Шоқ тілді Шонаның тойы

Тараз қаласында шоқ тілді Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Шоқтығы биік Шона» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Әуелі жиналғандар Тараз қаласындағы №44 жалпы білім беретін мектептің фойесіндегі Шона Смаханұлының бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Ғылыми конференцияда модераторлық еткен ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Бауыржан Жақып сара сатириктің өмір жолдарын айта келіп, оның күрескерлік қабілеті мен педагогикалық қырына да тоқталды.

Шона Смаханұлы жастайынан тағдырдың тауқыметін аз тартпапты. Ұлы Отан соғысына қатысады. Сөйтіп, жүргенде Талас ауданына іс-сапармен барған Асқар Тоқмағанбетов жас талапты кездестіріп, оның болашағынан зор үміт күтеді. Кейіннен өзімен үндес, ойы қанаттас інісі жайында: «Шонаны таптым. Шонаны тауып шындықты тапқандай болдым. Ойың, көзқарасың, пікірің бір әрі әріптес іні табу адамды ерекше қуанышқа бөлейді екен. Шона – жарқ-жұрқ еткен алмас қылыш. Батыл қаламгер бола беруі мүмкін, ал ол – ба­тыр» деп әріптес інісінің шығармашылығы мен қайраткерлік болмысына биік баға берген екен.

Баяндамашы сондай-ақ сатирик ақынның қазақ тілін қорғаудағы ерлігін айтып өтті. Қаламгер саналы ғұмырында қазақ сатирасын дамытуға үлкен үлес қосқан. Ол қай кезде де ақиқаттың ақ туын жоғары көтеріп, өзінен кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге бола білді.

Содан соң сөз алған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шона ағасының қазақ әдебиетінде алар орны туралы толғамды ойларын жеткізді. Ал ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сатира сардарының мерейтойына арнал­ған конференция­ның тағылымдық әрі танымдық маңызы зор екенін ерекше атап өтті.

– Ұлттық әдебиет пен өнердің тойы Шона Сма­хан­ұлының 100 жылдығы құтты болсын! Мемле­кеттілік пен егемендікті нығайтуға, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерінің еңбегің Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалайды. Президент тапсырмасына сәйкес, есімі елге белгілі тұлғалардың мерейтойлары кең көлем­де аталып өтілуде. Бүгінгі шара сол маңызды бас­тама­лардың жарасымды жалғасы іспетті, – деді Мә­лік Отарбаев.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төра­ғасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын жеткізді.

ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сатириктің тойы бүкіл түркі дүниесінің тойы екенін айта келіп, ағасының қазақ тілінің жанашыры болғанын, Алматыда бірнеше қазақ мектебін ашқызғанын айтып өтті. Ал тараздық жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы Астана, Алматы қалаларындағы мектеп пен көшелердің біріне Шона Смаханұлының есімін беруді ұсынды.

Конференцияда профессор Қансейіт Әбдезұлы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті сыншы Құлбек Ергөбек, филология ғы­лы­мының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, жазушы, драматург Елен Әлімхан, филология ғы­лы­мының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш, сатириктер Ермахан Шайхы, Алпысбай Боранбаев сөйледі. 

Конференция соңы гала-концертке ұласты.