Абай облысының тұрғыны Ерқанат Садуханов Ники Минаждың альбомына саунд-продюсер болды

Ники Минаж — әлемдегі ең табысты рэп-орындаушылардың бірі.

Абай облысы тұрғыны, биология пәні мұғалімі Ерқанат Садуханов шетелдік танымал әнші Ники Минаждың альбомына саунд-продюсер болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Облыстық Білім басқармасы мәліметінше, Ерқанат Садуханов Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында биология пәнінен сабақ береді. Жас мұғалім өз парақшасында Ники Минаждың "Pink Friday 2" делюкс-альбомына саунд-продюсер болатынын ресми түрде жариялады.

Ерқанат Садуханов Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеген. Енді ол Ники Минаждың тыңдармандарына ерекше жаңалық дайындағанын жеткізді.

Туынды 2024 жылғы 13 желтоқсан шығады деп жоспарланған. Альбомның кеңейтілген нұсқасы 2023 жылғы түпнұсқаның бір жылдық мерейтойына арналып отыр және тыңдармандарға жаңа әндер ұсынылған.

Жас мұғалім Ерқанат Садуханов ұстаздық қызметімен қатар сүйікті ісін бірге алып жүріп, халықаралық жобаларда шығармашылық қабілетімен танылып жүр.

Ники Минаж — әлемдегі ең табысты рэп-орындаушылардың бірі. Ол көптеген марапат иегері, оның ішінде ASCAP сыйлығын «ең үздік хип-хоп орындаушысы» ретінде алған, сондай-ақ жақында Эминемді басып, әлемдегі ең көп қаралымы бар рэп-орындаушы атанды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.