаған топ асар ғып,

Алыс жерден ел көмегін әкелген.

 

Көмек қылды Жүсіпбектен артық кім,

Талықсыған жан таңдайға нәр күтті...

Ел ішіне бөліп берді теңдей ғып,

Рүстем мен Қазгелдісі Қарпықтың.

 

Қазағым деп қайрат етіп, қам қылған,

«Жұртым» үшін болса дейтін жан құрбан.

Жүсіпбектің жақсылығын білмеген,

Арсыздар көп арыздарын жаудырған.

 

Азаматқа сұм, кәззаптар сот құрып,

Арылмаған біздерденде көп күдік.

Адалдығын Алаш жұрты білген-ді,

Жамандығын жалақордың жоқ қылып.

 

Айбозыма болмай елдің еш себі,

Қиянат іс ұмытылмас естегі –

Достық қылған аштық қырған халыққа,

Қастық қылған деп жазаға кескені.

 

Заңқой – семіз, арық болды заманым,

Заманымның көрдім менде зауалын.

Бара жатты керуен кері айналып,

Алға қадам басқан сайын әр адым.

 

Құдайындай көріп кәпір, күпірді,

Құл жиылып бас болардай құтырды.

Қадыр білмес халық ісін оңдырмас,

Құм жиылып тас болмасы сықылды.

 

Кедей болу кеңесімнің салты деп,

Күндер туды бай мен бектің нарқы жоқ.

Тарықтырып, қамықтырып қазақты,

Төрт түлігін түгел алды тәркілеп.

 

Қор сарқылып иіндеген сабаңнан,

Кісі таппай кеңес құрған ақ ордаң,

Жұт алғандай жұтап қалды жамиғы ел,

Құт ауғандай қордаланған қораңнан.

 

Нені айтарсың парық білмес наданға,

Сүйенетін заңы басқа заманға.

Ей, Әлекем, есіңде ме «ұлтшыл» деп,

Алынғанбыз сол кездері қамауға.

 

Күңіреніп  Қараторғай, Қайдауыл,

Жылап ақты Жалдама мен Байғабыл.

Шөгіп жатты мұнарланып Ақирек,

Шерлі күнде басқан батпан қайғы ауыр.

 

Айырылып туып-өскен мәканнан,

Ата-ана, құрбы-құрдас, қатардан.

Қол – байлауда, бас – айдауда көгендеп,

Қостанайдың шаһарына апарған.

 

«Тағдыр солай жазған екен шара жоқ,

Әттең, әттең, қас дұшпанға таба боп.

Жатқандығым жанға батып жазықсыз,

Жүрегімде алай-түлей жанады от».*

 

«Ақтүрмеден» шығармады далаға,

Көзімде – жас, көңілім толды налаға.

«Көнбеймін» деп, «ермеймін» деп Кеңеске,

Көтеріліс болды Батпаққарада.

 

Елде бірақ қандай қауқар, күш қалды,

Жеңе алмады жезтырнақты мыстанды.

Омар ханмен Әбәйділда, Сейітбек,

Мырза ағам бүлікші боп ұсталды.

 

Өзімді әкеп тар қапасқа жаптырған,

Отбасыма және айып тақтырған.

Бастадың деп бүлік басын елдегі,

Ағамыз бен інімізді аттырған.

 

Орындалмай елдегі арман, бар талап,

Ордамызды ойран етті зәнталақ.

Тағдырыма тап келгесін талқысы,

Он төрт жылды кете бардым арқалап.

 

Біз кеткесін аштық болған тағыда,

Құлақ түрер кім бар қазақ зарына.

32 шықпас елдің есінен,

Орнығыпты өшпестей боп жадына.

 

Қырғын тауып қайран халқым, киелім,

Азғындардың жұртқа берген сыйы – өлім.

Мен айдаудан оралғанда шапанның,

Етегімен жидым елдің сүйегін.

 

Көмусізін көрдім жатқан қырда өліп,

Кебінсізін көрдім жапқан құм көміп...

...Ей, Әлекем, аруақтарға бағыштап,

Құран оқып, дұға етші бір күңіреніп...

 

ІV

«Ахуалы әр пәнданың – Тәңірге аян,

Толқымай бір түрде өтпес өмірбаян.

Тағдырдың тегершігі айнымалы,

Бірде – ашық айдай анық, бірде – тұман».*

 

Әлеке, біздер көрген заман бұлдыр,

Бәріне көнеді екен адам құрғыр.

Кешегі қуғындағы жүрген күндер,

Есіме түсіп әлі алаң ғып жүр.

 

Белсенді табылғанда баққа құмар,

Жанына жақсылардың дақ салынар.

Жыраққа туған елден кеткен едік,

Сынаққа салып басты Хақ Сәруар.

 

Тағдырда тезге түспей жүрер ме адам,

Жаралған біреу – жақсы, біреу – жаман.

Пәндадан қайыр күту болды бекер,

Қайырым болмаса егер бір Алладан.

 

Болсада қап түбінде жатпас берен,

Жан бар ма дүние аумаған, бақ көшпеген.

Кісенмен кете бардым көңіл шерлеп,

Кешегі Байтұрсындай, Ақтаспенен.

 

Ел едік қызыр қонып, құт дарыған,

Айрылған заман келді ұлт бағынан.

Талайлар бір мен емес қуғын көрді,

Әр ісі өзіне – анық, жұртқа – күман,

 

Болсын деп қазақтағы күй қуатты,

Ел үшін талай тартқан михнатты.

Ахмет, Міржақыптай арысымды,

Арсылдап өз аулының «иті» қапты.

 

Десекте Алашты Алла «сақта, сақта»,

Жоқ ешкім тиым болған көп қасапқа.

Ел бастар естілердің талайының,

Отауының оты сөніп жатты ошақта.

 

«Сәт осы – барлық ұлыс тарыққан нақ,

Тайған сәт және де осы халықтан бақ.

Келтіріп ішер асқа кейде шүба,

Айрылмай халал-харам зарыққан шақ».*

 

Сәт осы – жақсыларды матар, байлап,

Қалды артта туып өскен баһарлы аймақ.

Ажалың жетсе арман не ел ішінде,

Ақ теңіз каналына апарды айдап.

 

Көрсетер пәндасына ғажапты Алла,

Жәна да салар сынап азап, сорға.

Асылы адамзаттың Мағжан екен,

Бір жүрген Ақтеңізде тозақ торда.

 

Бір жүріп, бірге жаздық жыр жақұтты,

Бір күліп, бірге көрдік сын уақытты.

Іштегі бір толқытып қайғы шерді,

Сол жерден жолықтырдық Міржақыпты.

 

Міржақып – алтын көмбе, түпқазығым,

Ақылы жұртқа – қорек, ұлтқа – азығым.

Болмаса бір құдайдың дәл өзіне,

Алашқа білмеуші едім түк жазығын.

 

Жолығып жөнімізден жайды ұғыстық,

Қамығып еліміз деп қайғы құштық.

Көрмесек енді қайтып бақұл бол деп,

Амалсыз жас төгісіп айрылыстық.

 

Тұрғасын жаһил біткен жүріп үстем,

Мұңдасып кете бардық тынып іштен.

Мен елге оралғанда арысымның,

Ажалын естігенмін Ідірістен.

 

Қиянат көріп қызыл ібілістен,

Қайғының болдық біздер уын ішкен.

Көрбілте надандарға назаланып,

Күңіреніп елде тұрды күйінішпен.

 

Тоқтаусыз қиянаттар бара бермес,

Құптаусыз ғаділет сөз қала бермес.

Жоқтаусыз қалдырмайды ел арысын,

Халқы үшін жанын берген адам өлмес.

 

Кімдер бар қызыл жендет рахым еткен,

Талайлар тар қыспақта қапы кеткен.

Алашқа демеу болған дем біткенше,

Жоқтадым айрылғанда Ахметтен.

 

«Айрықша артық көрген ғазиз досым,

Жоқ еді қысқада – кек, ұзында – өшің.

Алаштың қамын жеген азаматы ең,

Сүйреген алға қарай қазақ көшін».*

 

Кездескен таршылыққа адам көнер,

Ақ сөйлеп, адал озар заман келер.

Үңілер жақсылардың сырларына,

Түңілер жауыз туған наданнан ел.

 

«Кім білер алдағы күн не боларын,

Келешек кімді қалай бағаларын.

Болмайды бәлен деуге артын ашып,

Үзбесе болды ұрпақ дұғаларын».*

 

Ерлердің ел деп еткен ісін біліп,

Айта алмай түсіндіріп мысым құрып.

Сыртымнан сес көрсетер белсенді көп,

«Алаштың қалдығы» деп сұсын қылып.

 

Ниетін қас көрсетіп, дос құбылтып,

Жанарда жүрміз әлі жасты бүркіп... –

Файзолла осыны айта бергенінде,

Есікті біреу келіп ашты жұлқып.

 

– Аяр боп адастырып ел, халықты,

Осылар құрып жүрген молдалықты.

Сібірге айдасада айып емес,

Алаштың құйыршығы зор қауіпті.

 

Мен жүрдім бұл екеудің ізін баға,

Ісіме берерсіздер түзу баға... –

Жылмаңдап сөйлей берген тұмақтыны,

Тоқтатты сазарған өң, қызыл жаға.

 

– Тергеуде анықталар барлық ісі,

Кінәлі үкіметке бар жұмысы.

Айдауға бармақ түгіл атылады,

Жасаған болса егерде жаудың ісі.

 

Қамалап келген жандар екі адамды,

Тұмақты тығылғандай жеке қалды.

Құранын тығып ұстап қос қария,

Тағы да кісенменен кете барды...

 

V

Көз жасын, көңіл мұңын сарқа жеткен,

Азаттық ақ ордамды алқалы еткен,

Кісенін талқан еткен бодандықтың,

Арманы қанша асылдың аңсап өткен.

 

Қанжарын  қызыл жендет қанға малған,

Қапылыс құтыла алмай тар заманнан,

Жете алмай кетті саған, қайран ерлер,

Соңында қалған аңыз, қалған арман.

 

Тақсірет талқы күнде тірлік кешкен,

Тағдыры сұр бұлттай сырғып көшкен.

Айнымас ар жолынан арыстарды,

Айтады ғасыр-намаң сыр бүкпестен.

 

Үмітін болашаққа селбестіріп,

Танытқан ел қамы үшін жанкештілік.

Тарихқа таңбаланған баба даусы,

Тұрғандай  ұмытылмай мәңгі естіліп.

 

Тәңір жар! Талқан болып тозған қоғам,

Басынан басырлардың озды-ау заман.

Оралып отқа оранған ақсұңқарлар,

Мөлт етті қуанышпен көзде аунаған.

 

Айтылып мың лағынет зар күндерге,

Аршылып асыл қазына алтын көмбе.

Қазақтық, азаттықты ұран қылып,

Айттық біз бар дауыспен, бар тілдерде.

 

Бабаңа болғанымен батырлық тән,

Бұғауға түскенінде ғапылдықтан.

Жас ұрпақ қарызың көп айбоздарға,

Жасқанбай жай оғының отын жұтқан.

 

Меніңде мойынымда жүр қарызым,

Жырлайын, орындалсын бір парызым.

Жолында азаттықтың құрбан болған,

Алдында бабалардың мың тағызым.

 

2017 жыл, қыркүйек