Бүркеншік аты: Raukash
Ауылдың ақ таңы
Біз ол кезде он жасар бала едік… Әлі есімде, ауылға кіре беріс жерде орналасқан жазғы клубтың қақ маңдайына үлкен етіп «Егеменді ел болдық еңсемізді тіктейік!» деген жазу ілінді. Ол кезде бұл сөздің мәнін онша түсіне бермедік. «Бұрын қандай ел едік, қазір қандаймыз» деген сұрақтар мазалаған жоқ. Осы клубқа кино көруге не концерт тамашалауға келген сайын, әлгі сөз көбірек көзге шалынады. Содан ба жадымда жатталып қалыпты.
Біздің ауыл қаракөл қой шаруашылығын дамытуды қолға алған аудандағы белді совхоздардың бірі еді. Әкеміз де совхоз жұмысына белсенді араласып, қызмет атқарып, жекешелендіру басталғанда өз шаруасын күйттеп кетті. Ауылымыз түрленген, гүлденген, кішкентай болса да өзімізді кішігірім қалашықта тұрып жатқандай сезінетінбіз.
Күнде кешкісін ауыл тұрғындарына арналған клубта кино жүріп жатады. Ауылдың жас-кәрісі демей, түгел сонда жүгіреді. Біз клубқа бару үшін, кеш түскеннен әкеміздің жолын күтеміз. Тамақтанып, жайланып болған соң әкемізден тықақтап тиын-тебен сұрай бастаймыз. Бізге кино көру емес, көппен бірге тығылысып клубқа кіру қызық сияқты еді… Үлкен әпкемнің үйден шыққан соң өзінің сыныбындағы жігітпен қатарласып кетіп бара жататыны, оны анама айтып келетінім қызық. Көршім әрі құрбым Айнаштың клубқа әдемі көйлек киіп баратыны, сахнадағы әртістерге есігінің алдында өсіп тұрған гүлдерді жүгіріп беретіні, әртістердің оның бетінен шөпілдетіп сүйетіні одан сайын қызық болушы еді. Ал ертесіне Айнаш екеуміз клубты жағалап, жыртылған билеттердің арасынан табылмайтынын білсек те, бүтінін іздеп жүруші едік…
Алайда, біз жақсы көретін клубқа кино сол күйі келмей кетті. Концерт те қойылмайтын болды. Клубқа дәу қара құлып салынды. Біразға дейін осылай тұрды. Тек күнде маңдайшадағы бізге таныс емес «жазуды» оқумен шектелдік. Біз кино көрсететін клубқа кіруді қатты сағынатын болдық. «Кино қашан келеді» деп күнде шешеміздің құлақ етін жейміз. Ол қайдан білсін?
Бір күні біздің сүйікті клубымыз түгелдей бұзылып бітті. Жапырайған орнын көрген біздің кәдімгідей көңіліміз құлазыды. Біз енді ешқашан бұл жерге кино көруге келмейтінімізді, енді бұл жер қаңғырған мал паналайтын жер болатынын білсек те, мойындағымыз келмеуші еді. Солай болды да… қашқан, қаңғырған малды ауыл тұрғындары ескі клубтың орнынан табатын болды. Бұл ненің салқыны? Клубымыз не үшін бұзылды? Әкем неге жұмысынан шығып қалды? Ауылға үш мезгіл келетін сары автобус неге көрінбей кетті? Біздің бұл сұрағымызға ешкім жауап берген жоқ.
Әкем үйге келіп теледидар қосқанда алдымен жаңалықтар тыңдаушы еді. Оны қызық көріп, біз де жанына қонжия қалатынбыз. Таң азаннан қара кешке дейін жұмыста жүретін әкемізді көріп, оның жанында отыру біз үшін бір мәртебе. Осы сәтті пайдаланып, біріміз дәптердегі алған бестігімізді, енді бірімізді күнделіктегі үздік бағаларымызды айтып мақтанып қаламыз. Енді бірде әкемнің киімін әкеп, аяғын-қолын уқалап, әйтеуір жағынудың амалын жасайтынбыз. Сонда әкемнің аузынан көп еститінім қайта құру, егемендік туралы болатын. Ол не, әкем ол туралы неге көп айтады деп ойлаушы едім.
Клуб маңдайындағы жазу ілінгеннен кейінгі үш-төрт жылда әкем жеке шаруамен айналысты. Егістік жеріне жоспарлап түрлі өнімдер егіп, миллиондап пайда таптым ба деген әкемнің бір күні салы суға кеткенін көріп бала жүрегім сыздап қоя берген. Дәл сол сәтте әкемнің сабан ақшасы жаңа ақша — теңгеге теңелгенін, сол себепті сан соққанын мен кейінірек түсінгенмін. Десе де, менің балаң көңілім сол бір сәттердегі өзгерісті жақсы қабылдай алған жоқ. Мен түсінбеген клуб маңдайындағы жазу жүрегімде өшпестей жазылып қалса да, мен оны сол кезде жек көріп кеткем. Сүйікті клубымыздың сүрілгеніне, әкемнің жұмыстан шыққанына, сары автобустың кешігуіне сол жазу кінәлідей көрінетін маған.
Сөйтіп, әкемнің миллион сомы түрлі-түсті теңгелерге ауысты.
