«Проза» номинациясы: Мойынның мойындатуы

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Satirik-Satik

МОЙЫННЫҢ МОЙЫНДАТУЫ

 

Көздегені ойындағыдай болып шықпағалы мойын шіркінде маза жоқ. Бұрын арық кезінде олай-бұлай қарап, не болатынын іштей бажайлап, басты кәдімгідей басқарғысы келіп тұратын еді.

Бұл күнде бас мұның бар-жоғын елемейтін сыңайлы: олай-бұлай қозғалақтай бастаса-ақ болды, екі аралықта жүрген алқым арқылы «керек-жарағын» беріп жібере салады. Мойын тойынғасын-ақ болды емес пе, бастың ар жағында не ойлағанын білуге құлқы болмай, құлқынын құлыптап отыра беретін. Бірақ, соңғы кезде өзі жайында көпшілік арасында теріс көзқарас қалыптаса бастағанын сезгелі біртүрлі секем алатынды шығарды. «Мойын бұрмайтын болыпты», «Өй, тоңмойын біреу екен ғой өзі», «Бұрын мойны ырғайдай, биті торғайдай болып жүруші еді. Кісі танымайтын болып қалыпты», «Өзінен-өзге ешкімді мойындамайды, бұл ит», «Мойын жуандағасын, бас қайда барады, оны құртып тұрған аран ғой, аран», «Мойнын бұрап алу керек онда» деп қысқа күнде қырық мәрте сол жақ құлағы шулайды да жатады.

Мойын ойланайын деді. Мына жұрттың беті жаман, бір күні ішкен-жегені әшкереленіп, бастың үстінен қылмыстық іс қозғалып, жеме-жемге келгенде «мен емес, мен емес» деп олай-бұлай шайқалақтаса барлық күш бұған түсетін түрі бар. Ал, сосын көтеріп көр...

Міне, сол кезде бұл қайтпек, тұйыққа тіреліп тұрып, «саған да жоқ, маған да жоқ» деп басты идіріп жіберсе бітті, ар жағынан абақтының есігі айқара ашылды дей бер...

Мойын пұшайман халде біраз отырды да, Жұтқыншақты жұмсап жіберіп, Аран, Алқым, Қылғыма, Жемсау атты сыбайластарын шақыртып алды. Ылғи жең ұшынан жалғасып, жеп үйренгендер емес пе?! «Тағы бірдеңе келіп қалды ма?» деп дәметіп қалған болуы керек, жалпақтығының өзі бір кісі көлденең жатарлық есіктен таласа-тармаса, бірін-бірі итере-митере кіріп келді.

– Не істейміз?..

Мойынның ылғи олжа бөліске түсерде қоятын осынау сұрағы бұл жолы оларға тосын көрінді. Аран мен Алқым ауыз ашқанша Жемсау мен Қылғыма қатарынан таңырқай сұрап үлгерді:

– Нені?.. Ештеңе көрінбейді ғой?!

– Не көрінуі керек еді?!

–?..

Жұтқыншақ жыбырлап аузын ашпақшы болып еді, Алқым алды- артына қарамай қойып қалды:

– «Жоғары жақ» не дейді? Ісі түсіп ешкім келмеп пе? Келгендер пара бермеп пе?

Алқымның аңқау сұрағы Қылғыманың жынына тиді:

Сен де айтасың-ау, берсе осылай отырушы ма едік?! Көріп жүрсің ғой, Мойын көкемнің келген нәрсені жең ұшынан жалғасып, теңдей бөліп беретінін. Тек Мөкең аман болсын де...

Жарамсақтана сөйлеген Қылғыманы Жемсау да құптап үлгерді:

Рас, рас. Бәріміздін осылай жүргеніміз Мөкеңнін арқасы. Бәрін де өзім көтеріп алам деді емес пе өткенде?..

– Тоқтат!..

Сып-сып еткен сыбайластарына сыр бермей отырған Мойын осы тұста морт кетіп, үстелін қойып қалды. Әншейінде бұл бірдеңе дегенше, бірнеше рет бірлесе қостай жөнелетін өңшең мешкейлердің ойындағысын тап баса алмағанына ыза болды.

– Ей, көлденең келгенді бітеудей жұтып үйренген қомағай қоғамның сорлылары! -деді сосын. - Не ойлағандарың бар? «Жоғары жақтан» жан-жаққа бөлінген тиісті қаражатқа тиіспей тыныш отыруды қашан үйренесіңдер? Қаға берісте қарпып қалмасаңдар ішкендерің ас болмайтын күйге жеттіңдер. Маған жандарың ашыса «Жемқорлыққа қарсы күрес күшейіп тұрған тұста Мойын ұсталып қалса, абыройымыз айрандай төгіледі-ау» деп қорықпайсыңдар-ау, шіркіндер... Бар сенгендерің Бас болса, оны да өз ішінен миы шірітіп жатыр… Мен сәл қозғалсам-ақ болды, не дейтінін білесіңдер ме?… «Сенің қарамағыңдағылардың ешкімді тыңдамайтындығынан қорқам. Есігі үнемі ашық тұратын анау Араның бір күні мені аранға жығатын түрі бар. Жемсауың да жетісіп тұрған жоқ, пайдакүнем көзін қайта-қайта жылтыңдатып, «Қайда, қайда?» дейді де тұрады. Алқымға да бірдеңе бермесең, дем арасында ісініп шыға келеді. Қылғыманы қойшы, ежелден алғанды жек көрмейтін қалпымен үн-түнсіз жұта салып, міз бақпай отыра береді. Қанағаты жоқ Жұтқыншақ та жүз жыбырлап, жыныма тиіп бітті».

