Жәрмеңке – жастарға қолайлы мүмкіндік

Астанада Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Дәстүрге айналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қаладағы жұмыс іздеп жүрген түлғалар, ЖОО түлектері және елорда жастары көп келеді. Нәтижесі де жаман емес. Қаншама жас маман өзі қалаған мамандықтың иесі атанды. Тәжірибесін шыңдады. Білікті мамандардан ақыл-кеңес алып, жетістікке жеткендер де баршылық. Бұл жолғы іс-шараға 2,5-3 мыңға жуық адам қатысып, 80-нен астам мекеме жұмыс ұсынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан үшін басты басымдық жастарды қолдау және елдегі адами капи­талдың сапасын дамыту» дейді. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам»  атты Қазақстан халқына Жол­дауында Президент: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемле­кетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шара ар­қылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, жастарды жұ­мыспен қамту, олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді.

Астана қаласының «Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ, Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ және аталған университет бірлесе ұйымдастырған жәрмеңке мақсат мүд­десінен шықты десек болады. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйым­дарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.

Жәрмеңкенің ашылуында ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай, Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек ұтқырлығы орталығы» КММ директоры Олжас Омар, сондай-ақ Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев сөз сөйледі.

– Жас мамандарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру – ел сая­сатындағы ең өзекті және басым мәселе. Түлектерді одан әрі даярлаудың жұмыс берушілерімен ынтымақтастықты нығайту үшін компаниялармен, білім беру ұйымдарымен, мекемелермен, Астана қаласының Еңбек ұтқырлығы орталы­ғымен, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасымен бірлесіп біз жыл сайын «Бос орындар жәр­меңкесін» ұйымдастырамыз. Қазір ЕҰУ білім берудің үш деңгейі бойынша (бакалавриат-магистратура-докторантура) мекемелермен 1 200-ден астам кәсіптік практика өткізу туралы ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Сіздер, құр­мет­ті түлектер, университет дәстүрін жал­ғастырып, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосатындарыңызға сенеміз, – деді проректор Ардақ Бейсенбай. 

Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос орындарын ұсынып, өздеріне деген ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастыруына мол мүмкіндік туды десек болады. Ал жұмыс іздеушілер, өз кезегінде компаниялардың HR-менеджер­лерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, қыз­ық­тырған сұрақтарына жауап алды.

– Жәрмеңкеге ұлттық және жекеменшік компаниялар, мемлекеттік ұйымдар се­кілді бірқатар жұмыс беруші қатысып, жоғары оқу орны түлектеріне, студенттерге және елорда жастарына бос жұмыс орнын ұсынды. Басқарма тарапынан мұндай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылады. Себ­ебі осындай іс-шаралардың арқасында жастар өздері қалаған мекемелерге жұ­мысқа орналасып жатады. Яғни, жәр­меңкенің тиімділігі – жастар бірқатар компания өкілімен бір алаңда тілдесіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алады. Қазір жастар өте креативті, ақылды, білімді, бұған біз, әрине, қуанамыз. Елорда жастары елімізде мемлекеттік деңгейде өтетін іс-шараларға жиі қатысады. Соны­мен қатар «Астана жастары» жастар рес­урстық орталығының» қалада еріктілерді қолдау штабы құрылған. Ол жерде студенттер, жастар волонтер ретінде өз­дерінің қол­ғабысын жасап жүр. Ал әкімдіктің қолдауымен іске қосылған «Жол тап» жобасы арқылы қазіргі трендтегі маман­дықтар бойынша қысқамерзімді оқу курстарынан оқып, мамандық иесі атанып, жұмысқа орналасып жатқан жастар өте көп. Қала аумағындағы 8 жерде офис фронт-орталығы орналасқан бұл жоба жастардың өте жоғары қызығушылы­­­ғына ие болып отыр, – деді қалалық Жас­тар саясаты мәселелері басқармасының оқу орындарымен және жастар ұйымдары­мен жұмыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Айдар.

Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар жәрмеңкеде жо­ғары оқу орнын жаңа бітірген жас ма­мандар үшін өз мамандығы бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы да жұмыс табуға болатынын атап өтті. 

Жалпы, атап айтар болсақ, биыл та­мыздағы жағдайға сәйкес жастар практикасы бойынша 14,7 мың адам жұмысқа орналастырылған. Елімізде бір жылда осы бағытта барлығы 40 мың жас қазақстан­дықты жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын. Ресми ақпаратқа сәйкес, жастар практикасы бойынша жұмысқа орналас­қандардың ең көп саны Түркістан – 2,9 мың адам, Жамбыл – 1,6 мың адам, Қызылорда облыстарында – 1,1 мың адам және Шымкент қаласында – 1,2 мың адам. Жастар практикасына қатысатын әйелдердің үлесі – 63,3% не­ме­се 9,3 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі  8,6 мың адамды немесе 58,1%-ды құрайды. Жастар практикасының шартына сай алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жетілдіру мақсатында 35 жастан аспаған жұмыссыз жастар қатыса алады. Ал жастар практи­касына қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет. Жастар практикасын қаржыландыруды Еңбек мобильділігі орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ай сайынғы жалақы төлеу арқылы жүзеге асырады. Төлем екінші деңгейдегі банктер­де ашылған қатысушылардың ағымдағы (карточкалық) шоттарына ақша қаражатын аудару жолымен жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде жүргізіледі. Жоғарыда айтқанымыздай, елордада жұмыс іздеген тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бос орындар жәрмеңкесін ұймдастыру кәдімгідей дәстүрге айналған.

– Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп бірнеше жылдан бері ұйымдастырып келеді. Биыл екінші рет бірлесе ұйымдас­тырып жатырмыз. Сексеннен астам ком­пания жұмыс іздеушілерге өз ұсыныс­тарын жасап жатыр. Атап айтсақ, «Халық банк», Ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Жол тап», «Магнум» секілді басқа да компания­лар жәрмеңкеге келді. Биыл елордада жас­тарға арналған 6 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Соңғы жылдары іс-шара­ға тұрақты түрде қатысатын жұмыс берушілер саны артты, – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Сұлтан Батырханұлы. 

Сұлтан Батырханұлының айтуынша, жәрмеңкелер кезінде білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түйіндеме­лерін қабылдап, бағыт-бағдар береді.

Ал Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Кәмила Оспандиярқызы өзінің мамандығы карто­графия және геодезия саласы бойынша қайда жұмыс істеуге болатынын білу үшін жәрмеңкеге келгенін айтты. 

– Жәрмеңкеге өзім практикадан өткен компаниялар да келіпті. Мысалы,  Kaz­AeroSpace және «Самұрық Қазына» ком­панияларында өзінің картографтар мен геодезисттерге арналған мамандықтар бар. Бұл компанияларға орналасу үшін жұмыс стажы мен тәжірибенің болуы маңызды емес. Маңыздысы, ЖОО ди­пломы, талпыныс пен ізденістің болуы. Менің мамандығым бойынша көп жерлерде ұсынылатын жалақы мөлшері 200 мыңнан басталады. Тәжірибе жинағаннан кейін 300-500 мыңға дейін немесе одан да көп жалақыға жұмыс істеуге болады. Жастар үшін мұндай жәрмеңкелердің болуы елімізде қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін, қандай кәсіпорындар мен ком­пан­ия­лар бар екенін білуге көмектеседі, – деді ол. 

Сондай-ақ жәрмеңкеге өз ұсыныс­тарымен келген Feron компаниясының директоры Арман Құрманәлиев нарықта 15 жыл жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл компания энерго үнемдеуші жарық көздерімен және электр тауарларымен айналысады. Компания басшысының айтуынша, олар өз маркаларымен Қы­тайдың ең жақсы зауыттарынан келісім­шарт негізінде өнім шығарады.

– Әлемге әйгілі компаниялар секілді біздің де инженерлеріміз өздері жобаларын жасап, Қытай зауыттарынан өнімімізді шығарамыз. Қазір біздің ассортиментте 8 мыңнан аса тауар түрі бар. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина қатарлы бүкіл ТМД елдеріне тауар сатамыз. Қазіргі «жарық»  компанияларының ішіндегі ең үл­кен компаниялардың біріміз. Жәрмең­кеге келген себебіміз сауда-саттық және маркетинг бөліміне маман іздеп жатырмыз. Бірақ компаниямыздың барлық саласына вакансия ашық, мамандар қажет. Бүгінде, шынымды айтсам, жастар жұмыс істегісі келмей ме, білмеймін, компаниямыздағы қойманың өзіне 350-400 мыңға жұмысшы таба алмай жатырмыз. Сондықтан бірінші «жанып тұрған» сауда-саттық және маркетинг бөлімдеріне адам қажет. Бізде нақты мынадай деген талаптар жоқ, істеймін деген адам болса, оларға жол ашық, тіпті диплом да талап етпейміз. Себебі біздің компанияда 15 жылдан бері 2 мыңдай адам жұмыс істеді, диплом сұраған емеспіз. Өйткені елімізде 90 пайыз адам дипломмен жұмыс істемейтіні құпия емес, көбіне жастар нақты тәжірибе жинақтағаннан кейін маған ұнайтын сала осы екен ғой деп «есін жиып» жа­та­ды. Сон­дықтан диплом маңызды емес. Жас мамандарды жұмысқа тартсақ қалай болады деген оймен жәрмеңкеге келдік, ішінен іріктеп аламыз, – деді Арман Құрманәлиев. 

Көріп отырғанымыздай, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастарға тек мамандықтары бойынша ақпарат беріп қана қоймай, елімізде қандай компания­лар, кәсіпорындар бар, олар қандай бағытта жұмыс атқарып жатыр, нарық­тағы орны қандай, қандай мүмкіндіктерге ие деген секілді көптеген сұраққа жауап береді. Сонымен қатар жәрмеңкеге кел­ген компания қызметкерлері де өз­деріне қа­жетті мамандардың мүмкіндігі мен сұранысын, қызығушылығын білуге, басқа да бәсекелес кәсіпорындардың тәжіри­бесінен үйренуге мүмкіндік ала­ды. Жәр­меңкеге келген Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Әмина Қадырғалиқызы да өзін қызықтырған көптеген сұраққа жауап алғанын айтты.

– Мен мұнда көптеген қызықты және жаңа жұмыс орнына  ұсыныстар табамын деп ойлаймын. Мемлекет пен оқу орнының болашақ мамандарды жұ­мыс­қа орналас­тыруға көп көңіл бөліп, кәсіби талпыныс­тарымызға қолдау көрсетіп жатқанына қуаныштымын, – деді ол.

«Жастар  біздің болашағымыз», «Елі­міздің кемел келешегі жастардың қолында» деп жиі айтамыз. Сондықтан оларды қолдаудың, бағыт-бағдар берудің маңызы зор. Ал «адам капиталы», «са­палы маман», «білікті кадр» туралы айтқанда алдымен жастардың білімді және прогрессивті болғаны керек. Ен­де­ше мамандықтар жәрмеңкесі жай ғана көптеген іс-шараның бірі болып қана қоймай, жұмыс іздегендер үшін лайықты жұмыс табудың жақсы мүмкіндігіне айналуға тиіс. Мұнда таңдау мен талғам да сынға түссе құба-құп дейміз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