Үйге жаңа ақшаны әкелген күні әкемнің жүзінен біртүрлі қуанышты сездім. Әл-Фараби, Абылай, Абай, Сүйінбай, Құрманғазы секілді таныс бейнелері бар қағаз ақшаны әкеліп, бізге көрсетті.
– Өзіміздің ақша! – деген әкем біздің қолымызға Әл-фарабидің суреті бар бір теңгеліктерді ұстатып. Біз мәз-мейрамбыз. Қолымызға тиген ақшаны алып, көшеге тұра жүгіреміз.
– Ей, Айнаш, көкем үйге жаңа ақша әкелді, — деген мен не тапсам да алдымен құрбыма барып мақтанатын әдетімді бұл жолы да ұмытпаймын.
– Қане, көрейінші! – деп Айнаш та жабыса кетеді. – Мынау кімнің суреті?
– Соны да білмейсің бе, көкем айтты бұл Әл-Фараби деген ақша, – деймін өзімше көп білетіндігімді білдіріп.
– Сонда мұның аты Әл-Фараби ма?
– Иә.
– Бұған не келеді?
– Көкем айтты бұл ақшаға енді көп нәрсе алуға болады.
Айнаш екеуміз дүкенге қарай тұра жүгіреміз. Күнде ығы-жығы адам таусылмайтын біздің ауылдың дүкеніне бұл күні қара құлып салыныпты. Айнаш екеуміз иініміз салбырап кері қайтамыз. Жаңа ақшаның еш кәдеге жарамағанына екеуміз де қапалымыз. Сытырлаған су жаңа бір теңге умаждалып, сол күйі қалтаның түбіне кетеді.
Ақшамыз теңгеге ауысқаннан кейін бір жылдан соң біздің үйде ұлан-асыр той болды. Үлкен ағам келіншек әкеліп, әке-шешемді қуанышқа бөледі. Әкем бар жиған тергенін шашып, той жасады. Шешем бақыттан басы айналды ма, той болған күні төсек тартып жатып қалды. Мұны бәрі қуанышқа деп жорыды. Үйге бір жаңа адамның қосылғаны біз үшін қызық. Кішкентайлар жаңа келіншектің артынан қалмаймыз. Жұмсай қалса, жарысып жүгіреміз. Анамның да қолы ұзарып қалды. Келін жұмсап, бір уақыт үйді қалдырып қыдырып кете беретін болды.
Дегенмен, ағамның үйге келін түсіргенін жақсыға баланғанымен, бұл уақыт елді қысып тұрған дағдарыс кезеңімен дөп келген еді. Біз ондай қиын-қыстау кезең екенін қайдан білейік? Біз түгілі әкем де болжай алған жоқ.
Сол кезде нан, ұн тапшы кез-тұғын. Нанды дүкеннен кезекпен аламыз.Күнде таңертең анам мені түрткілеп оятады. Менің міндетім – ерте барып, нанның кезегіне жазылып қою. Менен басқа ешкім бармайтынын біліп, дүкенге қарай жүгіремін. Адамдармен тартысып жүріп, нан алатыным есіме түссе жүгірісімді одан сайын үдете түсем. Бүгін бірінші болып жазыламын деген үмітімді менен де пысық біреулер сөндіріп тастайды. Әйтеуір соңы болып қайтпайтыныма қуанамын. Түс әлетінде нан таситын мәшиненің төбесі көрінгеннен дүкеннің есігі жабылады да, кезекпен шақырып, нан беріле бастайды. Тіпті кезекпен де жетпей, нансыз қайтатындарды көргенде бүгін нансыз қалай болар екен деп оларды іштей аяп кетемін. Қолымдағы бес тандыр нан мен екі бөлке біз үшін ертең түске дейін таусылатынын, сол үшін бөліп бере алмайтынымды білгенде шарасыздық танытамын.
Иә, қайта құру, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл халқына оңай соққан жоқ. Совхоз дәуіріндегі ауылға сән беріп тұратын еңселі ғимараттар біртіндеп қирай бастады. Тіпті ауылдың медпункті де жекешеленіп кете барды. Ауыл адамдары бірауық ауырса жетіп баратын медициналық ғимараттың осылайша «жаназасы» шығарылды. Екі қабатты ауыл кеңсесі адамдар тұратын үйге айналды. Есік алдында сарылдап ағып тұратын ауыз су тоқтады. Арық-атызды қуалай ағып келетін ағын судың да күні бітті. Осындай тұрпайы көріністердің бәрі біздің бала жүрегімізге жуалдыздай қадалып, санамыздағы сансыз сұрақтар көкейімізді тілгіледі…
Есейдік…Ел де еңсесін тіктеді…
Ауыл халқы үшін мемлекеттің әлемдік ұйымдарға мүше болып немесе әлемдік хал-ахуалға үн қатып жатқаны қызық емес… Олар үшін есігінің алдында сарылдап суы ағып тұрса, жүріп өтетін жолы бүтін болса, бала-шағасы барып келетін мектебі жақын болса, түтіні түзу шықса, азанда өріске айдаған қорадағы малы кешке басы бүтін оралса сол ғана маңызды сияқты…
Иә, еліміз еңсесін тіктеді… Ал біздің ауылымызға баяғы тоқтап қалған ауыз су қайта келді…