Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Тараптар екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді.

Қазақстан Президенті мен Мажарстан премьер-министрі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.  

Қасым-Жомарт Тоқаев мажар тарапына арнайы шақыруы және көрсеткен сый-құрметі үшін ризашылығын білдіріп, қос халықтың тарихи және мәдени жақындығын атап өтті. 

– Достас әрі бауырлас Мажарстанның астанасына келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастыққа тың серпін беру, – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан-Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Келіссөз барысында сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім салаларындағы байланыстардың негізгі бағыттары талқыланды.

Виктор Орбан екіжақты қарым-қатынасты жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.

– Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады, – деді Мажарстан премьер-министрі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Астанаға сапармен келуге шақырды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.