Мемлекеттік қызметтің тұғырын тіктеген

Астанада Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БАҚ өкілдерінің басын қосып, агенттікте атқарылған жұмыстар мен мекеменің алдағы жоспарларын таныстырды.

Бүгінде агенттік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыру мақсатында бюрократиялық кедергілерді төмендету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Баспасөз туры барысында агенттік төрағасы Дархан Жазықбай қатысушыларға мемлекеттік қызметшілердің қажетті дағдылары мен құзыреттерін жетілдіру үшін барлық жағдай жасалғанына тоқталып өтті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдету және кәсіби мамандарды тарту мақсатында енгізілген заңнамалық бастамаларды жүзеге асырудың тиімділігі туралы айтты.

Ол мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігін  және осыған байланысты олардың әдептілік мінез-құлықтың жоғары стандарттарын сақтауы, коммуни­кациялық дағдыларын үнемі дамытуы маңызды екеніне ерекше назар аударды.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасын ұсынғалы қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгергенін атап өтті. Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек екенін алға қойды. Бұл айт­ылған міндеттер мемлекеттік қызметшілердің рухани-адамгершілік әлеуетін жетілдіруді және адами құндылықтарға бастайтын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» идеясын олардың санасына орнықтыруды талап етеді», – деді агенттік төрағасы.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметтің гибридті моделі негізінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, персоналды бейімдеу, тұрақтандыру және ынталандыру бойынша HR-процестерді жетілдіру, сервистік және адамға бағдарлану қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған жоспарлармен бөлісті. Бұл шаралар мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында жоспарланған және агенттік оларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Сондай-ақ агенттік өкілдері мемлекеттік қызметке іріктеу және оны өткеру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту саласындағы негізгі жетістіктері туралы ақпарат ұсынды.

Баспасөз туры барысында мемлекеттік қызметке онлайн іріктеуді жүргізуге мүмкіндік беретін eQyzmet сыртқы порталының жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ аталған жүйеде мемлекеттік қызметшілердің үлкен деректер базасы шоғырланған, ал цифрлық технология­ларды қолдану берілген параметрлер бойынша (білім, дағдылар, құзыреттер және өзге де деректер) қатардағы мемлекеттік қызметшілер арасында қандай да бір лауазымға неғұрлым cәйкес келетін кандидаттарды таңдауға мүмкіндік береді.

Іс-шараға қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге арналған медиаорталық, агенттік пен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тарихи мұражайы, цифрлық коуоркинг залы, кітапхана жұмысымен танысты.

Сондай-ақ «Жаңа формация басшысы» мемлекеттік саяси қызметшілерге арналған курстарда оқудың қалай өткізілетінін көрді. Жаңа формация басшылары үшін әділдік, ашықтық, мемлекетшілдік және халыққа адал қызмет ету қағидаттарын сақтаудың маңыздылығына басымдылық беріледі. Қайта даярлау бағдарламасын іске асыру жаһандық пайымдау, стратегиялық ойлау және көшбасшылық сынды құзыреттерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар 2019 жылы Жастар жылы болғандықтан, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жастар мемлекеттік қызметке араласуы керек екенін атап өткен болатын. Соған байланысты Президенттік жастар кадрлық резервін құру керек деп тапсырған еді. Агенттік төрағасының айтуынша, бұл – мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдер енгізе алатын, заманауи ойлау дағдысы қалыптасқан дарынды жастарға арналға әлеуметтік лифт.

БАҚ және медиа өкілдері агенттік төрағасына мемлекеттік қызметті одан әрі дамытуға қатысты бірқатар сұрақ қойып, өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Сөз соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген агенттік төрағасы мекеменің алдағы жоспарларына қысқаша тоқталып өтті.

– Келер жылы енгізгелі отырған негізгі жаңалықтарымыздың бірі – мемлекеттік қызметке онлайн қабылдауды аяқтау. Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды қоғамдық талқылаудан өткізіп, Парламент қарауына енгізу. Одан кейінгі мақсатымыз – шетелдік әріптестерімізбен қарым-қатынасты жандандыру арқылы адами ресурстарды дамыту бойынша жаңа әдіс-тәсілдерді Мемлекеттік қызмет істерін басқару академиясына енгізу. Алдағы жылы осы үш бағытта жұмысымызды жалғастыратын боламыз, – деді Дархан Жазықбай.

Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын іске асыруда мемлекеттік органдардың БАҚ өкілдері және азаматтық қоғаммен сындарлы диалог құруының маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Кәмила ЕРКІН