Шалғайдағы қандастар Құрылтайы

Малайзия астанасы Куала-Лумпурда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың тұңғыш құрылтайы өтті. Құрылтайға Малайзия, Корея, Сингапур елдерінде тұратын 100-ге жуық отандас қатысты.

Құрылтайдың шымылдығын ашқан елші Болат Сүгірбаев шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдени және экономикалық байланыстарды нығайту қажет­тігін атап өтті. Ол құрылтайдың маңыздылығын, оның Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақ­тастықты күшейтуге бағытталғанын түсіндірді.

«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Дани­яр Қадыров құрылтайдың басты мақсаты шетел­дегі қандастармен байланысты арттырып, бір­лікті нығайту екеніне тоқталып өтті. Ол Қоғам атынан атқарылып жатқан жұмыстарды баян­дап, еліміздің әлемдік деңгейде танылуы жо­лын­дағы мәдени бастамалардың маңызына тоқталды.

Одан кейін сөз алған Малайзиядағы қазақ диас­порасының президенті Баян Нишан шетел­дегі қандас­тармен мәдени және экономикалық ынтымақ­тас­тықты дамытудың маңызын ерекше атап өтіп, құрылтайдың ортақ мүддені көздейтін бастама екенін айтты.

Құрылтайдың мәдениетке қатысты отыры­сында қазақ тілі мен салт-дәстүрлерін шетелде сақтау мен дамыту тақырыбы кеңінен талқы­ланды. Қоғамның шетелдегі отандастармен жұмыс департаментінің басқарушы директоры Лаура Болатова қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүр­ді сақтау және болашақ ұрпаққа мұра ету бағы­тындағы Қоғам тарапынан жасалып жатқан жобаларын таныстырды. Баяндама шетелде ұлттық құндылықтарымыздың маңыздылығын арт­тыруға арналған жобаларды қамтыды.

Сондай-ақ этнограф және «Қазақтың біре­гей тағамдары» кітабының авторы Әйгерім Мұса­гажинова қазақ асханасын насихаттауға арналған жобаларын айтып өтті. Кореядан келген Әсел Маханова Q-NOMAD қауымдас­тығы­ның атынан «Дәстүрден – жаһан­дық бірлікке» тақырыбында баяндама жасап, қазақ мәдениетінің әлемдік қауымдастықта қалай таны­лып жатқаны туралы айтты.

Құрылтай барысында Малайя универси­тетінің Тілдер және лингвистика факультетінің декан орынбасары, доктор Азлин Заити Зайнал университет қабырғасында қазақ тілі курстары­ның ашылатыны туралы қуана хабарлады. Бұл курс – қазақ тілін шетелдік білім ордасында оқыту бойынша маңызды қадам және Қазақстан мен Малайзия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға үлес қосады. Доктор Азлиннің айтуынша, курс Малайя университетінде қазақ тілін үйренуге ниет білдірген студенттер мен оқытушыларға арналған. Ол курстың даму жоспары туралы ақпарат беріп, қазақ тілінің грамматикасы, лексикасы және мәдениетпен тығыз байланысты аспектілерін қамтитынын айтты. Осы бастаманың арқасында қазақ тілі мен мәдениеті шетелдік студент­тер арасында кеңінен танылып, екі ел арасындағы білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арт­тыру­ға септігін тигізеді.

Белгілі продюсер, «МурАй» продакшн негізін қалаушы Айсәуле Әбілдә ұлттық құнды­лықтар мен ұлттық бірегейлік тақырыбында терең мазмұнды баяндама жасады. Ол қазақ халқының рухани мұрасын сақтап, оны қазіргі жаһандық қоғамда танымал етудің маңызды­лығын атап өтті. Айсәуле Әбілдә ұлттық құнды­лықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу арқылы қазақтың төл мәдениеті мен бірегейлігін сақтау қажет екенін ерекше атады. Ол ұлттық бірегейлік әрбір қазақтың жүрегінде болуы тиіс деген көзқарасын білдіріп, ұлттық құндылық­тарды дәріптеудің, тіл мен салт-дәстүрлерді сақтаудың маңызын түсіндірді. Айсәуле Әбілдәнің сөзі құрылтай қатысушыларына ұлттық мәдениетті жаңғыртып, оны әлемдік қауымдас­тықта танытуға бағытталған маңызды ой-пікірлермен шабыт берді.

Құрылтай барысында қазақ мәдениеті мен руха­ниятын әлемдік қауымдастыққа таныту, экономика­лық байланыстарды нығайту және шетелдегі қазақ­тардың бірлігін арттыру мәселе­лері басты назарда болды. Осы Құрылтай қазақ халқының рухани, мәдени және экономикалық байланыстарын жаңаша деңгейге шығаруға ұмтылған маңызды қадамға ай­налды.

Мерей ІЛТИПАТҚЫЗЫ