Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстанда елге қайтарылған заңсыз шығарылған активтер есебінен әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Шымкент қаласындағы «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешені үшін жатақхана салуға 2,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Ғимарат 300 орынға есептелген, жобада ұлдар мен қыздарға арналған бөлек блоктар, медициналық блок, асхана, ойын бөлмелері және басқалары қарастырылған. Жатақхана барлық заманауи талаптарға сай болады.
Бүгінде «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешенінде 363 адам оқып жатыр. Жаңа ғимараттың құрылысы 120 оқушыға арналған жатақханадағы орын тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Нысан 1975 жылы салынған. Қазіргі уақытта орын тапшылығына байланысты оқу орнындағы кейбір кабинеттер балаларға арналған жатын бөлмелері ретінде қарастырылған. 67 оқушы үйде оқуға мәжбүр.
Жаңа жатақхана балалардың өмір сүруіне және олардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайды.
Бұған дейін Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Атырау облысының Жамансор ауылында мектеп салу, Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтау секілді жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын.
Жұмыс жалғасуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.