«Ауыл аманаты» – жемісті жоба

«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жөніндегі семинар-жиналыс өтті.

Жиынға партия­ның Қарағанды облыстық филиалы облыстық әкімдікпен, аудан әкімдіктерімен, Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасымен, «Сарыарқа» ӘККАҚ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп атқарды.

Семинар-кеңес ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету мақсатында өтті. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін түсінуге, қаржылық сауаттылығын арт­тыруға және жобаның жетістіктерін көрсетуге бағытталды.

Жиынға келгендерге Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлек­паев жобаның аймақтағы ахуалы ту­ралы айтып берді. 

 –  Бүгінде «Ауыл аманаты» өңір эко­номикасы және ауыл тұрғындары үшін елеулі көмекке айналды. Бағ­дар­ламаны іске асыру кезеңінен бастап ауыл тұрғындарының мал шаруашылығын және бизнес бастамаларын қолдауға 3,8 млрд теңге сомасына 494 микронесие берілді. Бұл 686 жаңа жұмыс орны мен 60-тан астам ауылшаруашылық кооперативін құруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығын нығайтуға және аграрлық саланы дамытуға ынталандырды.

Осы жылдың ортасында жобаны жалғастыруға қосымша 1 млрд теңге түсті. Қаражат шеңберінде 158 жұмыс орнын құрумен, 344 млн теңге сомасына 56   жеке қосалқы шаруашылығы мен 655 млн теңге сомасына 34 ауыл шаруашылығы кооперативіне несие беру жоспарланып отыр.

Қазір  Ауыл шаруашылығымен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармаларының алдына – микронесиелерді  беру үшін D және Е мәртебесі отбасыларын тарту бойынша, ал кепілдік мүлкі болмаған жағдайда тауарлық несие беру мәселесін пысықтау үшін нақты міндеттерді қойдым.

Сондай-ақ аудан әкімдеріне шағын несие алған кәсіпкерлерден ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алатын зәкірлік кооперативтерді құру және мамандандыру  тапсырылды. Болашақта біз бұл өнімдерді ірі қала құраушы кәсіпорындарына өткізуді қамтамасыз етуге шаралар қабылдаймыз.

Біздің ортақ мақсатымыз – «Ауыл аманаты» жобасының әр тетігін тиімді іске асырып, жобаға қатысушылардың маңдай тері еңбегі өніміне сұранысты ұйымдастыру және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, – деді Ермағамбет Қабдулаұлы.

Семинар-кеңес барысында  «AMANAT» партиясының  Хатшысы  Эльдар Жұмағазиев «Ауыл аманаты» жобасының басқа өңірлерде қалай жүзеге асып жатқанына тоқталды. Және де ауыл әкімдеріне осы жоба аясында бөлінген қаржыны тиімді пайдалану жөнінде ұсыныс айтты.

– 2023 жылы Қарағанды облысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3,4 млрд теңге алды. Бұл соманы 2025 жылы көбейтуге болады. Соған байланысты «AMANAT» партиясы аудан мен ауыл әкімдерімен бірлесіп скрининг сараптама жүргізді. Басты мақсатымыз 2025 жылы сақадай сай дайын болып кіруіміз керек. Ол дегеніміз – әрбір ауылдың экономикасын көтеру. Ол үшін әрбір ауылдың экономикалық бағдарламасын жазып шығуы керек. Ауыл әкімдерін оқытуымыз керек. Қазір 4 саяси реформаның пакетін қабылдадық, соған байланысты ауыл әкімдерінің барлығы сайланады. Халық алдында берген уәделері бар. Бірақ іске асыруға қолдары қысқа. Ол арнайы бағдарлама болмағандықтан. Сондықтан әрбір ауыл әкіміне бағадарлама жазып шығуына көмектесеміз, – дейді Эльдар Жұмағазиев.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Бұқар жырау ауданында 2023 жылы 566 миллионнан аса қаражатқа 74 не­сие берілсе, 2024 жылы 130 мил­лионнан аса қаражатқа 13 несие берілді. Бұл туралы Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын айтып берді.

Сонымен қатар Ерлан Құсайын осы жоба аясында бөлінген қаржы жыл басынан бастап беріле бастаса деген ұсыныс айтты. Өйткені кейбір кәсіпкердің қолына ақша уақытылы түспей, жұмысына кедергі келтіреді.

Жоба аясында Абай ауданында 2023 жылы 345 миллионнан аса қаражатқа 50 несие берілсе, 2024 жылы 34 миллионнан аса қаражатқа 2 несие берілген.

Жиынды қорытындылаған «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасы Бекзат Алтынбеков:

–  Біздің түпкілікті мақсатымыз ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін естен шығармауымыз қажет. Берілетін несие  ауылдағы ағайынның тұрақты табысқа қол жеткізуіне ықпал етуі тиіс. Бағдарламаға қатысушылар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасау маңызды деп санаймыз. 

Осыған орай қатысушыларға келесі ұсыныстарды ұсынамыз:

Аудан, ауыл әкімдері  ауыл тұрғындарының арасында ақпараттық науқанды белсенді жүргізіп, жобаның мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету үшін семинарлар мен онлайн кездесулер өткізу.

Бағдарлама арқылы кәсіп ашқан немесе жұмысқа орналасқандар туралы деректер  тексеріліп, жобаның нәтижелі жүзеге асуын қатаң бақылауға алу комиссияларын құрып,  құрамына «AMANAT» партиясының өкілдерін кіргізу.

Электрондық өтінім беруге мүмкіндік беретін платформаның жұмысын ілгерлету.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің ұлғаюына әсер ететін қайта өңдеу цехтары жобаларын қарастыру.

Экотуризм, органикалық өнімдер өндірісі, қолөнер шеберханалары, ауылдық IT орталықтары, гидропоника немесе вертикалды фермерлік, көшпелі кафе немесе фудтрак креативті идеяларын халыққа ұсыну, – деді. 

Осы жобаның арқасында өз кәсі­бін жүргізіп отырған Осакаров ауданы Озерное ауылының тұрғыны мал шаруа­шылығымен айналысып жүрген Ақиқат Қыдырқан: «Жеке шаруашылығым бар. Маған 2023 жылы 3 млн 700 мың теңге 2,5 пайызбен несие берді, оған 8 бас ірі қара сатып алдым, бүгін де ет, сүт өнімдерін өткізіп, табыс тауып отырмын», – дейді.  

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында іске асырылған табысты кейстерді көрсететін көрме ұйымдастырылып, жемісті ең­бек етіп жатқан кәсіпкерлер өз өнім­дерін жариялауға мүмкіндік алды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы