Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгерістерді екінші оқылымда мақұлдады. Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кәсіпкерлер үшін айыппұлдарды азайтуды ұсынды, бірақ бұл ұсынысты көпшілік қолдаған жоқ.
Әсіресе, Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин кейбір кәсіпкерлердің пайда табу мақсатында әділ қоғамның негізі болып табылатын азаматтардың денсаулығын қорғау қағидаларын елемейтінін атап өтті.
«Мемлекет өз азаматтарын адал емес бизнестен қатаң түрде қорғауға міндетті. Біз дүкен сөрелерінде бір баға көрсетіліп, кассада мүлдем басқа бағаның алынатынын жиі байқаймыз. Мерзімі өткен тауарлар немесе техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнімдер сатылады. Мұндай заң бұзушылықтар әлеуметтік осал топтарға, әсіресе зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатты әсер етеді», – деді Жаңбыршин.
Оның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі құралдарының бірі – айыппұлдар. Тәжірибе көрсеткендей, сауда ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылғаннан кейін құқық бұзушылықтар саны азайған.
«Бұл норма жұмыс істейтінін дәлелдейді. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Ұлыбритания мен Чехия сияқты дамыған елдерде тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін айыппұл көлемі жүздеген мың долларды құрайды», – деп қосты депутат.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер тек заң бұзғандарды жазалауға ғана емес, сонымен қатар адал бизнес мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Заңдарды сақтайтын кәсіпкерге алаңдауға негіз жоқ.