Бүркеншік аты: Ди
Тұсаукесер
Біздің үйде үлкен той,
Үлкендер жүр жүгіріп.
Ал бізге бәрі қызық қой,
Қарадым біраз кідіріп.
Інімнің, менің, кішкентай,
Аяғын жіппен байлады.
Жылағанына қарамай,
Алға тәй-тәй тәйлады.
Таңда деп бірін жердегі,
Алдына қойды заттарды.
Бірі домбыра меңзеді,
Біреуі ал деп ақшаны.
Ол алды үлкен кітапты,
Қауымды барша қуантып.
Ғалым бол жұртқа атақты,
Деп берді атам батасын.
Ұнаттым мұндай салтты мен,
Алғаш рет көріп көзіммен.
Келесі жылы кестірем,
Тұсауымды өзімнің.
Бәйге
Шу-шу, атым шапқыла,
Дес бермегей алдыңа.
Бірінші боп келші деп,
Тілеймін тілек жалына.
Тектінің сенсің тұяғы,
Тектіден текті туады.
Басқадан озып келгейсің,
Тік тұрып көкке құлағың.
Әжемнің қаймағы
Қаймаққа тұрған үстелде,
Бірінші шыбын оқталды.
Жібердім қуып бір демде,
Кезексіз келген сотқарды.
Үстелде тұрған қаймаққа,
Мысық келді майысып.
Ұмтылды тілін салмаққа,
Онымен кеттім алысып.
Жүргенде қуып мысықты,
Әжем асқа шақырды.
Қаймаққа салып қасықты,
Тезірек жеуге асықтым.
Қалғанда ыдыс түбінде,
Бал қаймағы әжемнің.
Мысығым! - деп шақырдым,
Ендігі сенің кезегің!
Жаттығудың пайдасы
Мен таңертең тұрамын,
Беті-қолды жуамын.
Тісімді де тазалап,
Күн кестесін құрамын.
Жаттығуды бастаймын.
Асықпаймын, саспаймын.
Шымыр болып шынығып,
Темір үзер тастаймын!
Еңбекқор жәндік
Еңбекқор, қара құмырсқа,
Таң атпай кетті жұмысқа.
Жапырақ, шыбық жинайды,
Илеуіндегі қуысқа.
Тыным таппай жүгіреді,
Барлығына үлгереді.
Жолдастары көмек берер,
Бірлікке толы төңірегі
Жазда ойлап қыс кезін,
Бұзбайды жұмыс кестесін.
Құмырсқа кетіп барады,
Арқаға жегіп пістесін.
Жұмысшылар жанында,
Аталық жүр басында.
Жауынгерлер басқалардан,
Құтқарады асыға.
Барлығы үлкен отбасы,
Оларды сен баспашы.
Еңбек жемісін көргені,
Еңбекқорлықтың арқасы!