Түркістан облысы Арыс қаласының әкімі қызметіне Қайсар Маңқараев тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа әкімді таныстырып, бірқатар тапсырма жүктеді.
"Бүгін қаладағы кадрлық өзгерістерге байланысты жиналып отырмыз. Арыс қаласының әкімі қызметін атқарып келген Гүлжан Мамытқызы басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Гүлжан Мамытқызы өзін білікті басшы ретінде таныта білді және қаланың дамуына өз үлесін қосты. Алғысымызды білдіреміз. Бүгін қалаға жаңа әкім тағайындалып отыр. Облыстың бағыты – өндіріс және жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту, экономиканы көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Қайсар Зәкірұлына осы бағытта белсенді жұмыс істеуді тапсырамын. Логистикалық әлеуеті жоғары Арыстың мүмкіндіктерін толық пайдаланып, өндірісі дамыған қалаға айналдыру қажет. "Таза Қазақстан" бағдарламасын жүзеге асыру, аймақты абаттандыру да маңызды", – деді Дархан Сатыбалды.
Қайсар Маңқараев 1979 жылы 9 сәуірде дүниеге келген. Білімі жоғары.
Еңбек жолын 2000 жылы бастап, Шымкент қаласында, "Береке" ЖШС-інде кассир, менеджер, экономист болып жұмыс істеген. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитеті басқармасының дәрменсіз кәсіпорындарға мониторинг бөлімінің жетекші маманы болды.
Ал 2005-2010 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі органдарында еңбек еткен.
2010-2016 жылдар аралығында "Қазақстан Республикасы Парламенті шаруашылық басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары, "Орал" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамында басшылық лауазымдарында, Орал қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс атқарды.
2016-2022 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі, Нұр-Сұлтан қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды.
2022 жылдан бері Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып қызмет атқарып келді.