БҚО Теректі ауданының бұрынғы әкімі Жеңіс Серікқалиев бостандыққа шықты

Сотта Жеңіс Серікқалиев өзінің нақсүйерін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған еді.

Ол 2016 жылы аса ауыр қылмыс жасады деген айыппен 11 жылға сотталған болатын. Теректінің экс-әкімі Жеңіс Серікқалев бостандыққа мерзімінен бұрын шықты.

Ол Орал қалалық сотына денсаулығына байланысты жазаны шартты түрде өтеу туралы өтініш білдірген. Өтінішті қараған судья М.Шүкіров өтінішті қанағаттандырды.

«Жеңіс Серікқалиев 2016 жылдың 1 қыркүйегінде аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 11 жылға сотталған. Оның жазасы 2027 жылдың наурыз айының 14-і күні аяқталады. Мекеме әкімшілігі берген мінездемеге сай, сотталушы Ж.Серікқалиев жаза өтеу барысында тәртіп ережелерін сақтаған, мекемеде жұмысшы ретінде еңбек еткен, қосымша кәсіптік білім алған, оқу жүйесінің сабақтарына, тәрбиелік, мәдени-спорттық іс-шараларға, сотталғандардың ерікті ұйымдарына белсене қатысқан, 15 рет мадақтау алған, жазалау шарасы болмаған, яғни сотталған жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзбаған. Бұдан басқа, 2024 жылғы 4 наурыздағы медициналық анықтамаға сәйкес, сотталған Ж.Серікқалиевтің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық емес. Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 1 қыркүйектегі үкімімен 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған Жеңіс Серікқалиев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылсын», – делінген Орал қалалық соты шығарған қаулыда. 

Сот қаулысында Жеңіс Серікқалиевтың төрт баласы бар екені жазылған. Теректі ауданың бұрынғы әкімі Жеңіс Серікқалиев негізі 2027 жылы шығу керек болатын. Бірақ Орал қалалық сотының шешімімен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, Жеңіс Серікқалиев Теректі ауданын 2013-2016 жылдары басқарды. Ол 2016 жылдың мамыр айында әйел адамды өлтірмекші болды  деген күдікпен қамауға алынған болатын. 

Жеңіс Серікқалиевпен бірге Теректі ауданының тұрғын үй шаруашылығы бөлімін басқарған Арман Қожамұратов және Жеңістің көлік жүргізушісі Бейімбет Исмағамбетов бірге қамалған болатын. 

Ақпан айында белгісіз біреу Кристина есімді әйелге пышақ жарақатын салады. Әйел кейін есін жиып өзіне пышақ салғанды танып, полицияға айтып берген. 

Сол 2016 жылы Жеңіс Серікқалиев пен Арман Қожамұратов ұйымдасқан қылмыс жасады деген айыппен 11 жылға, ал көлік жүргізушісі Бейімбет Исмағамбетов 10 жылға сотталды. Сотта Жеңіс Серікқалиев өзінің нақсүйерін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған еді. 

Айта кетейік, Жеңіс Серікқалиевты мерзімінен бұрын босату туралы қаулыны Орал қалалық соты 11 сәуір күні шығарған.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.