Артында екі баласы қалды: Ақтөбеде тікұшақ апатынан қаза тапқан офицер кім?

Қорғаныс министрлігі қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр.

Ведомство ресми мәлімдеме жасап, Ақтөбедегі тікұшақ апатынан қаза тапқан және зардап шеккендердің аты-жөндерін атады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан 1988 жылы туған Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы, майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапты, – делінген хабарламада.

Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы "ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар" мамандығы бойынша бітірген. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен. Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биылғы жылдың көктемінде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медальдарымен марапатталған. Үйленген, артында екі баласы қалды.

– Апатты жағдайдағы қону кезінде зардап шеккен әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі, майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы, аға лейтенант Рүстем Нығметов қазір облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты ауыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, – деп қосты ведомство баспасөз қызметі.