Еліміз де «жасыл экономиканы» дамытуға ерекше екпін беруде. Міне, осындай игі жобаның бірі – Жамбыл облысы Шу ауданында жанданып, өңір экономикасына өріс қосты.
Жалпы, Шу ауданында орналасқан «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында оннан аса жоба жүзеге асырылады деп көзделген. Қазір бірнеше жоба қолға алынып, құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Енді, міне олардың қатарына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт жобасы қосылып отыр. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құраса, құрылыс жұмыстарының басы қараша айында басталған. Осылайша, бірнеше кезеңді қамтитын құрылыс 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжанса, кәсіпорынға бөлінген жер аумағы 24 гектарды құрып отыр.
Негізі, Жамбыл облысында күн, жел және су электр стансаларын салуға бар жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде инвесторларды лек-легімен тартуда.
Жалпы, еліміз бойынша бүгінде барлығы 2 525 мегават қуатты құрайтын 132 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұрса, Жамбылда қуаты 571 мегаватты құрайтын 22 нысан іске қосылған. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 175,65 мегаваттық 9 жел және 251,25 мегеваттық 6 күн электр станалары халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Нәтижесінде, Жамбыл өңірі жаңартылатын энергия көздерін өндіру бойынша республикада көш бастап тұр. Ал «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында жанданып жатқан SANY Renewable Energy компаниясының жобасы бұл бағыттағы белесімізді тағы биіктете түсетіні анық. Мұны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те баса айтып отыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен өңірде бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынып, ірі өндіріс орындары ашылуда. Соның бірі – SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт құрылысының басталуы. Бұл жоба – облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін көрсетіп, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр. Жамбыл өңірі елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында көшбасшы болып табылады. Бүгінде облыста жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жоба іске асты. Ал соңғы үш жылда Сарысу ауданында жалпы қуаты 200 мегаватты құрайтын «Жаңатас» және «Шоқпар» жел электр стансалары секілді ірі жобалар іске қосылды. Әр жоба тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына оң серпін берері сөзсіз. Бұл жетістіктер инвесторларды қолдау және аймақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған ұзақмерзімді стратегияның нәтижесі. Сонымен қатар «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жаңа жобаларға инвестициялық преференцияларына толық көлемінде қолдау көрсетіледі. Олар корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал-жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын. Жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін «Самұрық-Қазына» қорының және SANY компаниясының басшылығына алғысымды білдіремін!, – дейді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы.
Ал SANY Renewable Energy компаниясының атқарушы президенті Чжоу Фугүй болса, олар ұсынған жобаның Орталық Азияда баламасы жоқ екенін баса айтуда. Зауыт құрылысы толықтай аяқталғанда мұнда шығарылатын құрал-жабдықтарды өзге өңірлермен қатар, басқа мемлекеттерге де экспорттауға мүмкіндік тумақ.
«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов та жобаның еліміз үшін маңызы жоғары екенін айтады.
«Екі компания бірлескен жоба – Орталық Азияда алғашқы қолға алынып отырған зауыт. Мұнда 2 гегаватты құрайтын жел электр стансаларының турбиналары мен құрал-жабдықтары шығарылып, ел көлеміндегі жел электр құрылысына пайдаланылатын болады. Жоба жүзеге асырылған сәтте 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл өз кезегінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ», – дейді басқарма төрағасы.
Міне, осылайша Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба Жамбыл жерінде жанданып отыр. Бұл «жасыл экономика» бағытына жасалған ауқымды қадам екені анық. Енді оның жемісін көру уақыт еншісіндегі нәрсе.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы