Ауыл әйелдері кәсіпті ұршықша иіріп алып кете алады – Майра Айсина

Астанада Президент жанындағы Ұлттық әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының қолдауымен Ауыл әйелдерінің форумы өтті.

Жиынның мақсаты – ауылда тұратын әйелдердің тұрмысын түзеуге мүмкіндік беру. Кәсіп ашып, сол өңірді дамытуға үлес қосу. 12 жылдан бері өткізіліп келе жатқан форумның нәтижесі жайында Ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майра Айсина айтып берді.

– Бүгінде әйелдердің басын қосып, өткізілетін жиын көп. Ауыл әйелдерінің форумын 12 жылдан бері тұрақты өткізудің нәтижесі қандай болды?    

– Ауыл әйелдерінің проблемалары әрдайым өзекті. Оны шешу үшін әр аймақта жүйелі жұмыс іске асуы тиіс. Қазіргі қоғамда бар мүмкіндік, жаңалықтың барлығы бірдей ауыл әйелдеріне қолжетімді деп айта алмаймын. Қалада тұратын замандастарына қарағанда мүмкіндік аз. 2018 жылы әр аймақтан келген кәсіпкерлердің өз өнімін ұсынған көрме өтті. Сол көрмеден кейін форум өткізейік деген ұсыныс айтылды. Әуел баста «форумнан көп жиын жоқ» деп бас тарттым. Бірақ форум әр өңірден келген әйелдерді жинап, мәселесін талқылайтын, шешетін, болашаққа жоспар құратын алаңға айналды. 2018 жылы облыс деңгейінде, кейіннен республика деңгейінде форум өткізіп келеміз. Әйелдер ұсыныс, талап-тілегін айтып, қоғамның сұранысына қарай қайта оқып, өз кәсібін аша бастады. Сондықтан бұл бастаманы он шақты жыл бұрын Ақмола мен Алматы облысында іске асыруды қолға алдық. Осыдан кейін өзге де аймақтар  белсенді түрде атсалысты. Бүгінде 17 аймақта қыз-келіншектер кәсіп ашып, жұмыс істеп отыр.   

 

– Форумның өзге жиындардан басты артықшылығы неде?

– Әйелдерді қолдау, олардың кәсіп ашуына бағытталған бағдарламалар, қолданыстағы заң туралы тек қана айтып қою аздық етеді. Оны кәдеге жарату үшін оның іс жүзінде іске асқан нәтижесін көрсету маңызды. Сондықтан біз форумда жиынға әр аймақтан келіп қатысқан әйелдерді мінберге шығарамыз. Іс жүзінде жұмыс істеп, ауылда кедергілермен бетпе-бет келген адамның тәжірибесі өзгелердің кәдесіне жарайды. Себебі, ауылдардың проблемасы ортақ. Өзара тәжірибе алмасады.   

– Әйелдер бизнес-жоспар жазып, оны қорғап, қаржы алу тетігі бір жүйеге түсті ме?

– Бастапқыда әр аймақтан грант ұтып алу үшін жоба, жоспар ұсыну әйелдер үшін оңай болған жоқ. Оның жүйесін, нақты қандай кәсіп ашып, оны ары қарай дамыту жүйесін жинақтап, нақтылап көрсете алмай қиналды. Құжат жинаудың машақаты көп еді. Салық төлеу процесін көпшілігі түсінбейтін.  Сол үшін 12 жылдан бері оқытып, жөн сілтеп бүгінгі деңгейге жетті. Қазір әйелдерге қыр-сырын меңгеріп алса, кәсіп ашудың қиындығы жоқ. «Өсу сатылары» жобасы арқылы тегін оқытамыз. Онлайн қатысуға да мүмкіндік бар. Барлығы бірдей есеп-қисапты толық меңгеріп кетті деп айта алмаймын. Бірақ компьютерді, бизнеске қатысты онлайн порталдарды пайдалану әдісін меңгерді. Кәсіп ашып, оны дамыту үшін тәжірибе жинауы керек. Ауыл әйелдерінің форумы уақыт өте келе қиындықты бірге жеңетін алаңға айналды. Бүгінде  151 әйел 2 000-4 000 доллар аралығында грант алып отыр. Оқуды 119 мыңнан астам әйел оқып шықты. Оқу оқып, грант иеленген кәсіпкерлер 11 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл әйелдері кәсіпті ұршықша иіріп алып кете алады.  

– Грантты ұтып алған әйелдердің кәсіп ашқаны, тұрақты жұмыс істеп жатқаны қадағалана ма?    

– Расында да, біз грант береміз деген кезде кертартпа пікірілер көп айтылды. Гранттың ақшасына «ауылда той жасайды», «қымбат смартфон сатып алады», «көлік алады» деп айтатын. Біз сол үшін берген гранттың нәтижесін тұрақты түрде қадағалаймыз. Жыл сайын есеп беріп отырады. Биыл 30 грант қарастырылған. 14 грантты жеңімпаздарға табыстадық. Оның ішінде 4 грант жастарға берілді. Қалған 16 грант жеңімпазы келер жылдың қаңтар айында анықталады. Жоба Президент жанындағы Ұлттық әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының қолдауымен «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалиция» бірлестігі және «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қоры іске асырып отыр. «Өсу сатылары» жобасына The Coca-Cola Foundation қаржылай қолдау көрсетіп келеді.   

– Ауылда кәсіп ашу үшін қаржы ұйымдарынан қомақты қаражат алуға ауыл тұрғындарының мүмкіндігі жоқ. Мәселен, банктер қыш кірпіштен салынған үйлерді кепілге алмайды. Мал-мүлкін кепілге қойып, кредит алса да, пайызы жоғары несиені қайтара алмайды. Қайтарымсыз грант берудің нәтижесі бар ма?  

– Осыдан 5-6 жыл бұрын көпбалалы аналардың арыз-шағымы көп болатын. Мардымсыз жалақы, жұмыс орнының тапшылығы секілді әлеуметтік мәселелер қордаланып жинала беретін. Бұл мәселені шешу үшін ауылда кәсіп ашу, дамыту тетігін жүйелеу маңызды рөл атқарды. Қайтарымсыз гранттар беру арқылы ауыл тұрғындары кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Сәйкесінше, әлеуметтік мәселе де шешіле бастады. Аймақтарда жаңа жұмыс орындары ашылды. Кәсіп иелері жұмыссыз қалған, мардымсыз жалақыға жұмыс істейтін азаматтарға жол көрсетті. Ауыл халқының тұрмысын түзеу мәселесі қаладағы жиындарда үнемі талқыланады. Ал проблеманы шешу үшін қайтарымсыз грант, пайызы төмен несие беру қажет. Бұл бастама 2019 жылдан бастап мемлекет тарапынан қолға алынды. Ауыл тұрғындары 400 АЕК көлемінде грант ала алады. Ауыл халқының тұрмысын жақсарту үшін «Ауыл аманаты» аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріліп отыр.  Былтыр  1,5 миллиард теңге көлемінде 200-ге жуық несие берілді. Әсіресе, шалғай ауылдарды жұмыс орнын ашу өте маңызды. Ауылда жаңа жұмыс орнын ашу арқылы елдің тұрмысын жақсарта аламыз. 

– Әңгімеңізге көп рақмет!