Ақмола облысының тұрғыны банкте жалған долларларды айырбастамақ болды, – деп хабарлайды Aykin.kz.
«21 жастағы ер адам Халық банкі филиалына келіп, 1 мың АҚШ долларына тең 10 жалған купюраны айырбастамақ болды. Банк қызметкерлері банкноттардың жалған екенін бірден анықтап, құқық қорғау органдарына хабарлады», – делінген хабарламада.
Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 231-бабына сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл бап жалған ақша немесе бағалы қағаздарды дайындау, сақтау, тасымалдау және айналымға енгізу бойынша жауапқа тартуды қарастырады.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сараптама тағайындалды. Сараптама банкноттардың нақты қайдан шыққанын және қаншалықты жалған екенін анықтайды», – дейді полиция өкілдері.