Міне, барған сайын еститінім осы, барған сайын еститінім осы… Одан қалса, мені жаманатты қылып, жұрт бетіне қарағысыз еткендерің ол анау…

Мойын ұзағынан сөйледі. Бәрі үнсіз… Әлі де біраз жерге бара түсетіні анық еді, бірақ, бастың өзімен бірге күтпеген жерден Қаржы полициясына шақырту алғаны жайында хабар жетті де жиналыс күтпеген жерден кілт үзілді…

Мойын сыбайластарына ойындағысын айтып үлгергенімен бәрі де кеш еді…

 

КҮШЕЙТІЛГЕН ҚҰЗЫРЕТ

 

Менің атым – Бас бармақ. Қатарымда тұрған төрт саусақтан төмендеу әрі қысқалау орналассам да, олар түгелдей маған «әміріңізге құлдық!» деп бас иіп тұруға бейіл. Сондықтан да саусақтардан саяси мәртебем жоғары болғандықтан, «Бас бармақ» деген ерекше лауазым берілген. Қарамағымдағы төртеу сырт көзге менің төбемнен қарайтындай көрінгенімен, оларды жусатып-өргізу менің құзырымда.

Айтпақшы, иә, мен иемнің оң жақ сыңар қолының бас бармағымын. Сол қолының да бас бармағы мен төрт саусағы бар екенін иемнің бала күнінен білетінмін. Бірақ, неге екенін қайдам, қарамағымдағы төртеу қарсы қолдағы «әріптестерімен» ара-тұра кездескен сайын құшақтаса көрісіп, өзара ым-жымы бір екендігін байқатып, айқаса қалғанда айтарға сөз таппай бүгежектеуіме тура келеді. Себебі, қарсы қолдағы бас бармақ та мен секілді басынан сөз асырмайтын «бастың» бірі ғой, екеуіміз бірімізге-біріміз илікпейміз-ау, илікпейміз. Қайта керісінше, саусақтар бір-біріне деген сағыныштарын жасыра алмай, жымдасып кеткенде екеуіміз бір- бірімізге төбемізді үйкелеп, берекеміз кетеді. «Оң қолдың аты оң қол» екендігін байқатып, қаншалықты сыртынан басар сыңай танытсам да, жүргізгім келген билігіме «килікпе» дегендей, кекірейе атып түрегеле береді.

Сөйтіп, сонымен іштей аңдысып жүр ем, қайбір күні қараптан-қарап құзіретім күшейіп шыға келгені. Иемнің әйелі тынышсыздау адам еді, «жағар отын таусылды» деп даусын қатайта шығарып, жағы талмай айта беретін болды. Ақыры «тамшылаған судың тасты да тесетіні белгілі» емес пе, қайсыбір күні қос қолы сау қожайын ағаш ұсақтауға шыққан.

Мен сол баяғы әдеттегі қалпыммен төрт нөкеріммен бірге жабылып, балта сабын сығымдай ұстап, қысып алғанмын. Сол-ақ екен, сол қолдағы бас бармақ та нөкерлерімен қатар қимылдап, тақтай кесіндісін алдымызға тоса берді. Ойымда ештеңе жоқ, қол астымдағы қолдың қолдауымен бар пәрменіммен балтаны көтере бердім де, көлденең тұра қалған кесіндіге сілтеп кеп жібердім.

– А… а… ай, ойбай-й, ойбай-й - деп қожайынымыз жанталаса шыңғырып балтаны тастай салып, «бармағым-ай, бармағым-айлап» отыра кеткені. Қанша дұшпан болса да, қарсыласыңның аты естілген соң, қарап жата алмайсың ғой... Мен де дереу басымды көтеріп қалғаным сол, жүрегім тас төбеме шықты: күнде менімен таласа түрегелмесе, ішкені ас болмайтын сол қолдың бас бармағы орнымен жоқ!

Бастаушысынан айрылу оңай ма, дереу қарамағымдағы төртеуді ертіп, қарсы беттің қайғысына ортақтасып қайттым. Басшысыз қалған төрт саусақ енді қанша біріксе де жұдырықтай жұмылып, төбедегіні келтіре алмайтынын айтып еңірегенде етегі жасқа толды. Мен де тіршілікте тіл табыса алмай өткен оның орнын сипап қойып, иліккен болдым. Әй, ит-ай, қанша иліксең де жаудың аты жау ғой, басқалардан бойы ұзын аты жоқ саусақ ала көзімен ата қарап:

– Оң қолдың бас бармағы болғаныңды мансап көріп, біздің басекеңмен өмір бойы айтысып өтетіндей болып жүруші едің... Ақыры тамырына балта шауып тыныш таптың ба?- дегені…

Не дейін-ай, не дейін?.. Тап осыны мен әдейілеп қасақана істегендей болдым да қалдым. Тілім күрмеліп, кірерге тесік таппай нөкерлерімді ертіп кері қайттым.

Бірақ, қожайының жазатайым жағдайға ұшырағанда, маған маза бола ма?.. Жанталасып, жедел жәрдем шақырдым да, сол қолдағы бармақ түбін залалсыздандырып, ақ дәкемен орап қолдан келгенше көмек көрсетуден босағам жоқ.

Ендігі, тіршілік белгілі: бұған дейін де жапырып жұмыс істегені шамалы сол қолға қожайыным айтарлықтай сенім артпайтын болды. Бәрін де, бәрін де оң қолдың Бас бармағымен (яғни, менімен) «ақылдасып» шешетін болады. Құзырым күшейіп шыға келді дегенім сол ғой…