Мұрат Нұртілеу Иран және Пәкістан сыртқы істер министрімен кездесті

Қазақстан саяси ведомствосының басшысы екіжақты сауда ынтымақтастығын жандандыруға және осы бағытта нақты шараларды әзірлеуге ерекше назар аударды.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 28-ші отырысы алаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен екіжақты кездесу өткізді.

Қазақстан саяси ведомствосының басшысы екіжақты сауда ынтымақтастығын жандандыруға және осы бағытта нақты шараларды әзірлеуге ерекше назар аударды. Осы тұрғыда ол Астана мен Тегеран арасындағы экономикалық қатынастарға жаңа серпін беретін Иранға жоспарланған жоғары деңгейдегі алдағы сапарлар туралы айтты.

Өз кезегінде А.Аракчи аса жоғары және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдерді іске асыру үшін екі елдің үлкен әлеуетін толық пайдалануға дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында министрлер көлік-логистика саласындағы және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестірді».

Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің 28-ші отырысы аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрінің орынбасары және сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дармен кездесті.

Сондай-ақ кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды, бұл бағытта екіжақты Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқаратыны аталып өтті.

Қараша айында Исламабадта өткен саяси консультациялардың нәтижелерін оң бағалай отырып, сұхбаттастар әртүрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.