Түркістан облысында анасы мен қызын өлтірген мұғалімнің ісін алқабилер қарайды

Алқабилер таңдалып та қойған.

Оқушы қыз бен оның анасын айуандықпен өлтірген экс-мұғалімнің соты қалай өтетіні белгілі болды. Түркістан облыстық соты іс ашық өтетінін мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Оtyrar.kz жазғандай, қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралады. 

Айта кетейік, ер адамға үш бірдей қылмыстық бап бойынша айып тағылып отыр.

"Іс материалдарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары сотталушыға  ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі  ("Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу"), ҚК-нің 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағы ("Кәмелетке толмаған адамды зорлау" ),  ҚК-нің  99-бабы 2-бөлігі 1, 3, 10, 14-тармақтары ("Екi немесе одан көп адамды өлтіру")  бойынша айып тағып, сотқа жолдаған. Сотталушының өтініш хаты бойынша іс алқабилердің қатысуымен ашық сот отырысында қаралады",  деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 12 қыркүйек күні Келес ауданында жантүршігерлік қылмыс болған еді. Маңайда тұратын ауыл тұрғыны шырт ұйқыда жатқан 46 жастағы әйел мен оның 15 жастағы қызын өлтіріп кеткен. Желіде тараған ақпарат бойынша, күдікті мұғалім болып қызмет атқарып жүріп оқушы қызға тиіскен. Мұны білген анасы педагогтің  үстінен арыз түсірген, кейін жұмыстан қуылған.