18 жасқа толғанда балалардың есепшотында 8-11 миллион теңгеге дейін жиналады – Асхат Аймағамбетов

Бүгін елордада өтіп жатқан «Әйелдер қанаты: Табысты жыл қорытындысы – ұлттық идеядан жаһандық ынтымаққа» форумында Қазақстан Республикасы Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов сөз сөйлеп, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының бір жылы табысты болғанын айтты.

– Әлеуметтік-мәдени даму комитеті әйелдерге қатысты маңызды мәселелерді қамтиды. Парламентте істегенімде біраз ауқымды сұрақтарды бірге қарастырғанымыздан жақсы білемін. Өңірдегі шағын идеялардың еліміз бойынша қалай шешілгенін көріп, тәнті болдық. Ұсақ-түйек проблема демей, жалпы зерттеп, республикалық деңгейге жеткізіп, көп мәселе республика  көлемінде шешіліп отыр. Бүгіннің өзінде Кичинская Юлия   Владимировна мен Әйелдер қанаты үлкен мәселе қозғап, Үкімет тарапынан өзгеріс енгізіп, заң жобасына қабылданды. Бұл – қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штатын ұлғайту, бекіту. Біреуге түкке тұрғысыз мәселе болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл мәселе бірнеше жыл бойы талқыланды. Жалпы, қорғаншылық және қамқоршылық ұйымы не істейді? Ең әуелі балалар мен олардың балалық шағын қорғауға міндетті. Бүгінде бізде патронаттықтағы, асыранды және жетім балалар өте көп. Ерлі-зайыптылардың ажырасып, әкесі не шешесінің қолында өсіп жатқан балалар қаншама?! Ал жалғызбасты аналар мен әкелердің балалары ше? Олардың тұратын мекенжайын, ортасымен тіл табысуын реттеу, осының бәрін – қорғаншылық және қамқоршылық органдары  айналысады. Мысалы, 500 мың тұрғыны бар Шымкенттің өзінде бұл ұйымның бар-жоғы 5 қана қызметкері болған. Олар оны қалай қамтиды, қаншалықты сапалы істейді деген мәселені көтерген осылар еді, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Депутат сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұсынылған «Келешек» бағдарламасының тиімділігі жайлы қозғады.

– Енді 5 жасқа толған әр балаға жинақтаушы шот ашып, қаржысын жинай алады. Оның бастапқы капиталын мемлекет береді. Оған заңнамалық тұрғыда ең үлкен пайыздық мөлшерлеме қойылады. Банктердің тарапынан шотта жиналған сомаға берілетін жыл сайынғы 5-7 пайыздық сыйақысы қосылады. Сонымен қатар  мемлекеттің балаға беретін жыл сайынғы сыйақысы бар. Сонда 18 жасқа толғанда әлгі балалар есепшотында 8-11 миллион теңгеге дейін жиналады. Бұл – айтарлықтай көмек. Не болмаса «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша былтыр заң қабылдадық. Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалардың есебіне түседі. Осының бәрі – біздің әйелдер қанаты атқарып отырған жұмыс, – дейді Аймағамбетов.